Терең өңдеуге талпыныс бар
Жеміс-жидекке, көкөніске, «ақ алтынға» берекелі Оңтүстік Қазақстан облысы өнімді өңдеуге басымдық бермек. Нарыққа шикізаттан гөрі дайын тауарды шығару тиімді екендігі даусыз. Табыстың кілтін табуға соны өндіріс ошақтары септігін тигізбек.
Тоқыма өнеркәсібіне қан жүгіртіледі
«Ақ алтынды» терең өңдеуге бет бұрған кәсіпорындардың қатары көбеюі кәдік. Мақтаны өңдеудің толық кластерлік жүйесін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында оң жолға қою діттелген. Шикізат түрінде өткізуден гөрі дайын өнім ретінде саудалауға басымдық берілмек. Ресми деректерді тергіштесек, күнгейде жиналатын шитті мақтаның бар-жоғы 35 пайызы ғана жергілікті тоқыма фабрикаларында өңделеді. Ал дені ел шекарасынан асып, өзге мемлекеттерге тасымалданады. Тек сыртқа жол тартқан «ақ алтын» бағасы бірнеше мәрте еселенген киім түрінде елімізге оралады. Оның тиімсіздігін жергілікті атқамінерлер де мойындап отыр.
– Ендігі мақсат – 2020 жылға дейін шитті мақтаның 90 пайызын өзіміздің облыста өңдеуді қамтамасыз ету. Сонымен қатар, шитті мақта көлемін 54 пайызға, яғни 420 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов.
Сыртқа жалтақтамай, тоқыма саласындағы жергілікті кәсіпорындарды шикізатпен тұрақты түрде қамтамасыз ету қамшыланады. Бұл бағытта мақтаның жаңа сұрыптарын өсіру, оның алқаптарын ұлғайту жұмыстары мықтап қаперге алынбақ. Биылғы межеленген жоспар – оның бір айғағы. Егер өткен жылы өңірде мақта 99 мың гектарға егілсе, биыл оның көлемі 100,6 мың гектарға жеткен. Оның 80 пайызы Мақтарал ауданының еншісіне тиесілі. «Береке-Мақта» ауылшаруашылық тұтыну кооперативі де науқанға қызу кіріскен. Кәсіптен нәсіп табу үшін 675 ұсақ шаруа қожалығы бірігіп, күш-жігерлерін жұмылдырды. Кооператив мүшелері кажетті техникамен қамданып, тұқымның бір бөлігін Түркиядан дорбалаған. «Көлемі 6832 гектарды құрайтын алқапқа мақта мен бақша дақылдарын, жүгері мен көкөністерді егу жоспарлануда. Негізінен шаруашылықтағы барлық өнімдер әрдайым үлкен сұранысқа ие», – деп мәселенің мәнісін төрағасы Мұрат Құрбанов тергіштеді.
«Ақ алтынды» өсірудің машақаты көп. Танап басындағы күйбең тірлік көбіне қол еңбегіне артылатыны мәшһүр. Десек те диқандар мақтаның берекелігін 40-45 центнерге дейін арттырып, жалпы өнім көлемін 300-400 мың тоннаға жеткізуді діттеп отыр. Бірақ екі аяққа тұсау салатын түйіткілдер де аз емес. Өңір жетекшісінің сөзіне сүйенсек, топырақтың мелиоративтік жағдайы, мақта шаруашылығындағы егіс көлемінің ұсақтылығы, ауыспалы егістің сақталмауы, су жүйелерінің тозуы, ағын судың жетіспеушілігі, жоғары сұрыпты тұқымдармен қамтамасыз ету баса назар аударуды талап етеді.
Отандық алма көбейтіледі
Күнгейдегі тұрғындардың дені ауылдық жерлерде түтін түтетіп отыр. Сәйкесінше қолына еңбек құралдарын алып, жерден ризығын тапқандардың қарасы қалың. Бүгінде құрал-саймандарын сайлаған оңтүстікқазақстандық диқандар танап басында тер төгуде. Биыл өңірдегі егіс алқабы 4 700 га ұлғайып, көрсеткіш 780,5 мыңды құрады. Жергілікті шаруалардың бүйрегі мақтамен қатар жаздық бидайға да бұратын көрінеді. Қыл аяғы соңғысы межеленген 41,2 мың гектардың орнына 44,3 мың га аумаққа сіңірілген. Мал азығы дақылдары жоңышқа мен сафлордың алқаптары да ұлғайтылды. Алғашқысы 46 мың гектарға жайғасса, екіншісі 70 мыңнан астам га себу жоспарланған.
– 773 мың гектар егіс көлемінің ішінде суармалы жерлердің аумағы 440 мың гектарға жетті. Облыс бойынша өткен жылы 115 гектар жерге жылыжай салынып, жалпы жылыжайлардың жалпы ауданы 1 025 гектарға жетті. Осы орайда республикадағы жылыжайлардың 87 пайызы ОҚО үлесінде екенін атап өткен жөн, – дейді аймақ жетекшісі.
Күнгейде 136 га аумақты қамтитын алып жылыжай кешені бой көтермек. Олар индустриалды аумақтар іспетті салынады деп күтілуде. Жоба өмірге жолдама алса, жылына 40 мың тонна көкөніс нарыққа жол тартпақ.
Жеміс пен көкөніске берекелі өңір одан таршылық көрмейтіні хақ. Жергілікті тұрғындардың сұранысы толық қамтамасыз етіліп, артылғаны өзге аймақтарға жол тартады. Сұраныс еселене түскен. Табиғаттың оң қабақ танытып, өнімге қарық қылуын жергілікті шенділер де мықтап кәдеге жаратуға бекінген. Ол үшін алып инвестициялық жобаға жан бітірмек. Қағаздағы меже өмірге жолдама алса, Қазығұрт ауданында өнеркәсіптік бақтың қазығы қаланады. 2 мыңнан астам аумақта жаңғақ пен алма көшеттері жайқалады. Тиісті технология сақталса, өнімнің берекелігі де көңілді күпті етпейді. Жоспар бойынша 2017 жылы 600 тоннадан астам жаңғақ жиналса, 2020 жылға қарай көрсеткіш 4 мыңды еңсеретініне үміт артылған. «Қарқынды бақтар» аграрлық белдеуі жобасының бағы жанса, отандық өнімнің дәмін шетелдіктер де татып көрмек.
Бүгінде өңірдегі алма бақтарының аумағы 4 мың га асып жығылады. Түлкібас ауданын жемістің отанына айналдыру діттеліп отыр. Өткен жылы онда алманың көшеттері 725 га аумаққа отырғызылған. Биыл оның көлемі 900 га ұлғайтылады деп күтілуде. Бұйырған өнімді өңдеуге де бетбұрыс байқалып отыр. Шырын шығаратын зауыттар өмірге жолдама алады деп жоспарланған.
Венера Мұстафина
10.05.2016 ж. жауап
Также читайте:
Безвирусные яблоки из Сербии выращивают в Жамбылской области
На шымкентских рынках покупатели не видят местных ягод и фруктов