БҚО-да пайдаланылмай жатқан 909,8 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталды
Батыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда 909,8 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның 113 мың гектары мемлекетке қайтарылды.
Биылғы он айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,6 пайызға көбейіп, 167,7 млрд теңгені құрады. Саладағы еңбек өнімділігі екінші тоқсанда 1,7 есеге өсіп, 720 мың теңгеге жетті. Ал инвестициялар көлемі 2,8 есеге ұлғайған.
Әкімнің сөзіне қарағанда, өңірде етті мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Ірі қара мал басы бойынша БҚО республикада төртінші орында. Асыл тұқымды ірі қара мал өсіру жөнінен үздік үштікті түйіндейді. Ал етті бағыттағы ірі қара малын өсіру бойынша облыс екінші сатыда тұр.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы кооперативтерін біріктіру тапсырмасы бойынша Тасқала ауданында пилоттық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Ол үшін бірқатар кедергілерді жою қажет. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы ұсыныс жолданды. Егер ұсыныс қолдау тапса, ауыл тұрғындарының табысы артатын болады.
«Бүгінде өңірдегі мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған шаруалар ірі қара малды табиғи жайылымды жерлерде өсіріп отыр. Ал далада өскен малдың экологиялық таза өнім беретіні баршаға аян. Кеңес дәуірі кезінде облыстағы жайылым жерлер көлемі 13 млн гектарға жеткен. Ал қазір біз тек 7 млн гектар жерді пайдаланып отырмыз. Яғни өңірдің мал шаруашылығын дамытудағы мүмкіндігі мол. Өйткені осындай таза, экологиялық өнімге сұраныс та өте жоғары», деді Ғ. Есқалиев.