Халықаралық қаржы корпорациясы отандық агробизнеске қомақты инвестиция салды
Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) «KazFoodProducts» ЖШС-ке 25 млн доллар көлемiнде инвестиция құйып, қазақстандық агробизнеске қолдау көрсеттi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
IFC – Дүниежүзiлiк банк тобының құрамына кiретiн, дамушы нарықтарда жеке секторды қолдауға бағытталған әлемнiң ең iрi даму институты. Аталған ұйым 2017 жылы жеке сектордың әлеуетiн нығайту арқылы кедейлiктi жою мен халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында дамушы елдерге рекордтық сома – 19,3 млрд доллар ұзақ мерзiмдi инвестиция құйған.
Бүгiн Астанада IFC мен «KazFoodProducts» ЖШС арасында 25 млн доллар инвестиция бөлу туралы келiсiмге қол қойылды.
Елiмiзде дәндi дақылдардан ұн, сiрне, крахмал, аралас жем өндiретiн, сондай-ақ, кондитерлiк тәттiлердi шығаратын «KazFoodProducts» ЖШС бас директоры Әлихан Талғатбектiң айтуынша, инвестиция 8 жылға берiлген. Дегенмен, компания жетекшiсi оның ставкасын айтпады.
«Бұл қаражат жаңа өндiрiстiк желiлердi сатып алуға және өндiрiстiк қуаттарды арттыруға жұмсалады. Жоба аясында 500-ден аса жұмыс орнын ашу, ауыл шаруашылық өнiмдерiн өңдеудi арттыру көзделiп отыр. Бұл фермерлер мен шикiзат жеткiзушiлердiң табысын арттыруға мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ, осы инвестицияның бiр бөлiгi «Баян сұлу» АҚ-қа кондитерлiк өнiм өндiретiн төрт желiнi сатып алуға жұмсалады. Бұл қолдау жалпы Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға ықпал етедi», – дедi Әлихан Талғатбек.