Әлеуметтік нан бағасын 90 теңгеден асырмау міндеттеледі
Елімізде өңір әкімдіктерімен әлеуметтік нан бағасын 90 теңгеден асырмау жөнінде меморандум жасалып жатыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, нанның бірнеше түрі бар. Соның ішінде министрлік әлеуметтік нан бағасын ғана бақылай алады. Қазір азық-түлік корпорациясында бар бидаймен ішкі нарықты қамту шарасы жүріп жатыр. Бүгінде бидай тоннасының орташа бағасы – 150-160 мың теңге, ал корпорация бағаны түсіріп, тоннасын 90 мың теңгеге сатып жатыр. Осылайша, өңірлерге арзан бағамен 36 мың тонна бидайды жеткізу жұмысы басталып кетті. Өңір әкімдіктерінен бізге келіп түскен өтініштерге сәйкес, қаңтардан қыркүйекке дейінгі арзан бидайға деген сұраныс – 275 мың тонна», – деді Назгүл Хатепова орталық коммуникациялар қызметі алаңында болған баспасөз мәслихатында.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің айтуынша, нан бағасын белгіленген межеде ұстап тұру жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
«Өңір әкімдіктері азық-түлік түлік корпорациясынан бидайды арзан бағамен алып, жергілікті ұн өндіретін мекемелермен келісім жасасады. Аталған келісімнің негізінде әлеуметтік нанның бағасы 90 теңгеден аспауы тиіс. Осы орайда, қазір облыс әкімдіктерімен меморандум жасалып жатыр, яғни біз бидаймен қамтамасыз етсек, жергілікті атқарушы органдар нан бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге жауапты болады», – дейді ол.
Бұған дейін министрлік әлеуметтік нанның бағасын қымбаттатуға еш негіз жоқтығын айтқан болатын.
Сонымен қатар, әлемде бидай мен ұнның қымбаттауы Қазақстан нарығына әсер етпейтіні айтылды.
Одан бөлек, елімізде бидай мен ұн экспортына шектеу қойылды.