Қазақстанда тамақ өнімдерінің өндірісі артты
Қазақстанда 7 айда тамақ өнімдері өндірісінің көлемі 4,1 пайызға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның атап өтуінше, 7 айда тамақ өнімдері өндірісінің көлемі 4,1 пайызға артып, 1 трлн 64 млрд теңгені құраған. Бұл ретте өңделген күріш өндірісінің 72 мың тоннадан 122,4 мың тоннаға немесе 70 пайызға ұлғайып отыр.
«Сондай-ақ шұжық өнімдерінің өндірісі 21,5, жарма 11,8, макарон 8,1, сары май 8, ұн 6,5, өсімдік майы 4,9, қышқыл сүт өнімдері 4,7, ірімшік пен сүзбе 1,9 пайызға артқаны байқалады», – деді ол.
Министрдің дерегінше, ауыл шаруашылығына салынған инвестиция 13,5 пайызға ұлғайып, 261,2 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 13,8 пайызға артып, 45,7 млрд теңгені құрады.
«Есепті кезең қорытындысы бойынша оң серпін байқалады. Бұл ретте саланы дамыту үшін жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық шаралар қабылданады», – деді Сапархан Омаров.