Ауа райына тәуелдіміз

urojayБолжам бойынша биыл ел қамбасы 17,5 млн.тонна сары алтын құйылмақ. Сәуегейлік жасаған құзырлы министрлік табиғаттың тосын мінез танытпайтынына үміт артып отыр.

Болжам оң

15 қазандағы мәліметтерді тергіштесек, егін алқап­тарының 98,9 пайызына комбайнның тісі тиген. Диқандар қауымы 14,5 млн. га дәнді орып алды. Әзірге сары алтын­ның 19,3 млн тоннасы бастырылды. Орта есеппен гектар берекелігі 13,2 центнерден айналуда. Өткен жылға зер сал­сақ, көрсеткіш артық. Астықты 3 өлкенің алқаптарында да жұмыс кестесі қауырт. Ақмола облысы науқанды тәмам­даған. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары межеленген алқаптың 90% астамын жинап үлгерген.

– Ауа райы егіс науқына әсер етіп, оның кестесі кейін­гіге шегерілді. Сәйкесінше дән дәстүрлі мерзім ішін­де пісіп үлгермей, орақ науқаны да ысырылды. Түсе­тін жауын-шашын қалыпты мөлшерге сәйкес, мұның өзі қосымша қиындықтар туғызуда. Шаруалар ылғал­ды астықты жинауға мәжбүр. Салдарынан оны кепті­руге қосымша шығын жұмсалады. Бұл дәннің сапасына кері әсерін тигізеді. Ауа райына қатты тәуелдіміз, – деп мәселенің жай-жапсарын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндады.

Дән дәстүрлі нарықтарға жол тартпақ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақыт­жан Сағынтаевтың сөзіне сүйенсек, биылғы орақ науқанына 60 млрд.теңге көлемінде несие бөлінген. Бұл диқандар қауымының өтініштеріне сай үлестірілген қаражат. Табиғаттың тосын мінезі аяққа тұсау салмаса, болжамға сай ел қамбасы 17,5 млн тонна сары алтынға қампаяды. Еншімізде өткен жылдан қалған 5 млн тонна дән де бар. Сәйкесінше сыртқа дорбалатын астықтың көлемі 7 млн тонна шамасында деп бағаланып отыр. Қазақстандық сары алтын негізгі дәстүрлі нарықтарға жол тартпақ. Әзірге жаңа экспорттық бағыттар меже­ленген жоқ дейді құзырлы министрліктің өкілдері.

Делдалдар кіріске кеңелуде

Нарықта жанар-жағармай бағасының қымбаттауы орақ науқанының барысына ықпал етпейді. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен бөлінген дизельді отынның құны еш өзгермеген. Күзгі жиын-терімге 421 мың тонна жанар-жағармай үлестірілсе, оның 321 мың тоннасы фермерлерге жеткізілді.

Министрдің пайымынша, бұл дүкен сөрелеріндегі тауарларды шарпып, әсер етуі кәдік. Бар гәп тасымал­дауға және логистикаға байланысты өзге шығындар тірелетін көрінеді. «Бірнеше ай бұрын ресейлік тауар­лар ағылып, тауар өндірушілерде баға төмендеген кез­де дүкендерде баға сол күйі қалды. Сондықтан сау­да-саттықтағы, делдалдық құрылымдардағы бағаның қалыптасуына баса назар аударуымыз қажет», – деп күйінді министр.

Венера Мұстафина

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы