Есептік кездесу: сауалдар мен жауаптар (талдау үшін)
Өткізудің сыртқы нарықтарын кеңейтуге, сауда-логистика инфрақұрылымын кеңейтуге, АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылмақ. Тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров тындырылған шаруаларды бағамдап, алдағы межелерді айқындады. Оның барысында тауар өндірушілер өздерінің көкейлеріндегі сауалдарын қойды.
Мал терісін сыртқа өткізу әлекке айналған
«Ақтөбе ет кластері» ЖШС 2015 жылы іске қосылған. Кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталған. Өндіріс ішкі нарықты жоғары сапалы сиыр етімен қамтамасыз етеді. Ал артылғанын сыртқы нарыққа жөнелтеді. Бүгінде Қазақстанда өндірілген сиыр етінің дәмін ирандықтар және ресейліктер татуда. Бүгінде сауда нарығын кеңейту жұмыстары қолға алынған. Серіктестік басшысы өндірілген өнім биылғы шілде айында Қытайға жол тартады деп үміттеніп отыр. Етті өткізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бұл бағытта ешбір қиындық туындамайды. Вахтанг Джиджиешвилиде мал терісін сыртқы нарыққа өткізе алмай әлекке салынуда. Оған мемлекеттік органдардың салған шектеуі тосқауыл болып отыр. Бүгінде серіктестіктің қоймасында 90 мың тонна көлемінде тері жиналып қалған.
– ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 19 ақпанындағы бұйрығына сәйкес Қазақ- стан аумағынан ірі қара малдың өңделмеген терісін шығаруға тыйым салынды. Оның кесірінен біздің өндірісте шикізат жиналып қалды. Себебі оларды енді өткізе алмай отырмыз. Шымкент, Ақтөбе, Орал және басқа қалалардағы тері өңдеушілерге жүгіндік. Бірақ олар теріні сатып алумен айналыспайды және себебін түсіндірмейді. Сонымен бірге теріні өңдеу қауымдастығына сауалымызды жолдадық. Бірақ бұл да ешбір нәтиже бермеді. Енді теріні сыртқы нарыққа өткізуге рұқсат етілмегендіктен, оларды утилизациялауға мәжбүрміз. Оның биологиялық қауіпі бар екендігі белгілі. Сонымен бірге өндіріс қаржылық шығынға ұшырап отыр. Бүгінде 90 мың тонна көлемінде тері жиналып қалды. Ақшаға есептесек, бұл шамамен 20 миллион теңгені құрайды. Бұл тек Ақтөбе облысында ғана емес, ел аумағы бойынша туындаған түйткіл, – деп қынжылды «Ақтөбе ет кластері» ЖШС директоры Вахтанг Джиджиешвили.
ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің биылғы 19 ақпанындағы бұйрығына көз жүгіртсек, Қазақстан аумағынан ірі қара малдың өңделмеген терісін сыртқа әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынған. Бұл отандық өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған көрінеді. Бірақ Вахтанг Джиджиешвили өңделмеген мал терісін елімізде өткізуде тығырыққа тірелген. Енді сұраныс болмағандықтан, шикізат қоқысқа жол тартуы ықтимал. Бұл өз кезінде экологияға өзінің кесірін тигізуі мүмкін.
Ауыл шаруашылығы министрі бұл мәселені шешуге бар күш-жігерін салуға серт берді. «Жақында мен Ақтөбе облысына ат басын бұрып, бұл мәселеге өзім куә болдым. Негізінен теріні сыртқа экспорттау бойынша қойылған шектеу тамыз айында алынуы тиіс», – деп сендірді Сапархан Кесікбайұлы.
Аналық мал неліктен сыртқа әкетілуде?
«Aizet Farms» ЖШС Ақмола облысының Ерейментау ауданында орналасқан. Серіктестік жоғары технологиялық ет өңдеу кешенінің құрылысын қолға алған. Жоспар бойынша оның жылдық қуаттылығы 20 мың тоннаны құрамақ. Серіктестік жетекшісі Мұрат Шәмшінұровты аналық малдың елімізден сыртқа әкетілуі алаңдатады. Бұл өз кезегінде Қазақстанда ата кәсіпті дамытуға бағытталған шаралардың берекесін қашыруы мүмкін.
