Етті мал өсіретіндерге 4%-дық несие беріледі
Дүниежүзілік банк Қазақстанда ет экспортын дамыту үшін 500 млн доллар бөлмекші.
Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы 10 жылда етті мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлмекші. Сол үшін 10 жылға арналған жаңа бағдарлама дайындап жатыр. Іске асырылуы қалай болатынын кім білсін, жоспарын қарасаңыз, таңдай қақтырады. Министрліктің дерегіне сенсек, Қазақстан жайылым аумағы жөнінен әлем бойынша бесінші орында тұр. Бірақ соның қазір 30%-ына ғана мал тұяғы тиіп жүр. 110 млн гектар сулы жайылым бос жатыр. Осынша аумақты малға толтыру үшін етті мал өсіретін фермерлердің санын 100 мыңға жеткізу қажет. Тек етті малға бағытталған 100 мың шаруа қожалығы құрылса, ауылдарда 500 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Бұл туралы Inbusiness.kz хабарлады.
Аталмыш бағдарламаның алғашқы кезеңіне. Дүниежүзілік банк қаржы бөлмекші. Халықаралық қаржы ұйымы өзінен шығатын әр ақшаның тиімді жұмсалғанын тікелей бақылап отырады. 500 млн долларды Қазақстанға тұтас инвестиция ретінде ұстата салғалы отырған жоқ. Қаражат бірнеше траншпен беріледі. Алдыңғы транштың көздеген жеріне жетіп, жеміс бергені дәлелденбесе, қалған транштар бөлінбейді. 2020-2024 жылдарға арналған жобаның алғашқы таныстырылымы Нұр-Сұлтан қаласында бизнес өкілдерінің қатысуымен өтті. Бұл 500 млн доллар Қаржы министрлігіне АҚШ валютасымен берілсе де, шаруа оны теңгемен алып, теңгемен қайтарады. Яғни, шаруа валюта тәуекеліне бас ауыртпайды.
«Дүниежүзілік банк беріп отырған қарыз шаруаларға қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие және субсидия болып жетеді. Бірақ оның шарттары Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына қарай бейімделетін болады. Мысалы, несиенің пайыздық үстемесі шаруа үшін 4%-дан аспауы керек. Мерзімі 15 жылдан аспайды. Алғашқы 2,5 жыл каникул беріледі. Бұрынғыдай әр келі етке субсидия төлеу деген болмайды», – дейді мал шаруашылығы депатаментінің директоры Еркебұлан Ахметов.
Ең бастысы, бұл бағдарламаның иігілігін,әсіресе, сиыр мен қой өсіруге қолайлы ауылдар көреді екен. Ал шошқа етін өңдеудің технологиялық талаптары басқаша болғандықтан, Дүниежүзілік банк оны бұл жобаға араластырмапты.
«Дүниежүзілік банктің деректерін талдай отырып, біздің елде қой мен сиыр етінің өндірісін дамытуға үлкен мүмкіндік бар деген қорытынды шығардық. Экспорт сальдосын жылына 2,6 млрд долларға жеткізуге болады екен. Яғни қой мен сиыр етін экспорттау арқылы ғана мал шаруашылығындағы қазіргі экспорт көлемін екі еселеуге болады. Ең бірінші мақсат – етті мал өсіретін шаруа қожалықтардың санын 20 мыңнан 100-мыңға жеткізу. Осының арқасында ауылда 500 мың қосымша жұмыс орны ашылады. Ірі қара саны екі есе артады. Жыл сайын 1 млн тоннадан астам қой мен сиыр еті өндіріліп, ірі инновациялық ет комбинаттары салынады. Мұндай комбинаттар трансұлттық компаниялар арқылы бой көтереді. Соның арқасында өзге мелекеттердің нарығы ашылып, Қазақстанда өндірілген ет әлемге танымал брендтердің атымен сатылады. Аталмыш комбинаттарға жұмысшы тек жергілікті тұрғындардан алынады. Ал трансұлттық компаниялар қазақстандықтарды дайын маман етіп оқытады. Тіпті сол үшін ауыл тұрғындары шетелде білім алуы да мүмкін. Осылайша сиыр мен қой етінің экспортынан 2,4 млрд доллар табыс түседі. Ал ауылдағы адамдардың еңбек өнімділігі 1000 доллардан 8000 долларға өседі», – дейді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева.
