Берілетін субсидия мардымсыз – қызылордалық балық шаруашылықтары

Тауарлы балық шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары аясын кеңейту маңызды.

Фото: freeimages.com

Бұл – қызылордалық шаруалардың ұсынысы. Кәсіпкерлер «мардымсыз субсидия балық шаруашылығын ширатуға жеткіліксіз» дейді. Жеңілдетілген несиелер де қарастырылмаған. Су маржанын көбейтуге не кедергі?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Бұл – Жаңақорған ауданындағы Жыңғылдысай көлі. Қызылорда облысындағы санаулы тауарлы балық шаруашылығына қарасты су айдыны. Кәсіп иесі жылына 10 тоннадай балық сүзетінін айтады. «Бұрынғыдай емес, су маржандары сиреп бара жатыр», – дейді балықшылар.

Дәурен Тұралбаев, балықшы:

– Мысалы бір шабақты 4-5 жыл бағу керек. Оған тамақ керек. Әйтеуір мемлекет жәрдем бере ме, шабаққа, тамағына. Сол бізде қазір балық азайып бара жатыр жылдан жылға. Жылдағыдай емес, үлкен балықтар жоқ, майда балықтар да аз.

Көлді балықтандыратын жақын жерде қорық жоқ. Ал Арал ауданындағы Қамыстыбас балық тоғаны 800 шақырымдай қашық. Ол жақтан шабақ жеткізу тиімсіз. «Әзірге тек күріштік алқаптарында қалған шабақтарды ғана көлге жібереміз», деген кәсіпкер жыл сайын балық жеміне берілетін субсидияның да мардымсыз екенін алға тартты.

Мақсат Жұмаділов, кәсіпкер:

– Мысалы 10 тонна ұстасам, мен 40 тонна жем алуым керек. Субсидия соның 50%-ін өтейді деген. Мысалы мен биыл сол 40 тонна жемді алдым, 5 тоннасына ғана субсидия алдым биыл. Мысалы көршіміз Түркістан облысында 350 млн теңге субсидияның көлемі бүкіл балық шаруашылығына беретін. Ал бізде 4 млн 200 мың теңге. Ол деген өте аз. Салыстырмалы түрде, салыстыруға да келмейді ол.

Салаға тән мәселелер бұл ғана емес. Оның ең өзектілері өңірлік балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына енгізілмек. Кешенді шараны алдағы 10 жыл бедерінде жүзеге асыру жоспарланған. «Жүйелі жоспарда табиғат пайдаланушылар көтеріп отырған субсидия мәселесі де қарастырылатын болады», – дейді мамандар.

Айдос Аяғанов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Аталған бағдарламаға табиғат пайдаланушылардың мүдделерін, басым субсидиялау, жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылымды жүргізу бойынша нақты индикаторлар мен іс-шараларды және жергілікті жерлердегі басқа мемлекеттік қолдау шараларын көрсете отырып әзірленуде. Тауарлы балық өсіру жобаларын қаржыландыру мақсатында 2021 жылы қаражат қарастырылатын болады.

Айтулы бағдарлама аясында алдағы 10 жыл ішінде жылдық қуаттылығы 600 тонна болатын 4 шарбақтық балық өсіру шаруашылығын іске қосу көзделген. Онан бөлек, 10 тоған салу жоспарда бар. Ал тауарлы балық көлдерінің санын 55-ке жеткізу керек. Қамыстыбас балық қорығын күрделі жөндеу мәселесі де осы шаралар шеңберіне кірген. Ондағы мақсат – өңірде балық экспортын 2 есеге арттырып, тауарлы балық көлемін 34 есеге көбейту, балық өңдеу зауыттарын толық қуаттылығына шығару екен.

Дереккөзі: Хабар 24

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы