Депутаттар фермерлерге қолдау көрсетуді өтінді
Осы мәселе көтерілген депутаттық сауал премьер-министрдің атына жолданды.
Мемлекеттің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған шараларының қызығын тек ірі кәсіпорындар көріп отыр. Премьер-министрдің атына сауал жолдаған депутаттар қолдау көрсетілетін нысандар қатарына агробизнестің шағын және орта нысандарын қосуды сұрайды, деп хабарлайды Kursiv.kz.
Палатаның жалпы отырысында ҚР премьер-министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев былай деді:
«Сізден шағын және орта фермерлерге және шағын инвестициялық жобаларға қатысты кемсіту болмас үшін, барлық субсидиялау ережелері мен несие беру бағдарламаларына тексеру жүргізуді; аймақтық және климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, шағын, орта және ірі бизнес өкілдеріне жеңілдікпен несие беру мен субсидияға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында субсидия мен қарыз алушыларға, сондай-ақ іске асырылып жатқан жобаларға қойылатын талаптарды қайта қарауды сұраймыз».
Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің даму тарихына көз жіберсек, мемлекеттік қолдауға ие болған және әлі күнге дейін қолдау көріп келе жатқан бірқатар ірі бордақылау алаңдарының, агрохолдингтер мен агрокәсіпорындардың банкротқа ұшырап, қаржылық қиындыққа тап болғанын байқаймыз деп пайымдайды депутат.
Әлтаевтың айтуынша, қазіргі уақытта асыл тұқымды мал шаруашылығын
субсидиялау, мал шаруашылығы өнімділігі мен сапасын арттыру қағидаларына
сәйкес, бөлінетін субсидия тек ірі шаруашылықты қолдауға бағытталған.
Атап айтқанда, бір мезгілде 1000-нан аса мал бордақыланатын алаңдарға
бөлінеді. Бір Түркістан облысын алсақ, мұндай 4-ақ орын бар.
Сондай-ақ, жылына 100 мыңнан аса ірі қара мал етін қайта өңдейтін
кәсіпорындарға басымдық беріледі, алайда Қазақстанда олардың саны
бірнешеу ғана.
Сонымен қатар, депутат инвестиция салуда да субсидия тек ірі шаруашылықтарға (тәулігіне 50 тоннадан аса сүт өңдейтін кәсіпорындарға, 20 мың бас сиятын мал бордақылау алаңдарына) бағытталғанын айтып өтті.
Оның айтуынша, «ҚазАгро» АҚ еншілес компанияларының несие беру бағдарламалары да ірі бизнеске бағытталған.
«Алайда дәл осы шағын фермерлер өміршең, жаңа өзгерістерге тез әрі оңай бейімделеді. Әсіресе, дағдарыс кезінде де қаржылық жағдайы біршама тұрақты болады», – деп түйіндеді Н.Әлтаев.