Маңғыстауға Ақтөбе облысынан жем-шөп жеткізіледі
Құрғақшылық салдарынан малдары қырылып жатқан Маңғыстау өңіріне Ақтөбе облысынан жем-шөп жеткізіледі. Бұл туралы ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында ауа райының жауын-шашынсыз болуына байланысты құрғақшылық орын алып отыр. Осыған орай министрлік тарапынан арнаулы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы 26-30 мамыр аралығында Маңғыстау облысының барлық аудандарын аралып, қалыптасқан жағдаймен танысып шықты. Осы айда министрлік тарапынан да, Үкімет тарапынан да жедел іс-шаралар қабылдау мақсатында әкімшілік деңгейде арнаулы штаб құрылды. Штабтың негізгі мақсаты – мал өлімі және мал азығы нарығында алыпсатарлық орын алмауы үшін жем-шөп жеткізу», – деді ол.
Еркебұлан Ахметовтің сөзіне қарағанда, штаб өткен аптада Ақтөбе облысында болып, келіссөз жүргізді. Келіссөз нәтижесінде Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары әкімдіктері арасында меморандум жасалды. Меморандум аясында Қобда, Байғанин, Темір аудандарында шөп шабатын шабындықтар анықталды. Сол жерлерден маңғыстаулық фермерлердің малына шөп жеткізу ұйымдастырылады.
«Сонымен қатар былтырғы жылдан қалған 10 мың тонна жоңышқаны жеткізу мәселесі пысықталды. Мұнан бөлек, ақтөбелік шаруалардың жем-шөпті тасымалдау жайы қарастырылды. Қазірі «Каспий» ӘКК арқылы 204 млн теңге қаражат бөлінді. Қаражат аталған жем-шөпті сатып алу және тасымалдау шығындарын жабуға жұмсалады. Оның ішінде 54 млн теңгеге 630 тонна арпа «Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан» бөлінеді. Қазір сатып алу рәсімделіп жатыр. Келесі аптаға дейін арпаны темір жолмен жеткізу мәселесі шешіледі», – деді департамент директоры.
Оның атап өтуінше, Маңғыстау облысында 536 бас жылқы өлген. Ветеринарлық органдардың өкілдері өлекселерді көму жұмыстарын ұйымдастырды. Жылқы өлім-жітімі негізінен Түпқараған, Маңғыстау аудандарында тіркеліп отыр.
«Бүгінгі нақты мақсат – мал өліміне жол бермеу. Ол үшін жем-шөпті тезірек жеткізу керек. Маңғыстау облысында орташа температура +35, +40 градус болып тұр. Келген шығынды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ол.