Есептік кездесу: сауалдар мен жауаптар
Көрші елдерде ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту жұмыстары белсенді қолға алынған. Мұны ескерген қазақстандық атқамінерлер агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік тұрғыдан реттеу әдіс-тәсілдерін қайта қарастыруды ұйғарған.
Ішкі нарықты қорғауға, өткізудің сыртқы нарықтарын кеңейтуге, сауда-логистика инфрақұрылымын кеңейтуге, АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылмақ. Тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев тындырылған шаруаларды бағамдап, алдағы межелерді айқындады. Оның барысында тауар өндірушілер өздерінің көкейлеріндегі сауалдарын қойды.
Арзандатылған несие: мүмкіндік пе әлде машақат па?
Ашығалиев Қатауолла 23 жылдан бері аграрлық кәсіппен айналысады. Құс шаруашылығына бет бұрған батысқа- зақстандық тұрғын несие алу машақатқа айналғанына қынжылды.
– Елбасы дөп басып белгілегендей, бизнесмен, әсіресе аграрлық кәсіпкер бұған дейінгі несиесін жабу үшін кезектісін алады. Мен – олардың бірімін. 13 наурыздан бері «ҚазАгродан» несие ала алмай жүрмін. Егер бұрын «бір вагон» құжат қажет болса, енді биыл оның «үш вагонын» талап етеді. «ҚазАгрода» бірнеше басшы докторлық диссертация жазып жатқан секілді ой қалыптасады. Несиені алу шарттары және 16% жылдық мөлшерлеме – бұл, әсіресе Батыс Қазақстан облысына тиімсіз, – деп көкейін кернеген мәселені «Ақас агрофирмасы» ЖШС басшысы Ашығалиев Қатауолла ортаға салды.
Ауылшаруашылық таруар өндіруші ұсынылатын құжаттардың нақты тізімін бекітуді және несие беруге 10 күннен аспайтын уақытты белгілеуді ұсынды. Құс өсірушінің бұйымтайына құлақ салған еліміздің бас аграрийі «ҚазАгрода» несиені беру тәртібі күрделі процесс екендігін мойындады. Бірақ оны министрдің не министрліктің басқаруы ақылға сыймайтынын атап өтті.
– Онда әрбір учаскеде өз ісіне басымен жауап беретін адамдар отыр. Егер мен осы жерден құжаттар тізімі осындай, егер талапқа сай келсе, несие бер деп нұсқап отырсам, онда ол қызметінен кетіп қалады. «ҚазАгро» несиені көп беріп, өткен жыл компания үшін шығынмен аяқталғанын білесіздер. Портфельмен нақты мәселелер бар. Сондықтан шенеуніктер министрлікте отырып, несиені беруді реттеуі дұрыс жол деп ойламаймын. Әрине, оны оңтайландыру қажет. Тіпті несие беруді автоматтандырып, кредиттік офицерлер, адамдар араласпауы тиіс. Бүгінде біз мұнымен айналысып жатырмыз, – деп мәселенің мәнісіне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев тоқталды.
Бизнес-процестер автоматтандырылады
Цифрлық технологиялар ауыл шаруашылығы саласын да айналып өтпейді. Қағазбастылыққа жол бермей, жұмысты оңтайландыру және жетілдіру көзделіп отыр. Бүгінде «Қазагроның» несиелік өнімдері бойынша нақты бизнес-процестер реттелген. Егер жоспар жүзеге асса, онда келешекте тауар өндірушілер кеңселерінен шықпай-ақ, өтінім жолдайды және оның мақұлдану барысын көреді. Бүгінде бұл жүйе тестілеуден өткізілуде. Нәтижесі көңілден шықса, атқамінерлер оны жылдың соңына қарай қолданысқа енгізуге бекініп отыр. «Кез келген тауар өндіруші өтінім қай маманға түскенін, қашан қаралатынын және жауаптың мерзімін біле алады. Бұл әзірленіп, енді басқа ақпарат қорларымен үйлестіріледі. Мәселен, диқанның техникасы бар ма? Егер бұл ақпаратты тіркеу қорынан алсақ, оны сұратудың қажеттігі артта қалады. Осылайша тауар өндірушіден сұралатын құжаттардың саны азайтылады», – деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев.
Оның айтуынша, егістіктер бойынша ақпарат тек қағаз жүзінде емес, электрондық түрде болмақ. Диқандар қауымы сайт- та тіркеліп, жеке кабинетін ашады. Онда өзіне тиесілі алқаптарды электрондық түрде белгілеп, қажетті ақпаратты көрсетеді. Қазіргі таңда алқаптардың 85 пайыздан астамы цифрлық жүйеге енгізілген.