– Өткен жылы Өзбекстанда мал шаруашылығын несиелеуге бағытталған бағдарлама іске қосылды. Бүгінде Қазақ- станнан ірі қараны сыртқа әкететіндер көбейді. Оның басым бөлігін аналық мал құрайды. Елімізден көрші мемлекеттерге ірі қараның әкетуіне жол бермеу үшін қандай шаралар қолға алынуда? – деп көкейін мазалаған мәселені «Aizet Farms» ЖШС жетекшісі Мұрат Шәмшінұров ортаға салды.
Бұл мәселенің барын еліміздің бас аграрийі мойындады. 2018 жылғы деректерге сүйенсек, бір жылда 50 мың мал елімізден сыртқа әкетілген. Биылғы 4-5 ай ішінде 42 мың бас мал өзге елдерге жол тартқан.
– Бір жағынан, бұл жақсы. Біздің бағдарламалар жұмыс істейді. Шаруалар несие арқылы малды сатып алып, оны өсіріп әрі өткізуді жолға қойды. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар. Аналық малды сыртқа әкету жайттары орын алған. Біз бүгінде өзіміз аналық малды сырттан жеткізіп отырмыз. Оған қомақты қаржы бөлінген десек те, біздің көршілес мемлекеттерге бізден аналық мал басы жеткізілуде. Өткен аптада арнайы екі топ Қытаймен және Өзбекстанмен шекараға аттанды. Олар аталған мәселе бойынша тексеру жүргізуде. Оның алдын ала қорытындысы бойынша бұзушылықтар өте көп. Мәселен, малдың құлағындағы сырғаны қасақана алып тастау жайттары кездеседі. Бұл тексерудің қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылдаймыз. Әзірге аналық малды сыртқа әкетуге тыйым салуды қарастырып отырмыз, – деп мәселенің мәнісін министр жіпке тізді.
Автоматтандырылған субсидия: сағым ба әлде іске қосыла ма?
«Бөрте-Милка» ЖШС 2015 жылы құрылған. Сүтті бағыттағы ферма толық автоматтандырылған. Серіктестік соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Кешен – Түркістан облысындағы үлгілі кәсіпорын. Роботтандырылған сүт-тауарлы фермасында сиырлардың орнын және олардың желінін тазалау, сауу жұмыстары адам күшіне артылмайды. Мұның барлығын роботтар орындайды. Сонымен бірге өндірісте жемделетін сиырларды салқындату жүйесі, метеостанциясы бар желдеткіш жүйесі, сиырдың тойғанын анықтау камералары да бар. Заманауи құрал-жабдықтың арқасында өнімділік екі есе артқан. Өндірістің қуаттылығы 1 мың бас ірі қараға шақталған. Бүгінде кешенде 400- ден астам сауын сиыр бар. Оның әрқайсысынан орташа алғанда тәулігіне 30-32 литр сүт жиналады. Өңделген сүт жергілікті нарыққа жол тартады. Бүгінде серіктестік сүт, сүзбе, айран және тағы басқа өнімдерді шығарады.
– Мал шаруашылығына арналған субсидиялауға өтінім берген кезде көптеген кемшіліктер кездеседі. Атап айтқанда, қолдау сайтынан өзге басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі тәрізді ақпараттық порталдар арасында интеграция жоқ. Өтінім бере алмаймыз. Сонымен қатар қолдау порталына және басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесіне бөлек төлем төленуде, – деп күйінді «Бөрте-Милка» ЖШС директоры Нұралы Әбішев.
Құзырлы министрлік субсидияға өтінімдерді электрондық түрде қабылдауға көшуге мүдделі. Бұл біртіндеп өмірге жолдама алады деп күтілуде. «Бүгінде қолға алынған жұмыстардың барлығы бұл бағыттағы алғашқы қадамдар. Алғашқы қадамдар болғандықтан, бітпей қалған тірліктер бар. Бірақ биылғы жылдың соңына дейін аяқталмаған жұмыстарды бір қалыпқа келтіреміз. Оның ішінде интеграцияның жоқтығы, қосымша төлем төлеу бар. Содан кейін субсидияға өтінімдерді электрондық түрде қабылдауға көшеміз. Ұсақ шаруашылықтар субсидияның барлығын ірі қожалықтар алатындықтан, бізге жетпейді деп қынжылады. Ірі шаруашылықтармен сөйлессең, олар біз бұл субсидияны ала алмай қалдық дейді. Мәселенің анық-қанығын анықтап, кім қандай көлемде субсидия алады және қаншалықты тиімді екендігін түсіну үшін автоматтандыруға көшуіміз қажет», – деп түйді еліміздің бас аграрийі.
