«КамАЗ» кәсіпорыны Қазақстандағы өндірісін кеңейтеді
«КамАЗ» компаниясы мен Қазақстан арасындағы әріптестік бірнеше бағытта дамып келеді. Қазір Көкшетауда әйгілі брендтің жүк көліктері шығарылса, Нұр-Сұлтан қаласында арнайы техника өндіріледі. Енді компания Қостанай қаласында өндіріс ауқымын кеңейтпек. Мұнда шойын құю және жетекші белдеме зауытының құрылысы қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Ресейлік «КАМАЗ» автомобиль корпорациясы Қазақстанның маңызды индустриялық серіктесі. Компанияның елімізге салған инвестиция көлемі 233 млрд теңгеден асып түсті. Қазақстандық «Аллюр» компаниялар тобымен отандық машина жасау саласына үлес қосып келеді.
Сергей Когогин, «КамАЗ» ЖАҚ Бас директоры:
– Қазақстанда сервистік қызмет жөндеу зауыты бұрыннан бар. Көлік құрастыру ісін қолға алғанымызға да біраз болды. Бүгінге дейін Қазақстанда 17 мың көлік шығарылды. Бұл ауқымды көлем. Осы елге лицензияны сеніп тапсырып, соңғы үлгідегі автомобиль құрастыру ісін де жолға қойып отырмыз. Тіпті көрсеткіш жағынан бірсыпыра әлемдік көшбасшылардан басып оздық.
2023 жылы Қостанайда шойын құю зауыты іске қосылады деген жоспар бар. Осы жерде жүк көліктеріне арналған беріліс редукторларын шығаратын кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысандар 700-дей жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы техникалар өндірісі 70-ке жуық маманды жұмыспен қамтып үлгірді.
Сергей Когогин, «КамАЗ» Жақ Бас Директоры:
– Зауыт жаңғыртудан толық өтті. Арнайы техника екі мың шаршы метр аумақта құрастырылады. Яғни көлік Көкшетауда жиналып, Нұр-Сұлтанға жеткізіледі. Ол жерде өрт сөндіруге, коммуналдық салаға арналған машиналар шығарылады. Техниканың жыл сайынғы өндірісін мыңға дейін жеткізуді көздейміз.
Елордадағы өндіріс екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Бастапқыда қазақстандық «КАМАЗ-Инжиниринг» өндірісінің шассиінде аспалы жабдық бойынша технологиялық операциялар орындалса, екінші кезеңде аспалы жабдықты оқшаулауға дайындайтын учаске құрылады. Арнайы техниканың мүмкіндігін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин тамашалап, жоғары бағасын берді.