Пияздың мәселесі қазақстандық шаруаларды жылатты – сарапшы

Әлеуметтік желіде қап-қап пияздың далаға төгіліп жатқаны туралы видео толып жүр. Фермерлер мұны Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері ұстанған саясаттың «жемісі» деп отыр. Өйткені, артылған өнімді экспорттау шекарада алдан шығатын тосқауылдардың кесірінен мүмкін болмаған, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ©Couleur / pixabay.com

130 мың тонна пияз босқа шіруі мүмкін

Пияз еккен фермерлердің жанайқайын Ауыл шаруашылығы министрлігі де жоққа шығарып отырған жоқ. Ведомствоның 3 сәуірдегі мәліметі бойынша, фермерлердің қолында өтпей қалған 130 мың тонна пияз бар көрінеді. Енді оның үстіне Тәжікстаннан ерте піскен пияз келіп қосылмақ. Бұлай сенімді сөйлеп отырғанымыз, бір апта бұрын Душанбе Ресей мен Қазақстанға ерте піскен пияз экспортын бастайтынын мәлім еткен.

Министрліктегілер қалыпты кезеңдерде Қазақстан фермерлері жыл сайын экспортқа 200 мың тоннадан астам пияз шығара алатынын айтады. Соған қарамастан, 2022 жылдың күзі мен 2023 жылдың жазы аралығында пияздың бір келісі 245 теңгеге дейін жеткен болатын. Мұны шенеуніктер Орталық Азияда қыстың аязды болуымен, Пәкістандағы табиғи апатпен байланыстырған.

Пияз бағасының аспандап кеткенін көрген диқандар пияз алқабын кеңейтіп, табысқа кенелгісі келді. Ол еңбектері еш кетпей, жақсы өнім алды да. Бірақ бұлардың қуанышын Ауыл шаруашылығы министрлігінің пияз экспортына қойған үш айлық шектеуі су сепкендей басты. Ведомство басшылары бұл шешімдерін өткен жылғы тапшылықтан алған сабақ ретінде сипаттауға тырысып жатыр.

«Жоғарғы сұранысқа байланысты Қазақстан 2023 жылы пияз экспорты бойынша үш айлық шектеулер енгізуге мәжбүр болды. 2022/2023 жылдардағы маусымда қалыптасқан пияздың жоғарғы сұранысын ескере отырып, көптеген ел егіс алаңын едәуір кеңейтті, бұл осы маусымда әлемдік нарықта ұсыныстың ұлғаюына және бағаның төмендеуіне алып келді. Салдарынан сыртқы нарықтардан қазақстандық пиязға сұраныс төмендеп, қордың едәуір көлемі жинақталып қалды», – делінген министрліктің ресми сайтында жарияланған мәліметте.

«Онымен қоймай, пияз өндірушілер алқапты кеңейтпей тұрып өнімін сатып алушылармен алдын ала келісімшарт жасамаған» дегенге саятын уәжді алға тартып отыр.

«Наурыз айының басынан бастап, пияз қорының иелерінде оны ішкі және сыртқы нарықтарда өткізу бойынша қатаң келісімшарттар жоқ екені анықталғаннан кейін, АШМ өңірлердің әкімдіктерімен және ӘКК-мен бірлесіп ішкі нарықты толықтыру үшін пияз жеткізуді пысықтады. Сондай-ақ, Сауда және интеграция министрлігі «QazTrade» АҚ-мен бірлесіп Әзербайжан, Грузия, Сербия, Чехия, Тәжікстан және Ауғанстанға 23 мың тонна пияз жеткізу үшін келісімшарт жасасу және жөнелту бағытында жұмыстар жүргізді», – деп жазады министрліктегілер.

Фермерлердің қоймаларында 130 мың тонна сатылмаған өнім қалып қойған. Оның 114 мың тоннасы Жамбыл облысының, 16 мың тоннасы Алматы облысының шаруаларына тиесілі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, қазақстандық пияздың экспортына Көлік министрлігінің реттеу құжаттары да кедергі болған.

«Маусымның қызған шағында экспорттаушылар «рұқсат» деп аталатын кіру карталарын ала алмады. Өз көлігі бар фермерлер мен саудагерлер тек зауыттар мен ресми дистрибьюторлар беретін «көліктегі экологиялық қауіпсіздік класын» растауы керек болды. Бұл талаптар биыл ақпан айында ғана алынып тасталды. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі және Көлік министрлігі пияз экспорттаушылар үшін барлық рұқсат беру рәсімдерін жеделдетілген түрде қамтамасыз етеді», – деп жазылған АШМ ресми сайтында.

Ресей демпингінің салдары 

«Шаңырақ» ұлттық агро-қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбай Тәжікстаннан келетін пияз нарыққа сондай бір әсер етпейтінін айтады. Өйткені, өз шаруаларымыздың пиязы қазірдің өзінде шіріп үлгерген. Күн жылынған сайын өнімді бүлдірмей сақтаудың шығындары артып жатыр. Оның үстіне, “Тәжікстаннан тың өнім келді” деп бағаны түсіре қоятын делдал жоқ.

