Қызылордада 17,9 мың гектар жерде саяқ шегірткенің таралуы экономикалық залал шегінен асты
Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғау мақсатында саяқ шегірткеге қарсы фитосанитариялық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Kazinform.

Өңірлік коммуникация қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, тұрақты мониторингтік зерттеу нәтижесінде жалпы 17,9 мың гектар аумақта саяқ шегірткелердің таралуы экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталды.
— Анықталған ошақтарға қарсы жедел іс-шаралар қабылданып, қазіргі уақытта 11,2 мың гектар жер химиялық өңдеуден өткізіліп жатыр. Бұл жұмысқа арнайы жерүсті агрегаттары мен аса жеңіл әуе техникасы — дельтапландар тартылған. Өңдеу барысында елімізде қолдануға рұқсат етілген «Гунсяо» 10% к. э. және «Тиаметрин» с. к. препараттары пайдаланылады. Аталған препараттар зиянкестердің таралуын шектеуге және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғауға бағытталған, — делінген хабарламада.
Жауапты мекемелер егін зиянкесіне қарсы мониторингті күшейтті. Осылайша анықталған ошақтарды дер кезінде өңдейді.
Облыста сондай-ақ Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысын тұрақты түрде жүргізіп келеді.













