«Алан» СДО-ның тәтті де, табысты қызметі
Биыл Қалибек Алпысбаев басқаратын «Алан» сервистік-дайындау орталығы (СДО) 10 мың тонна қызылша жинады. Ауа райы аздап қолайлы болғанда, өнім көлемі айтарлықтай жоғары болар еді, дейді кәсіпкер. Жиналған өнім нәтижесі де көңіл қуантады, АА «АгроИнфо» «Жетісу» ӘКК баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Кәсіпкер саналы ғұмырын өзінің туған жері Көксу ауданында еңбек етіп келеді. Ол 16 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысады. 2003 жылы «Кең дала» шаруа қожалығын құрып, қызметін түрлі дәнді дақылдарды өсіруден бастады. Бес жыл бұрын қант қызылшасын жаңғырту бойынша ауқымды науқан басталғанда, Қалибек аға өңір басшысы Амандық Баталовтың бастамасына үн қосып, қолдау білдірген көп кәсіпкердің бірі болды. Сол кезде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша СДО-лар құрылып, кәсіпкерлерге субсидия, ауыл шаруашылығы техникасы, тұқым мен гербицидтер беріле бастады. «Алан» СДО жан-жақты мемлекеттік қолдаудың шарапатын көрді.
Бірінші жылы тәтті түбір 30 га жерге егілді. Еңбекшілер әр гектарынан 500 центнер өнім жинады. Одан кейін жыл сайын егістік алқаптарының саны мен сапасы ұлғайтылды. Қолға алынған шаралардың арқасында бүгінде «Алан» СДО Көксу ауданының 12 ірі және ұсақ шаруашылығы біріктіріп отыр. Ал қант қызылшасы себілген аумақ көлемі 150 га жетті. СДО маусымдық жұмыстарды ескере отырып, шамамен 60 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. «Жетісу» ӘКК арқылы СДО қаржы лизингіне заманауи ауыл шаруашылығы техникасы берілді.
«Мемлекеттік қолдау шаруаларға тың серпін берді. Бұрын бұндай тиімді қолдау құралдары болмады. Кезінде жылына бір рет бір трактор немесе бір соқаны сатып алуға мүмкіндігіміз болатын. Тиісінше егін аумағы аз болды. Техника да, қаржы да болмады. Қазір бәрі басқаша. Облыс әкімдігі, «Жетісу» ӘКК көмегімен жаңаша жұмыс істей бастадық. МТС айтарлықтай жаңартып, өнімділікті арттырдық. Қазіргі таңда бізде 50 шақты жаңа ауыл шаруашылығы техникасы бар», – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ, «аландықтар» қызылшаның өнімділігін көтеру үшін элиталық тұқымдарды сатып алды. «Ардан», «Новелла», «Гримм», «Роксана», «Дануб» сияқты қызылшаның француз, голланд, неміс сұрыптарының элиталық тұқымдарын септі. Олардың барлығы жоғары өнімді, біздің климатқа төзімді болып келеді.
Қалибек Алпысбаевтың айтуынша, өткен жылы элиталық тұқымдарды қолдану нәтижесінде рекордтық өнім алынды. Бір гектардан 860 центнер өнім жиналған екен. Шаруашылықтың табысты жұмысын Көксу ауданына арнайы барған аймақ басшысы Амандық Баталов та бағалады.
«Осының барлығы Елбасының заманауи технологияларды, жаңа техниканы, жоғары өнімді тұқымдарды, сапалы гербицидтер мен тыңайтқыштарды пайдалану жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мемлекеттің, «Жетісу» ӘКК мен шаруалардың жұмысты тиянақты және сауатты ұйымдастыра алуының арқасында мүмкін болып отыр», – деді Амандық Баталов егін алаңын аралау барысында.
Кәсіпкердің сөзінше, қант қызылшасы саласын қайта жаңғырту бағдарламасы іске қосылғаннан кейін көптеген азаматтар туған өлкелеріне қайта оралып, қант қызылшасымен айналыса бастаған.
«Қант қызылшасын өсірудің ең басты артықшылығы – өткізу нарығының болуында. Өңірде қызылшаны өңдейтін екі зауыт жұмыс істейді. Сондықтан қызылша өсірушілер өнімді қалай сату керектігіне алаңдамай, өзінің негізгі ісімен айналыса алады. Облыс басшылығы қант өндіру көлемін одан ары ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондықтан қызылша – сұранысы жоғары және ауыл шаруашылығындағы басым мәдениет түрі болып қала береді», – дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар, «Кең дала» шаруашылығының негізінде Зылиха Тамшыбаева атындағы оқу орталығы құрылған. Онда ауыл шаруашылығында озық технологияларды енгізу мен тарату бойынша оқыту семинарлары мен шеберлік сыныптары өткізіледі. Қалибек Алпысбаевтың пікірінше, қазіргі кәсіпкерлер әрдайым инновациялардан хабардар болып, отандық және шетелдік тәжірибелерді зерделеуі тиіс.
«Қант қызылшасы мұқият күтуді талап етеді. Сондықтан біз оған отырғызудан бастап, егін жинауға дейін үлкен көңіл бөлеміз. Агротехнологияны жетілдіру процесі тоқтатылмайды. Күн сайын әлемде жаңа сорттар мен будандар, техника үлгілері, тыңайтқыштар мен пестицидтер, компьютерлік бағдарламалар және басқа да ресурстар пайда болады. Сондықтан біз одан әрқашан хабардар болып, жаңа білімді қант қызылшасының өнім сапасын жақсарту үшін пайдалануымыз керек», – дейді шаруа.
Биыл СДО-да орташа өнімділік гектарынан 560 центнерді құрады. Қалибек Алпысбаевтың айтуынша, келесі көктемде қызылша алқабы 200 гектарға дейін ұлғайтылады.