Елiмiзде тракторлардың 65 пайызының тозығы жеткен – АШМ
Бүгiн Үкiмет сағатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметов елiмiзде ауыл шаруашылығы техникасының тозығы жеткенiн айтты. Оның мәлiметiнше, қайта жарақтандыру мәселесiн шешу үшiн түрлi жеңiлдiктерден тұратын шаралар кешенi әзiрлендi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Парктерге жүргiзiлген талдау тракторлардың 65 пайызының және комбайндардың 46 пайызының қолданылу мерзiмi 17 жылдан асып кеткенiн көрсетiп отыр. Бұл ретте, тракторлардың 20 пайызы жұмыс iстемейдi, ал 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндар бойынша да осыған ұқсас жағдай қалыптасып отыр. Бұл шығынға әкелiп отыр. Қуатты комбайндар мен тракторлардың импортын алмастыруға бiздің әлi қауқарсыз екенiмiз түсiнiктi, бiрақ топырақ өңдейтiн және азық дайындайтын техника секiлдi «шағын механика» құралдарының импорты бойынша жағдайды өзгертуге күшiмiз жетедi», – дедi техникалық қайта жарақтандыру картасымен таныстырған министр.
Депутаттар шетелде ауыл шаруашылығы техникасы, оның iшiнде тракторлар ұзағанда 5-7 жыл қызмет көрсететiнiн атап өттi.
Асқар Мырзахметовтің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiн техникалық жарақтау проблемасын шешу үшiн талдау жүргiзiлiп, фермерлердiң заманауи техникаға қолжетiмдiлiгiн ұлғайту, отандық ауыл шаруашылығы машиналарын дамыту бойынша қажеттi шаралар әзiрлендi. Атап өтсек, техника өндiрiсiне жеңiлдетiлген несие беру бағдарламасын енгiзу, техника сатып алуға арналған инвестициялық субсидиялау тетiгiн өзгерту, отандық зауыттарға жеңiлдiктер жасау қарастырылған.
Атап өтсек, елiмiзде ауыл шаруашылығының басым бағыттарын дамытудың және АӨК-тi мемлекеттiк қолдауды жетiлдiрудiң 10 картасы әзiрлендi және тағы 3 карта әзiрленiп жатыр. Бүгiн Үкiмет сағатында Асқар Мырзахметов осы карталармен таныстырды.