Ата кәсіптің аяқ алысы қандай?
2018 жылы етті және сүтті ірі қара мал шаруашылығын, құс шаруашылығын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар күшіне енді. Діттелген межені бағындыру жолында «Сыбаға» және «Алтын асық» бағдарламалары жаңартылып, қайта өмірге жолдама алған. Жеңілдетілген несиенің жылдық мөлшерлемесі – 4%. Мерзімі – 15 жыл. Оның игілігін шағын әрі орта шаруа қожалықтары көре алады. Мемлекеттік қолдаудың бұл түріне шаруа қожалықтары иелерінің қызығушылығы да жоқ емес. Ресми деректерді тергіштеп көрелік. «Сыбаға» бағдарламасы 2018 жылдың екінші жартысында қолға алынды. 6 айдың ішінде 600-ден астам отбасылық ет фермасы жеңілдетілген несие рәсімдеген. Оның аясында қолдағы ірі қараның генетикалық әлеуетін жақсарту көзделген. Жоспар іске асса, еліміз бойынша етті асыл тұқымды ірі қараның үлесі көбеймек.
Сүтті мал шаруашылығын дамыту да тасада қалмақ емес. 2018 жылы 25 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілген. Жалпы қуаты 6 мың бастан асады. Олардың 7-еуі өнеркәсіптік, 18-і отбасылық ферма. Құзырлы ведомствоның мәліметіне сүйенсек, ұйымдастырылған шаруашылықтардың өзінде 1,5 млн тонна сүт өндірілген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 7,6%-ға артық. 2015 жылы бұл көрсеткіш 900 мың тоннаға теңелген. Нәтижесінде былтыр ет экспорты 18,7 мың, оның ішінде сыртқа саудалаған сиыр етінің көлемі 4,7 мың тоннаны құрап, 2017 жылдың деңгейінен 3 есеге асты.
Шетелдік мемлекеттердің тізіліміне 2008 қазақстандық кәсіпорын енген. Бүгінде 13 отандық өнімді аспан асты еліне жеткізуге жол ашық. Оның ішінде балық өнімдері, асыл тұқымды жылқылар, мұздатылған қой еті, сиыр еті, бал, астық, ұн, сұйық май, арпа, жүгері, рапс сорты, жоңышқа шөбі және т.б. бар. Атқамінерлердің есебіне сүйесек, ауылшаруашылық өнімдерінің Қытай бағытындағы экспорты 30,4 пайызға артқан. Ал Парсы шығанағы елдерінен де сұраныс артқан. Өткен жылы 2017 жылмен салыстырғанда бұл бағыттағы экспорт 2,1 есе ұлғайған. Оның ішінде Катар, Кувейт, БАӘ, Оман, Бахрейн бар.
– Иран тарапынан тірі қой, мұздатылған және салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Сауд Арабиясы корольдігімен сою мен өсіру үшін отандық ірі қараны және ұсақ малды экспорттауға арналған ветеринариялық сертификат келісілді. Сонымен бірге ірі және ұсақ малды, ет және ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Сауд Арабиясына және БАӘ жеткізу бойынша шектеулер алынып тасталды, – деп атап өтті Сапархан Омаров.
2018 жылы Қытаймен экспортқа бағдарланған қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын импорттық талаптарды келісу жөніндегі жол картасына қол қойылған. Шетелдік нарықтың қолжетімділігін кеңейту мақсатында Израиль, Түркия, Кувейт, Оман, Жапония және Оңтүстік Корея сынды мемлекеттерден басқа Еуроодақ елдерімен де келіссөз жүргізілмек.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 08.07.2019 ж. №12 (206) жарияланды.