– Бұл қандай мақсатта жүргізіліп отыр? Біріншіден, барлық субсидияны аталған жүйемен байланыстыру қажет. Бүгінде минералды тыңайтқышқа бөлінетін субсидияны осылайша автоматтандырдық. Бұдан әрі алдағы уақытта дизельді отын бойынша жеткізуші, сатып алушы және оны сақтайтын мұнай базасы арасында электрондық келісімшарт болады. Бұл бағытта бірқатар облыстар пилоттық түрде аталған жүйені сынауға ниет білдіруде, – деп қолға алынған жаңашылдыққа Арман Қайратұлы кеңінен тоқталды.
Атқамінерлер нәтижесі де ұзақ күттірмейтініне үміт артып отыр. Жүйе сыр бермесе, оны биылғы орақ науқанын дизель отынымен қамтамасыз ету барысында кәдеге жарату көзделген.
Электрондық субсидиялаудағы түйткіл
Минералды тыңайтқышқа субсидия беру барысы толық автоматтандырылғаны мәлім. Бірақ кейбір диқандар талап етілген құжаттардың бірін электрондық түрде ұсына алмай, дал болған. Оған «Абзал және К» серіктестігінің орынбасары Асқар Пернебекұлы да бас қатырған.
– Кейбір шаруашылықтар тыңайтқыштарды көрші мемлекеттен сатып алуда. Алайда ресейлік зауыттар бізге шот-фактураны тек қағаз жүзінде ғана беріп отыр. Енді біз тығырыққа тірелдік. Субсидияға өтінім беруге бекінсек, бізден оның электрондық түрі талап етіліп отыр. Ал ресейлік зауыт электрондық құжатты бермейді, – деп ағынан жарылды қызылордалық тауар өндіруші.
Туындаған мәселеден құзырлы министрлік хабардар. Атқамінерлер ауылшаруашылық тауар өндірушілердің базынасына құлақ асқан. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, енді қағаз жүзіндегі шот-фактураның электрондық көшірмесімен жұмыс істеуге болады. Ол көпшілікке субсидияны беру барысын автоматтандырудың мақсаты жайлы түсіндірді.
– Субсидия қалай бөлінеді? Оны біз жалпы трансфертпен облыстарға бөлеміз, – деп сөзін жалғады ол. – Жергілікті жерлердегі ауыл шаруашылығы басқармалары біздің бекіткен ереже бойынша субсидияны бөледі. Мұны ашық және жариялы жүргізу мақсатында цифрландыруды қолға алдық. Бірінші рет тыңайтқыштарды бөлу барысы автоматтандырылды. Бұл жүйе және ауылшаруашылық тауар өндіруші арасындағы іс-әрекет. Оған басқа адам қатыспайды.
Алдағы уақытта тиімсіз субсидиялардан бас тартылмақ. Бағаның қалыптасуын бұрмалайтын және ДСҰ әдістемесі бойынша «сары» себетке жататын демеуқаржының түрлері кәдеге жаратылмайды. Мәселен, егіншіліктегі гектарлық субсидия 2019 жылдан бастап жойылады. Есесіне қаржы агросақтандыру, несие серіктестерінің жүйесі, кепілдендіру институты, пайыздық мөлшерлемені қайтару тәрізді бағыттарға жұмсалмақ. Мемлекеттік қолдау арқылы жаңа технологияларды ендіруге және өнімділікті арттыруға ынталандыру жоспарланып отыр.
Техника лизингі: пайыздық мөлшерлеме субсидияланады
Ауылшаруашылық техниканың ахуалы мәз емес. Оның 80 пайызы бойынша қолдану мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Тозған құрал-жабдықтармен өнімділікті арттыру және сапаны жақсарту екіталай. Атқамінерлердің есебінше, заманауи техниканың арқасында дәнді дақылдардың гектар берекелігі 22 центнерге жетуі мүмкін. Ал бүгінде бұл көрсеткіш орташа алғанда 12 центнерді құрайды. Бірақ техниканың бағасы күйіп тұр. Оны сатып алуға көбіне тауар өндірушілердің қалтасы жұқа.
– 2016 жылға дейін техниканың лизингі және ауылшаруашылық малды сатып алу бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы жүзеге асты. Үлкен сұранысқа ие болғанымен, кейін ол тоқтатылды. 2017 жылдан бастап тек айналым қаржысы ғана субсидияланады. Егер шаруашылықты кеңейткің келсе, нарықтағы несиенің пайыздық мөлшерлемесі жоғары және бұл қымбат болып табылады. Мұның барлығын ескерсек, аталған бағдарламаны қайта жаңғыртуды немесе негізгі қаржыны қаржыландыру бағдарламасын әзірлеуді сұраймыз, – деп диқандар қауымын мазалаған мәселені «Қазақстан фермерлері одағы» РҚБ Қостанай филиалының төрағасы Владимир Дранчук жіпке тізді.
