Басымдық – сапаға
Қаржылық қысылтаяң бірінің тынысын тарылтса, бірі кәсібін кеңейтуге бел буған. Солтүстікқазақстандық Артем Самойленко екіншілердің қатарында. Тайынша ауданының тұрғыны әкесінің салған ізін жалғап, сүт өндірісінде бағын сынауды ұйғарған.
Кәсіпкер бұған дейін спред өндіруді оң жолға қойған. Бұл құрамында түрлі өсімдік майлары бар сары май болып табылады. Өндірістің қыр-сырын меңгерген Артем Валерьевич өнімнің бір түрімен шектелмеуді жөн санаған. 6 миллион теңгеге ақты қайта өңдеуге арналған қондырғылар сатып алынды. Бүгінде шағын цехтың жаңа желісі іске қосылды. Оның қуаттылығы 3 тонна құрайды. Әзірге оның қауқары толық кәдеге жаратылмайды. Тәулігіне 2 тонна ақ өңделеді.
– Шикізатты аудан тұрғындарынан жинауға мүмкіндігіміз жоқ. Әзірге оны кәсіпке айналдырған азаматпен келісімге келдік. Ол ауылдардан сатып алынған ақтың құнына 10 теңгеден артық қоспайды. Сонда біздің цехқа жеткізілген сүттің литріне 72 теңге жұмсаймыз. Алдағы уақытта ірі фермерлік шаруашылықтармен байланыс орнатуды жоспарлап отырмын. Оның арқасында шикізатты боламыз, – деп өндірістің барысына «Лера-NORD» ЖШС цех басшысы Артем Самойленко тоқталды.
Бір тәулік ішінде 100 келі ірімшік өндіріледі. Майлығы 5 және 9 пайызды құрайды. Бір келісі 450 теңгеге бағаланған. Сүт жұмсақ орамада шығарылады. Оның майлығы 2,5% және 3,2% тең. Бір пакет сүттің бағасы 130 теңгені құрайды. Дайын өнім аудан орталығындағы дүкендерге жөнелтіледі. Серіктестік басшының сөзінше, жаңа үлгідегі өнімдерге сұраныс бар. Тұтынушылар бастапқыда күдікпен қарайтыны мәлім. Бірақ «Лера-NORD» сапаға беріктігін дәлелдемек. Бәсекеге төтеп беру үшін өнімнің табиғи қасиетіне баса мән беру көзделген.
– Аудан деңгейінде сүт өндірісімен айналысатын шаруашылықтар аз емес. Бәсекелестік бар. Біз үшін тұтынушының сенім үдесінен шығу – басты мақсат. Сапалы әрі табиғи өнімге ден қойдық. Тек тексерілген сапалы шикізат қолданылады. Оған кеңінен таралып кеткен жасанды заттар араластырылмайды. Шикізат өндіріске жөнелтілмей тұрып, жан-жақты зертханалық бақылаудан өткізіледі. Біз ақтың тығыздығын, майлығын, қышқылдығын анықтаймыз. Ал антибиотиктер мен бактерияларды аудандық санэпидемиологиялық станса тексереді. Олармен келісім жасалған болатын. Сондықтан біздің өнімдеріміздің жарамдылық мерзімі шектеулі. Бірнеше ай емес, тек санаулы күн ғана сақталады. Мәселен, жұмсақ орамадағы сүтті 5 күн ішінде тұтыну қажет. Ірімшіктің жарамдылық мерзімі де бір аптадан аспайды, – деп өзінің табыс кілтімен Артем Валерьевич бөлісті.
Биылғы жылдың соңына қарай дайын өнімдердің қатары арта түспек. Кәсіпкер жаңа желіні меңгеруді жоспарлап отыр. Діттегені іске асса, қазан айынан бастап аудан тұрғындары қаймақтың және сүзбе қоспасының дәмін татады. Асығы алшысынан түссе, өндірістің қуаттылығы артады. Кәсіпкер сұранысқа сай өнім көлемін еселеуді көздеп отыр.
Венера Мұстафина
Также читайте:
В Приморье освоят выпуск уникального соевого молока с бифидобактериями
В Жамбылской области надои увеличились на 3%, производство яиц упало на 28%
Масимов ознакомился с новыми технологиями переработки молочной продукции в Жезказгане