ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халық алдында есеп берді
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халықпен жыл сайынғы есеп беру кездесуін өткізіп, министрліктің 2019 жылғы жұмыс қорытындыларын баяндады. Бұл туралы «АгроИнфо» АА ҚР АШМ баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Карантин режиміне байланысты есеп ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің сайтында онлайн түрінде өтті.
Министр өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,2 трлн теңгені құрағанын айтты.
«Мал өсірушілерге несие және қосымша субсидия беру өз нәтижесін көрсетті. Ауыл шаруашылығы жануарлар санының: ірі қара және ұсақ мал – 2,7%, жылқы – 11,5%, шошқа – 2,5%, құс – 1,6%-ға өсу динамикасы байқалады», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.
2019 жылы республиканың аграрлық саласына 0,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 41%-ға артық. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 14%-ға ұлғайып, бір қызметкерге 2,4 млн теңгені құрады.
Өндірістің ұлғаюы ауылшаруашылық өнімдері экспортының әлеуетіне оң әсер етіп, 3,3 млрд АҚШ долларын құрады.
Сапархан Омаровтың айтуынша, өткен жылы отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 72 еліне экспортталған.
Сапархан Омаров коронавирус пандемиясы ауыл шаруашылығының дамуына тікелей әсер етпесе де, Ауыл шаруашылығы министрлігің импортты алмастыру жоспарларын қайта қарауға мәжбүр еткенін айтты.
«Короновирустық пандемиямен күрес кезеңінде көптеген елдер аграрлық секторын дамытуда және импортты алмастыруда жоспарларын өзгертті. Сондықтан биыл Қазақстан мал шаруашылығының дамуына жағдай жасау үшін қосымша шаралар қабылдайтын болады», – деді С.Омаров.
Сапархан Омаров «ҚазАгро» Холдингі 100 мың бас ірі қара мен 300 мың бас ұсақ мал сатып алуды қаржыландыруды жоспарлап отырғанын айтты.
Сондай-ақ, карантин кезеңінде елімізде ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныстың артуын ескере отырып, егін егуге дайындық кезінде ауылшаруашылық дақылдарының алаңы 237,7 мың гектарға ұлғайтылып, 22,5 млн гектарға жеткізілді. Бұл астық пен бұршақ дақылдарының жалпы түсімінің 18,5 млн тоннаға (+ 9%), майлы дақылдардың 2,8 млн тоннаға (+ 12%), жемшөп 33 млн тоннаға (+ 1,5%), көкөніс пен бақша дақылдарының 7 млн тоннаға (+ 4,5%). дейін өсуін қамтамасыз етеді.
«Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданды, ал қазір егіс маусымы аяқталуға жақын», – деді министр.
Есеп беруден кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы «Хабар 24» телеарнасында тікелей эфирде көрсетілген БАҚ-қа арналған брифингке қатысты. ҚР АШМ басшысы қойылған барлық сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың көбі, ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау шараларына қатысты болды.