Өнімділікті арттыру: меже мен міндет
Қазақстандық өнімдер табиғи, органикалық әрі экологиялық таза. Өндірісті арттыру үшін кәдеге жаратылмай жүрген жерлерді қайтару, суармалы жердің алқабын ұлғайту көзделіп отыр.
Басымдық санға емес, сапаға беріледі
Бүгінде табиғи өнімдер көпшіліктің сұранысына ие. Қалың көпшілік органикалық азық-түлікті тұтынуға тырысады. Нарықтың сұранысын отандық тауар өндірушілер мықтап қаперге алған. Кәсіпкерлердің бірі тұтынушыларды handmade арқылы тәнті етуді ұйғарған. «Alay food» ЖШС жартылай дайын өнімдерді нарыққа ұсынады. Тұшпара мен мантының түр-түрі, котлеттер қолмен дайындалады. Олардың дәмі үйде жайылған дастархандағы өнімдерден еш кем түспейтін көрінеді. Сондықтан тұрақты тұтынушылар легі қалыптасып, тапсырыстар да түгесілмейді.
– Біз премиум, люкс санатына жататын жартылай дайын өнімдерді сатамыз. Бұл ретте сұрыпталған мәрмәр ет қолданылады. Біз шет мемлекеттерден әріптестер табуға үміттенеміз. Оның ішінде Ресейді, Қытайды қарастырып отырмыз, – деп қолға алған кәсібінің тыныс-тіршілігіне «Alay food» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Айнұр Әмірхан кеңінен тоқталды.
Нәзік жан қол жеткен жетістіктерімен тоқмейілсімейді. Келешекке ауқымды міндеттер айқындап отыр. Кәсіпкер компанияны франшиза арқылы кеңейтуге бекінген. Алғашқы нәтижелер де жоқ емес. «Alay food» франшизасы Ресейдің Екатеринбург қаласына және АҚШ-тың Майами қаласына сатылған. Енді нәзік жан басқа елдер де қазақстандық өнімге қызығушылық танытады деп үміттенеді. «Біздің қазақстандық ет өнімдері, жартылай дайын өнімдер әлем бойынша бестікке енуі тиіс. Себебі біздің өнімдер – органикалық, экологиялық таза», – деп өзінің ойын «Alay food» ЖШС директоры Айнұр Әмірхан түйіндеді.
Ауыл шаруашылығына қызығушылық жоғары
Бүгінде сүйікті ермегін тұрақты кәсіп- ке айналдырған тұрғындардың қатары қалың. Олардың бірі өз күнімен және қаржысымен қолға алған шаруаны дөңгелетсе, бірі мемлекеттік қолдауға иек артады. Мәселен, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2017 жылдан бастап биылғы 9 айдың ішінде 23 мыңнан астам жоба өмірге жолдама алған. Оның ішінде 71 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Өзге 29 пайызы сервистік қызмет көрсету бағытындағы жобалар болып табылады. «Бастау Бизнес» жобасының түлектері арасында сүтті мал шаруашылығына және етті ата кәсіпті дамытуға бет бұрғандардың қатары қалың. Ойсыл қара мен Қамбар ата түлігін көбейту, құс өсіру, жылыжай салу да сұранысқа ие екендігі байқалады.
– Көптеген өндірістер шикізатпен қамтамасыз етілмей отыр. Біріне ет, екіншілеріне сүт жетпейді. Енді «Бастау» түлектерін өндірістік-өткізу түйіндеріне тартып, олар ірі өңдеу кәсіпорындарына шикізат ұсынып отыр. Келесі жылы кооперация және агрокомпетенция орталықтарын құрып, бұл жұмысты жетілдіреміз, – деп атап өтті ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіп- керлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.
Биыл 75 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда шамамен 45 мың адам бизнесті жүргізудің қыр-сырына үңілген.
Шағын несие қаншалықты тиімді?
Ауылдық елді мекендердегі және шағын қалалардағы бизнес-жобаларға мемлекеттік қолдау қарастырылған. Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ел қазынасынан 12 мың шағын несиеге 44,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен бірге шілде айында Ұлттық қордан қосымша 20 млрд теңге үлестірілді. Бұл қаржы 5 мың шағын несие беруге бағытталмақ.
– Барлығы биыл 17 мың шағын несие беруге 64,7 млрд теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың 21 қазандағы жағдайына қарасақ республика бойынша бөлінген қаражаттың 62% игеріліп, 10 435 шағын несие берілді, – деп атап өтті еліміздің бас аграрийі Сапархан Омаров.
Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі бойынша көпшіліктің таңдауы ата кәсіпке түскенін паш етеді. Мал шаруашылығы бойынша 8 мыңнан астам жоба құпталып, оларға жалпы 31 млрд теңге көлемінде шағын несие берілген. Нәпақасын егіншіліктен табуды ұйғарғандар да бар. Өсімдік шаруашылығы бойынша 245 жоба назар- ға түскен. Бұл бағытта 1,4 млрд теңге көлемінде шағын несие үлестірілді. Олардың арасында стартап, зәкірлік кооперациялардың, «Бастау Бизнес» түлектерінің жобалары бар.
– Бұл ретте 65,5 мың бас ірі қара мал, 125,9 мың бас ұсақ мал, 23,6 мың бас жылқы, 116 ауыл шаруашылығы техника, 145 құрал-жабдық сатып алынды. Ағымдағы үрдісті сақтай отыра, биылғы жылдың соңына дейін 105 мың бас ірі қара мал, 203,2 мың бас ұсақ мал, 38,1 мың бас жылқы, 187 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы және 233 бірлік түрлі құрал-жаб- дықтар сатып алынады деп күтілуде, – деп мәселенің мәнісіне Сапархан Кесікбайұлы тоқталды.
Атқамінерлер мемлекеттік қолдаудың бұл түрі арқылы жылда мал шаруашығында 9,2 мың, өсімдік шаруашылығында 297 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Жерді тиімді пайдалану қажет
Елімізде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіруге мүмкіндік бар. Ел президенті суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды тапсырды. Бүгінде елімізде 1 миллион 400 мың гектар суармалы жер бар. Атқамінерлер оның аумағын ұлғайтуға мүдделі. Жоспар бойынша 2021 жылға қарай қосымша 600 мыңнан астам гектар суармалы жер қолданысқа тапсырылмақ. Бұл бағытта ирригациялық желілерді салу үшін әлеуетті инвесторларды анықтау жұмыстары қолға алынған. Қыл аяғы келешекте ирригациялық құрылғылар үшін сыртқы нарыққа қол жаюдың қажеттігі артта қалмақ. Оларды елімізде шығару қарастырылып отыр.
– Қазір американдық компаниямен әзірге Павлодар облысында шамаланған ирригациялық құрылғыларды шығару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз Қазақстанның өзінде ирригациялық құрылғыларды шығару біздің тауар өндірушілерге осы жабдықты төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз, – деп суармалы егіншліктің ахуалын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі бағамдады.
Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік қызметке тарту жұмыстары қолға алынған. Қолданыстағы барлық заңнамалар жан- жақты сүзгіден өткізілді. Кейбіріне өзгерістер енгізу жоспарланған. Сонымен бірге атқамінерлер ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салық мөлшерін кезең-кезеңмен ұлғайтуды қарастырып отыр. Егер Жол картасында тізілген шаралар құпталса, онда пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мерзімі қысқартылуы ықтимал.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 11.11.2019 ж. №20 (214) жарияланды.