Сағынтаев Ақмола облысындағы ет өңдеу зауытында болды

Бүгін Ақмола облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ет өңдеу зауытында болып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Мақсаты — АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысымен және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау жағдайымен танысу. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл басында Елбасы бес жыл ішінде АӨК-тегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды.

Ет өңдеу және консервіленген жартылай дайын өнім өндірісін тексеру барысында Премьер-Министрге дайын өнімдердің экспорттық жеткізілімін өсіру қарқыны туралы баяндалды. «Бижан ет өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Х. Бижан зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 5 мың тонна ет өнімін құрайтынын хабарлады. 2017 жылы 289,2 млн теңгеге, 2018 жылдың бес айында 486,4 млн теңгеге өнім өндірілді. Қазіргі таңда Ресей нарығына экспорт ретке келтірілген, Орталық Азия мен Қытайға шығу жоспарлануда.

Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 53,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2% жоғары. Осы жылдың бес айында азық-түлік өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 167%-ке артып, 3,9 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша қаңтар-сәуір айларында шұжық өнімдерін өндіру 20,5%-ке (493-тен 594 тоннаға дейін) өсті.

Бұдан кейін Премьер-Министр Астана қ. маңындағы азық-түлік белдеуін дамытуды ескере отырып, АӨК дамыту мен өңір қорларының өзекті мәселелері талқыланған облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Сондай-ақ, 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзектендірілген мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың жаңа мүмкіндіктері, құралдары мен механизмдері қарастырылды.

Өзінің алғы сөзінде Б. Сағынтаев Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында 2021 жылға дейінгі АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы өзектендірілгенін, онда бірқатар басым бағыттар белгіленгенін атап өтті. Олардың ішінде өнімділікті ұлғайту үшін жаңа технологияларды енгізуді ынталандыру, барынша жеңілдету мен автоматтандыруды көздейтін мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру шаралары бар. Субсидияларды оңтайландыру есебінен қаржы құралдары бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау көлемі ұлғайтылады.

Сондай-ақ, Премьер-Министр аграрлық ғылымды дамытуды, импортты алмастыруды және экспорттық әлеуетті дамытуды мемлекеттік бағдарламаны сәтті жүзеге асырудың негізгі шарттарының бірі деп атады.

Айта кету керек, Ақмола облысы — ауыл шаруашылығы тауарларының көлемі бойынша жетекші өңірлердің бірі. Өңірде еліміздегі дәнді дақылдардың ең ірі егіс алқабы бар. Ал облыстың Астанаға географиялық жақындығы оны елорданың азық-түлік белдеуінің басты қатысушысы етеді.

Елорданың азық-түлік белдеуі Астана қаласынан 300 шақырым аумақта орналасқан Ақмола облысының барлық 17 ауданын қамтиды. Бүгінгі таңда азық-түлік белдеуі аймағындағы өндіріс елорданың 12 түрлі өнімге деген (ұн, макарон өнімдері және нан, құс еті және жұмыртқа, жылқы еті, сиыр еті, шошқа еті, картоп, қызылша, қызанақ, қияр) сұранысын толығымен жабады. Сонымен қатар, Астанаға тауарлардың тоғыз түрін ұсынуға әлеуеті бар: өңделген сүт, қышқыл сүт өнімдері, май, ірімшік және сүзбе, қой еті, шұжық, орамжапырақ және сәбіз.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ұсынатын мүмкіндіктер туралы толығырақ баяндап берді. Оның айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарламаның мәні — жер мен қаржыландыруды қажет ететін фермерлерге баса көңіл бөлінеді. Мал шаруашылығымен, қой және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық фермаларды құру, жайылым алаңдарын 58 млн га-дан 100 млн га-ға дейін, ірі қара малдың санын 15 млн-ға дейін, қойлардың санын 30 млн-ға дейін арттыру көзделген.

«Фермер аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржылай қолдау қорымен 15 жылға 4%-бен қаражат ала алады. Бұл мәселе шешілуде, тек нақты технологиялық тәртіп қажет», – деді бірінші вице-министр.

Сонымен бірге А. Евниев Ақмола облысының Астана маңында азық-түлік белдеуін дамыту тұрғысынан келешегі туралы айтып берді.

