Елімізде 5 сәуірден бастап балық аулауға тыйым салынады
Ел аумағында 5 сәуір мен 5 маусым аралығында балық аулауға тыйым салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
– Уылдырық шашу кезеңінде балықтар мен өзге де су жануарларының биоалуандығын сақтау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі 5 сәуір мен 5 маусым аралығында «Уылдырық шашу» акциясын өткізеді. Ведомство республиканың әр өңірінде өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, балық аулауға тыйым салу мерзімін енгізеді, – деп атап өтті ведомство өкілі.
Айтуынша, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері осы кезеңде заңсыз балық аулау немесе өткізу, балық және балық өнімдерін тасуды бақылауға алады.
Заңды бұзғандарға Әкімшілік кодекстің 383-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни 10-нан 40 АЕК-ке дейін айыппұл және Қылмыстық кодекстің 335-бабына сәйкес 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деді Шұғыла Тұрлыбек.