Ауылшаруашылығы техникасының лизингі бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау жоспарланып отыр. Сонымен бірге инвестициялық субсидиялау бағдарламасы да жалғасын тауып, жұмсалған шығынның бір бөлігін қайтару қарастырылған.
– Үнемдеу мақсатында негізгі қаржыны субсидиялаудан бас тартылып, тек 12 айға айналым қаржысы ғана демеуқаржыландырылады. Ауылшаруашылық тауар өндірушілердің басын ауыртып, балтырын сыздатқан мәселе – айналым қаржысы емес, негізгі қаржыға қажетті «ұзын» несиелердің жайы. Техниканы жаңғыртуды талап етеді. Технология артта қалып келеді. Сондықтан негізгі қаржыны субсидиялауды қалпына келтірдік, – деп мәселенің жай-жапсарын Өмірзақ Шөкеев бағамдады.
Көрші Өзбекстанның өзінде ауылшаруашылық техникасы лизингке бар-жоғы 2 пайызбен берілетін көрінеді. Ал бізде оның пайыздық мөлшерлемесі 14-тен төмен емес. Сондықтан еліміз бойынша ауылшаруашылық техниканы жаңарту көрсеткіші төмендеген: әзірге жылына 2 пайыздан аспай отыр. Мұны мықтап қаперге алған атқамінерлер келешекте оның деңгейін 6% жеткізуді межелеп отыр. Оған қол жеткізу үшін техникалық жарақтандыру бағытындағы қолдау шаралары нысанаға алмақ.
– Қазір шаруалар лизингті 16-18% алатын болса, бұл 7-8 пайызға дейін төмендетіледі. Осының арқасында есеп бойынша кәсіпкерлердің техникаға салатын қаржысы 273 млрд теңгеге дейін жетеді. Осы шаралардың арқасында 5 жылда техникалық жаңартудың нормативтік қарқынын жылына 6%-ке жеткіземіз. Биылғы жылдан бастап, инвестициялық субсидиялау 25%-ты құрайтын болады, – деп атап өтті Үкіметтің кеңейтілген отырысында Арман Қайратұлы.
Отбасылық фермалар көбеймек
Артур Жетенов ата кәсіпке бұрып, нәсібін тауып отыр. 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасы ірі қара малды сатып алған. Бүгінде оның еншісіндегі малдың басы еселенді. Қолға алған ісі өрге домалап, қажетті техникамен жабдықталды. Қысқа қам жасап, малға арналған қора-жайларды тұрғызған. Енді шаруашылықты кеңейтуге мүдделі. Етті бағыттағы малдың басын көбейтуді жоспарлап отыр. Бірақ оған қол қысқа дейді.
– Бірақ бүгінде «Сыбаға» бағдарламасы жоқ. Біз секілді шаруашылықтар үшін мал сатып алуға жеңілдетілген қаржыландыру қарастырыла ма?, – деп өз сауалын «Қаршыға» шаруа қожалығын басшысы жолдады.
Биыл әзірленген ет шаруашылығын дамыту бағдарламасына қолдау шаралары қарастырылған. Оған қатысушылар үшін мал басын, техника мен құрал-жабдықтарды сатып алуға жеңілдікпен несие берілмек. Оның мерзімі – 15 жыл. Жылдық мөлшерлемесі – 4%. Бұл ретте ата кәсіппен айналысып жүрген шаруашылықтарды қолдап, олардың қуаттылығын арттыруға баса назар аударылмақ. Сонымен бірге Зеңгі баба, Шопан ата, Қамбар ата тұқымын өсірумен айналысатын 80 мыңнан астам жаңа отбасылық ферманы да құру жоспарда бар.
– «Сыбаға» – несиелік өнім. Оның арқасында елімізде 16 мың шаруашылық құрылды. Кейін бұл бағдарлама жабылып, көбіне қосалқы шаруашылықтарға көңіл бөлінді. Біз ешқайсысына – отбасылық фермаларға, қосалқы шаруашылықтарға, кооперацияларға қарсы емеспіз. Бірақ, біздің ойымызша, ең үлкен әлеует – отбасылық шаруашылықтарда. Себебі олар ата кәсіппен кәсіби түрде айналысады, – деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.
Министрліктің есебіне сүйенсек, отбасылық ферманы құру үшін шамамен 500 га жайылым қажет. Сондықтан атқамінерлер әрбір аудан әкімімен ата кәсіпке жарамды бос жерлер бойынша бірлесе жұмыс жүргізуде. Осылайша елімізде қолданылатын жайылымдық жерлердің аумағын 58 млн гектардан 100 миллионға дейін жеткізу діттеліп отыр. Егер жер пайдаланушыда өрістер болғанымен, малды ұстау нормативтері сақталмаса, бұл тиімсіз пайдаланумен теңелмек.
Венера Мұстафина
02.07.2018 ж. мақала