«Астана маңында азық-түлік белдеуін дамыту – Мемлекет басшысының тапсырмасы, бұл өңірге берілген үлкен мүмкіндік. Бүгінде үкіметтің тапсырмасы бойынша жол картасы қабылданады. Оның аясында Астананың азық-түлік белдеуіне қатысушы мәртебесі құрылады, ол “ҚазАгро” қаржы институттарында арнайы шарттарды ұсынады, сондай-ақ жер және басқа да мәселелерді қарауда жеңілдіктер жасалатын болады», – деді А. Евниев.

Астана қаласының маңында азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша Жол картасы мыналарды қарастырады:

– агломерация аумағында өнім өндіру;

– азық-түлік белдеуінің дәстүрлі аймағынан өндіру және жеткізу (Астана қ. 300 шақырым аумақта);

– еліміздің басқа өңірлерінен өнім жеткізу.

Астана қаласына кепілдендірілген тұрақты азық-түлік жеткізуді қамтамасыз ететін «Елорданың азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесін беру механизмі енгізілетін болады. Сонымен қатар, осындай мәртебе алған АӨК субъектілері қалада өткізу нарықтарына, оның ішінде коммуналдық нарыққа басымдықпен қол жеткізе алады, сондай-ақ «ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларымен несие беру және субсидиялау мүмкіндігіне ие болады.

Одан әрі өңірдегі аграрлық сектор өкілдері сөз сөйледі. Атап айтқанда, «МПК «Бижан» ЖШС төрағасы Х. Бижан, ҚР ет одағының төрағасы М. Бақтыбаев, «Гормолзавод» ЖШС директоры А. Жақсылықов, «Capital Project LTD» ЖШС директоры М. Божко, «AQMOL SUT» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы А. Қасенов, «Бараев атындағы АШҒЗӨ» ЖШС директоры Қ. Абдуллаев, «Қараөзек» ЖШС директоры Искаков етті мал шаруашылығы, сүт саласы, құс шаруашылығын дамыту, ет өнімдерін өңдеу тәжірибелерімен бөлісіп, егіс науқанының қорытындысын шығарды және өңірдегі репродуктивті төлдемеген мал фермасын перспективалы құру және дәлме-дәл жер шаруашылығын енгізу мәселелерін көтерді.

Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП төрағасы А. Мырзахметов өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер көтерген барлық мәселелер Үкіметпен бірлесіп талқыланып, егжей-тегжейлі пысықталатынын айтты. Ол сонымен қатар көршілес елдерге экспортты арттыру қажеттігін атап өтті.

Сындарлы диалогтың қорытындыларын шығарған соң Премьер-Министр мемлекет тарапынан ауылдықтар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып отырғанын айтты.

Ел үкіметі Мемлекет басшысы қойған міндеттерді уақытылы іске асыру үшін барлық шараларды қабылдауда және Қазақстан үшін аграрлық сектордың стратегиялық маңыздылығын түсінеді. Б. Сағынтаев агробизнесті қойылған міндеттерді орындау процесіне белсене тартылып, идеялар мен нақты шешімдер ұсынуға үндеді.

Ақмола облысы мемлекеттің негізгі аграрлық-өнеркәсіптік өңірлерінің бірі, онда республикада өндірілетін бидайдың 25%, сүттің 7%, еттің 5,8% өндіріледі. Облыс бойынша соңғы бес жыл ішінде орташа жылдық бидай өндірісі 5 млн т құрады, ал осы кезеңде орташа жылдық бидай экспорты 1,8 млн т болды. Ауыл шаруашылығы малдарының барлық түрлерінің жыл сайынғы өсімі және өнім өндірісі 3%-дан 7%-ға дейін.

Облыста 1,5 мыңнан 5 мыңға дейін мал басын ұстай алатын бір мезеттік мал бордақылайтын арнайы кәсіпорындар желісі құрылған. Жалпы, аталған кәсіпорындардың жиынтық қуаттылығы 27 мың бастан асады.

Ауыл шаруашылығы өңдеуі де дамып келеді. Биылғы бес айдың ішінде азық-түлік өнімдерін өндіру 19,4% артқан, ал бірқатар позициялар бойынша, атап айтқанда, өсімдік майы бойынша өсім – 24,8%, ет бойынша — 19,7%, сүт өнімдері бойынша — 5,1%, ұн бойынша — 32,2% құрады.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы