Өз елімізде өз помидорымызды өткізе алмаймыз – Фермер мұңы
Бұған әлемдік нарықтағы жағдай мен ішкі проблемалар әсер еткен. Мәселен, электр қуаты мен тыңайтқыш қымбат, ал субсидия мөлшері аз. Салдарынан өңірдегі көкөніс өндірушілер Өзбекстан мен Түркіменстаннан келетін арзан өнімдерге бәсекелес бола алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Осыдан тура 1,5 ай бұрын сарыағаштық диқандар жылыжайда піскен қызанақтарын өткізе алмай отырғандарын айтып, дабыл қаққан болатын. Ол кезде жергілікті базарларды Ташкент пен Түркіменстаннан келген арзан өнімдер жауланған еді. Ал отандық өнім жылыжайларда тау болып үйліп жатты.
Нұғман Әбілдашев, диқан:
– Негізгі себебі Түрікменстанның помидоры өте көп. Біз өзіміздің елімізде өз помидорымызды сата алмаймыз. Осыған Үкімет тарапынан бола ма, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бола ма, жылыжайларға көмек көрсетілсе. 3 жыл болды осы мәселені біз қайта-қайта қозғап жүрміз. Бірақ шешімін әлі таппай жатыр.
Нұрберген Қойлыбаев, жылыжай иесі:
– Қияр өз-өзін ақтау мәселесі өте қиын болып жатыр. Өйткені шеттен келетін Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан болсын елдерден келетін жеміс-жидек өте арзан, екі есе арзан болып келіп жатыр. Біздегі бағамен конкурент болу қиын.
Тіпті енді өңірдегі жылыжайлар жабылып қалуы мүмкін. Себебі жылыжайға кететін шығын көп. Табыс аз. «Отандық өнімді өндіргеннен шеттен келетін дайын көкөністі сатып алған тиімді», – дейді шаруалар.
Өйткені біздегі қатты отын мен электр энергиясының құны тым қымбат. Біздегі тариф құнымен көрші елдерден келетін тауарларға бәсекелес болуы қиын.
«Тыңайтқышты сатып алу мүмкін емес. Ал субсидия мардымсыз, онда да қолы жеткендер алады», – дейді диқандар. Сол үшін мемлекеттен қолдау күтеді.
Мырзахмет Сынабаев, Түркістан жылыжай қауымдастығының төрағасы:
– Шаруалардың да жаңағы арыз-талабы орынды. Өйткені осы өндіріп жатқан өнімнің өзі 120-130 млрд теңгенің айналасында. Соның 10% субсидиялап берсе жетеді. Көгілдір отынымыз бізде 1 куб/м 37 мың теңге. Ал Түрікменстанда ол 45 теңге болады жәй әшейін. Сонымен бұл бәсекелестікке тұра алмай жатыр.
Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылғы министрі Қарашөкеев жылыжай иелерінің жыларман күйімен танысты. Шығынға шаш-етектен батқан шаруалардың жанайқайынан кейін арнайы жұмыс тобы құрылатынын жеткізді. Оған шаруаларды да қосатынын айтты.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Ауыл шаруашылығы министрлігінің деңгейінде құрып жатырмыз. Сол жұмысшы топқа жергілікті әкімшіліктің өкілдері сосын жылыжайлардың ішінен ортаншасы бар ірі жылыжайлар бар, кішкене жылыжайлар бар солардың өкілдері кіріп осы жұмысшы топтың жұмысын ендігі аптадан бастап кетеміз.
Жұмыс тобының құрамына өзгеде министрлік өкілдері де енбек. Нәтижесінде жылыжайлардағы жұрттың жанайқайы жан-жақты зерттеліп, Үкіметке арнайы ұсыныс әзірленбек. Ал диқандар жаңа Қазақстанның «еститін үкіметінен» үміт күтеді.