Ауа райына тәуелдіміз
Болжам бойынша биыл ел қамбасы 17,5 млн.тонна сары алтын құйылмақ. Сәуегейлік жасаған құзырлы министрлік табиғаттың тосын мінез танытпайтынына үміт артып отыр.
Болжам оң
15 қазандағы мәліметтерді тергіштесек, егін алқаптарының 98,9 пайызына комбайнның тісі тиген. Диқандар қауымы 14,5 млн. га дәнді орып алды. Әзірге сары алтынның 19,3 млн тоннасы бастырылды. Орта есеппен гектар берекелігі 13,2 центнерден айналуда. Өткен жылға зер салсақ, көрсеткіш артық. Астықты 3 өлкенің алқаптарында да жұмыс кестесі қауырт. Ақмола облысы науқанды тәмамдаған. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары межеленген алқаптың 90% астамын жинап үлгерген.
– Ауа райы егіс науқына әсер етіп, оның кестесі кейінгіге шегерілді. Сәйкесінше дән дәстүрлі мерзім ішінде пісіп үлгермей, орақ науқаны да ысырылды. Түсетін жауын-шашын қалыпты мөлшерге сәйкес, мұның өзі қосымша қиындықтар туғызуда. Шаруалар ылғалды астықты жинауға мәжбүр. Салдарынан оны кептіруге қосымша шығын жұмсалады. Бұл дәннің сапасына кері әсерін тигізеді. Ауа райына қатты тәуелдіміз, – деп мәселенің жай-жапсарын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндады.
Дән дәстүрлі нарықтарға жол тартпақ
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың сөзіне сүйенсек, биылғы орақ науқанына 60 млрд.теңге көлемінде несие бөлінген. Бұл диқандар қауымының өтініштеріне сай үлестірілген қаражат. Табиғаттың тосын мінезі аяққа тұсау салмаса, болжамға сай ел қамбасы 17,5 млн тонна сары алтынға қампаяды. Еншімізде өткен жылдан қалған 5 млн тонна дән де бар. Сәйкесінше сыртқа дорбалатын астықтың көлемі 7 млн тонна шамасында деп бағаланып отыр. Қазақстандық сары алтын негізгі дәстүрлі нарықтарға жол тартпақ. Әзірге жаңа экспорттық бағыттар межеленген жоқ дейді құзырлы министрліктің өкілдері.
Делдалдар кіріске кеңелуде
Нарықта жанар-жағармай бағасының қымбаттауы орақ науқанының барысына ықпал етпейді. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен бөлінген дизельді отынның құны еш өзгермеген. Күзгі жиын-терімге 421 мың тонна жанар-жағармай үлестірілсе, оның 321 мың тоннасы фермерлерге жеткізілді.
Министрдің пайымынша, бұл дүкен сөрелеріндегі тауарларды шарпып, әсер етуі кәдік. Бар гәп тасымалдауға және логистикаға байланысты өзге шығындар тірелетін көрінеді. «Бірнеше ай бұрын ресейлік тауарлар ағылып, тауар өндірушілерде баға төмендеген кезде дүкендерде баға сол күйі қалды. Сондықтан сауда-саттықтағы, делдалдық құрылымдардағы бағаның қалыптасуына баса назар аударуымыз қажет», – деп күйінді министр.
Венера Мұстафина