«Иә, Тәжікстаннан арзан пияз кіреді. Бірақ одан сөрелерде баға түспейді. Министрлік айтып отырған 130 мың тонна пияздың бір килограмын шаруалар 15 теңгеден өткізе алмай отыр. Кесірінен маңдай термен алынған өнім, қоймаларда шіріп, далаға төгіліп жатыр. Өзімізде пияз артылып жатқан кезде Тәжікстаннан жаңа піскен өнім келсе де, халықтың қалтасына ешқандай жеңілдік әкелмейді. Өйткені, гипермаркеттер мен супермаркеттердің сөресін ешкім қадағаламайды, асыра қосқан пайдасын есептемейді. Сондықтан алты ай бойы пияз күтіп тер төккен фермер емес, дайын өнімді 6 күннің ішінде алып-сатқан делдалдар пайдаға кенеледі. Қысқасы, пияз арзандайды деп күтудің қажеті жоқ», – дейді сарапшы.

Оның пайымдауынша, жағдайдың бұлай құбылуына мемлекеттен пияз өндірушілерге қойылған тосқауылдар ықпал еткен.

«Өкінішке қарай, біздің Үкіметте протекционизм саясаты жоқ. Нарықтағы талаптар шаруалардың аяғын тұсап тұр. Ондай талаптарды ортадағы делдалдар ғана орындай алады. Сондықтан алыпсатарлардың жұмысы ғана жүреді де, шаруалар табыстан тыс қалады. Оның соңы қарызға батумен аяқталады. Елдегі пияз өндірушілердің 1 пайызы ғана өнімін сақтандыратын шығар. Оған сақтандыру механизмдерін дұрыс жолға қоймаған мемлекет кінәлі. Сақтандыру компаниялары да пияз сияқты өнімдерді сақтандыруға құлықсыз. Өйткені, сақтандыру нарығының ойыншылары нарықта не болып жатқанын көріп отыр. Тәуекелі көп жерден өздерін аулақ ұстайды. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің үлкен стратегиялық қателігі. Оның үстіне, сақтандыру нарығын жалғыз монополиске беріп қойған. Сол компания арқылы ғана сақтандыруға болады. Ал шарттары өте қиын. Бұл кеткен кемшілік жақында түзеле қоймайды», – деп кейиді Алмасбек Садырбаев.

Сарапшы агросаясат пен сауда саясатындағы олқылықтар азық-түлік қауіпсіздігіне орасан зиян, қауіп келтіріп тұрғанын айтады.

«Қазір ол қауіпті сезбейміз. Өйткені, Ресейдің демпингі үстемдік құрып тұр. Санкциялар құрсауындағы көршіміз артылған өнімнің бәрін Қазақстан нарығына төгіп жатыр. Ертең соғыс біткеннен кейін Ресей өнімін өзге нарықтарға әкетеді. Мәселе сол кезде басталады. Өйткені, Ресей демпингі өзіміздің өндірушілерді «қырып» тастады. Сол кезде Ресейдің өнімін алтынның бағасымен сатып аламыз. Азық-түлік қауіпсіздігі деген өте ұрымтал мәселе, бірақ онымен нақты айналысып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, есі дұрыс елдердегідей Азық-түлік қауіпсіздігінің доктринасы да жоқ», – дейді ол.

Сауда және интеграция министрлігіндегілер өзімізде 130 мың тонна өнімнің артылып жатқанына, оның үстіне Тәжікстан импорты келетініне қарамастан, нарықты үнемі пиязбен қамтамасыз етіп тұру мәселесі қиын екенін айтады.

«Қыс бойы қоймада сақталған пияз сәуір айында өне бастайды. Ал тоңазытқышы бар қоймалардағы пиязды мамыр айына дейін сақтауға болады. Бірақ ол да нарықты толығымен қамтамасыз етпейді. Тіпті, сауда сөресінде тез өне бастайды. Күн жылынған сайын пиязды қоймада сақтау қымбаттай түседі. Ерте піскен пияздың бағасы төмен бола бермейді. Мысалы, бүгінде Өзбекстанда ерте піскен пияздың бір тоннасының бағасы – 400 доллар. Бұл пияз Астана қаласына жеткенше кедендік рәсімдеуден өтіп, кедендік баж бен қосымша құн салығы төленуі тиіс, оған логистикалық шығындар қосылады. Сәуір айының 25 жұлдызынан кейін ерте пісетін пияздың бағасы тұрақтанады. Бірақ пісетін пияз да ұзақ сақтала алмайды және тез бұзылады», – делінген министрліктің редакция сауалына жолдаған жауабында.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы