Брекешев «Балық шаруашылығын» оқыған жастарды салада 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеуді ұсынды
Жыл сайын “балық шаруашылығы” мамандығын оқыту бойынша 100-ден астам мемлекеттік грант бөлінеді, деп хабарлайды Informburo.kz тілшісі.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәжіліс отырысында жасаған баяндамасында “балық шаруашылығы” мамандығын оқыған мамандарды осы салад үш жыл жұмыс істеуге міндеттеуді ұсынды.
“Білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін “балық шаруашылығы” мамандығы бойынша оқыған азаматтарды әлеуметтік жеңілдіктер бере отырып, осы салада кемінде үш жыл жұмыс істеу міндетін көздеу қажет”, – деді министр.
Жалпы, жыл сайын “балық шаруашылығы” мамандығын оқыту бойынша 100-ден астам мемлекеттік грант бөлінеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді.
“Жалпы, биыл 138 бала оқуға қабылданды. Оның арасында ақылы, магистратура, докторантура оқитындар да бар. Бітірген балаларды жұмысқа орналастыру деңгейі жыл сайын 70 пайызды құрайды. Бұл мемлекеттік көрсеткіштерден жоғары”, – деді вице-министр.
Айта кетейік, Қазақстанда “балық шаруашылығы” мамандарын 6 университет дайындайды.