Жиын барысында мал өсірушілерге берілетін субсидиялардың біртіндеп қысқаратыны да айтылды.
«Қазір салаға берілетін субсидияның миллиардтап өскенін сынайтындар көп. Субсидия емес, мал өсіруге құлықты отандастарымыздың саны артып жатыр деп түсіну керек. 9 айда мал шаруашылығының жалпы ішкі өнімі 1,5 есе өскен. Жаңа бағдарлама бойынша негізгі базалық субсидиялар біртіндеп қысқарады. Өтпелі кезеңдерде уақытша субсидиялар қолданылған болатын. Мысалы, аналық бастың санын көбейтуге арналған немесе асылтұқымды бұқа сатып алуға арналған субсидиялар бар. Фермерлер қауымдастығы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен сол субсидияның қажет дегенін ғана қалдырып, іріктейміз. Субсидия мәңгілік емес екенін түсіну қажет. Бұл – қолдаудың уақытша шарасы. Бір бағытта мақсаттық индикатор орындалса, оның ақшасы ақсап жатқан басқа бағытқа жолдануы керек», – дейді Еркебұлан Ахметов.
Ауылдағы жұрттың малын қоғадай жапырған індеттерді ауыздықтау шарасы да осы аталған шаралармен қатар жүргізілмек. Ветеринария саласындағы соңғы жаңалықтарды вице-министр Гүлмира Исаева қысқа әрі нұсқа тілмен түсіндіріп берді.
«2014 жылы ветеринарлық қауіпсіздікті бақылау жергілікті әкімдіктерге берілген болатын. Заңнамаға енгізілген түзетулердің арқасында ол функция қайтадан министрлікке өтті. Қазақстанның аумағы қазір 10 еркін аймаққа бөлінген. Аталмыш аймақтардың бірінен мал індеті шықса, экспорт тек сол аймақта ғана уақытша шектеледі. Қалған аймақтар өнімін еркін экспорттай береді. Бақылау министрлік құзырына өткенмен, қызмет көрсету жеке секторға беріледі. Яғни жекеменшік ветеринарлық ұйымдар құрылып, негізгі қызметті солар көрсетеді», – дейді министрлік өкілі. Етті малдың санын арттыру арқылы Қазақстан Қытай мен мұсылман мемлекеттердің нарығына жол салмақшы. Іргедегі Ресейдің өзі жыл сайын 2,5 млн тонна сиыр етін импорттайды. Қазіргі таңда отандық фермелер Қазақстан халқын сиыр етімен 98 % қамтып отырған көрінеді. Статискалық мәлімет бойынша бір жылда әр қазақстандық 30 келі қой мен сиыр етін тұтынады.
«Былтыр Қазақстанда 470 мың тонна сиыр еті, 170 мың тонна қой еті өндірілген. Ал халық 400,8 мың тонна сиыр етін, 160 мың тонна қой етін тұтынған. Былтырдан бері Қытайға қой етін өткізе бастадық. Биыл сиыр етіне сертификат дайындап жатырмыз. Оның алдында Иран мен БАӘ бастаған мұсылман елдерінің «алтын алтылығына» жол ашқанбыз. Қазір әлемде бағлан етіне сұраныс артып тұр. Бір бағланның ұшасының құны егіз қозылы қойды асырайтын шығынды жабады», – дейді вице-министр.
Шараға қатысқан Дүниежүзілік банк өкілдері Жан-Франсуа Марто мен Фрауке Юнгблут өздері бөлетін 500 млн доллардың әр тиыны тиімді жұмсалуы үшін қатаң мониторинг жүргізілетінін ескертті.