БҚО жұрты суды тиімді пайдалануға әрекет етіп жатыр
Батыс Қазақстан облысында биыл жауын-шашын мол түсіп, ірілі-ұсақты су қоймалары тіршілік нәріне толды. Су тапшылығы өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі. Соңғы жылдары өзендер тартылып, мал азығын даярлау қиындап кетті. Әсіресе оңтүстік аудан тұрғындары жем-шөпті жүздеген шақырым жерден тасуға мәжбүр болған еді. Биыл көрші елден алынатын су көлемін 200 миллион текше метрге дейін ұлғайту көзделіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Талғат Серікқалиұлы, тілші:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл жер шабындық алқап болған. Кейін жергілікті кәсіпкерлер бұрынғы өзектің орнына су тартып, мынадай балығы тайдай тулаған тоғанға айналдырады. Ал алыстан ат арытып жететін әуесқой балықшылар бұл жерде келешекте туристік орталық болғанын қалайды.
Талапқа сай тынығу орнын салуға қолайлы жағдай бар. Тоған шаруашылығы Қарөзен суымен толығатын «Балықты Сарқыл» көлі маңында орналасқан. Жалпақталдық кәсіпкер Әлібек Сартаев бұл жерде тауарлы балық шаруашылығын өрістетіп отыр. Мұнда негізінен тұқы балығы өсіріледі. Құрғап қалған өзен-көлдер тірлішік нәрімен толыққан соң бұл мекенге аң мен құсы қайта оралыпты. Мақсатымыз туған жер табиғатын тиімді пайдалану, сулы-нулы жерді пайдаға жарату. Аумағы 110 гектар жерге мыңдаған түп үйеңкі мен қарағаш ектік. Жоспар көп, істейтін шаруа да шаш етектен, дейді іскер азамат.
Әлібек Сартаев, кәсіпкер:
– Бастағанымызға 5 жыл болды. Қазіргі жағдайда керемет, табиғат жанданып, су келген соң бүкіл тіршілік жанданып, айналада балықты өзіңіз көріп жатырсыз. В основном өсіріп жатқан мына карптарымыз. Карп тұқымы жылдам өседі. Мысалы, 3 жыл бұрын салған шабақтарымыз қазір 5 кг шейін барды карп тұқымдары. Бұл жерге үй салғымыз келеді, егін еккіміз келеді.
Амантай Борбаев, Ақжайық ауданының тұрғыны:
– Жалпақтал ауылына осындай көктем сезон уақыты, ешқайда осындай икра шашатын уақытта балық аулатып жатқан жоқ шамалы жерде. Жеке қожалық осындай, өздерінің су қорғауы жақсы жағдайда жасалған. Адамдарға балық аулауға ыңғайлы жер.
Трансшекаралық Сарыөзен мен Қарөзен бастауын Ресейдің Саратов облысынан алады. Соңғы төрт жылда қос өзен арнасы алғаш рет толып отыр. Соның нәтижесінде аймақтағы каналдар мен көлтабандарға мол су түсті. Бұл тірлігі төрт түлікке тәуелді Ақжайық, Қазталов және Жаңақала аудандары үшін шаруашылықты өрістетуге тамаша мүмкіндік.
Сергей Тоқпанов, Қазталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
– Сарыөзеннің суы деген ол шөп шабуға көлдіктерге өнімі шығады. Өнім көп болса шөп арзандайды. Ол әлеуметтік жағдай қазір халық мал ұстап отыр ғой. Сосын мал суаруға, деңгейі жақсы болса су да таза. Сосын экологияға, балықтың өсуіне, халық су жағасында тұратындар балық аулайды.
Өкінішке қарай, аймақтағы ең ірі су қоймасы Жайық өзенінде әзірге су деңгейінің көтерілуі байқалмайды.
Шынболат Ермағанбетов, “Қазсушар” РМК БҚФ бас гидротехнигі:
– Жайықтың деңгейі 395 см болды, қазір түсіп жатыр. Бүгінгі таңда 270 см құрайды. Биыл ресейден шарт бойынша 197 млн су аламыз. Соған төлейтін қаражат 5 миллиард 164 миллион теңге. Бұл республикадан бөлінген қаражат. Биыл енді былтырға қарағанда жергілікті тасқын су молдау болды. Бұған дәлел Қаратөбе, Шыңғырлау Бөрлі аудандарында су тасқыны мол болды. Жақсыбай ауылына жағынан Сарыөзенге мол су түсті.
Тіршілік нәрін тиімді пайдалану мақсатында Жалпақталда су қоймасын салу көзделіп отыр. Жайық суын Көшім жүйесіне шығаратын сорғы станциясын қою да жоспардағы іс. Арнасы толған су қоймалары өңірде ата кәсіптің өрістеуіне жол ашары сөзсіз. Дегенмен, Жайық өзенінің жағдайы қалпына келуі үшін кешенді шаралар қолға алынуы тиіс.