Ақтөбелік зейнеткердің жылыжай баптап жүргеніне 30 жылдан асты
Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғыны Құтым Қасеновтің көкөніс өсіріп жүргеніне 30 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде жылыжай салып, екі маусымда өнім жинайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде жылыжай шаруашылығы көбіне қала маңында шоғырланған. Соңғы жылдары шалғай аудандар мен ауылдарда да қияр мен қызанақ егетін шаруалар көбейді. Ал Қарауылкелді ауылының тұрғыны Құтым Қасенов болса бұл кәсіпті 30 жыл бұрын бастап, кеңейтіп, тіпті табыс көзіне айналдырды. Сөйтіп 2020 жылы заманауи жылыжай салды. Жылына 9 тоннаға дейін өнім жинайды.
«Төрт еселеп қайтаруға болады. Сатып алған дүниеңіз, еңбек етсең артығымен табысқа айналады. Өзім 90 жылдардан бері осы жерді кәдеге жаратып келемін. Сөйтіп 30 жылдан астам уақыт бойы өнім алып отырмын. Қияр егемін, түрлі дәмдеуіш шөп бар. Пияз да осында. Негізі өнім өз дүкенімізде сатылады. Ал қыста Ақтөбе қаласына жөнелтеміз. Барлығы екі маусым өнім жиналады. Қаңтар-ақпан айларында жерді демалту үшін жұмыс тоқтайды. Бар болғаны екі жұмысшы еңбек етеді», – деді Құтым Қасенов.
Айта кетейік, Ақтөбеде тұрғындарды жұмыспен қамту үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырыла бастады. Табысы аз ауылдар үшін бұл – ең тиімді жол. Себебі ауыл тұрғындары өз үйін кепілге қоя алады. Үстемеақысы 2,5 пайыз болатын несие алып, ауыласында еңбек етеді. Ал «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ екінші деңгейлі банк қызметін атқарады. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, берілетін ақша кепілге қойылатын мүліктің құнына байланысты болады.
«Адамдар өзі тұрған үйді табыс көзіне айналдыра алады. Сөйтіп табыс табуға мүмкіндік бар. Жұмыссыздық туралы айтқан кезде еңбекке қабілетті адамдар туралы сөз қозғаймыз. Бірақ мұнда зейнеткерлер де қатыса алады. Бұл жұмыспен қамту ғана емес, жастарды баулуға мүмкіндік беретін жоба. Балалардың кішкентайынан еңбекке араласуы да маңызды. Тәрбие құралының бірі – «Ауыл аманаты» жобасы болады», – деді облыс әкім Ералы Тоғжанов.