Электрондық қолхаттар артылған үмітті ақтай ма?

Қағаз күйіндегі астық қолхаттары ысырылып, оның орнын электрондық үлгі баспақ. Биылғы шілденің 23-нен жаңа жүйе ресми түрде қолданысқа енеді. Оның арқасында ақпараттың дәйектілігі және мөлдірлігі қамтамасыз етіледі деп күтіледі.

Деректердің дәйектілігі артады

нді астық қолхаттары қағаз түріндегі күйінен арылады. Олар шаң басып жатпайды. Есесіне электрондық күйге ауыстырылады. Онлайн тәртіпте­гі дерекқорға артылған үміт көп. Біріншіден, жүйенің мөлдірлігін арттырады. Екіншіден, қасақа­на бұзушылықтарды азайтады. Оны жерден ризығын тапқан тауар өндірушілер де мойындап отыр. Танап басында тынымсыз тер төгетіндер теріскейліктер бойынша көрсеткіштер туралы ақпараттың дәйектілігі артатын алға тартады.

233к2332

– Ауылшаруашылық тауар өндірушілер астықты элева­торды тапсырған кезде көрсет­кіштердің төмендетілуіне тап болады. Мәселен, дәнді элева­торға қабылдауда оның сұрпы, сипаттамалары құлдилайды, жақсы астық сапасы нашармен араластырылады және түп­тің түбінде қорытынды орта көрсеткіш бойынша беріледі. Бүгінде көрсеткіштер бойын­ша келісімге келу үшін шару­аларға үш күн беріледі. Егер жаңашылдық жедел әдіске айналып, тапсырылатын дән­нің сапасы мен саны айтылса, одан біздің ұтатынымыз көп. Біз үшін астық қолхаттарының электрондық үлгісі өте ыңғай­лы. Қағазбастылыққа да жол берілмейді. Ең бастысы шаруа қожалығында жоғары жылдам­дықтағы интернетке қолже­тімділік болуы тиіс, – деп өзінің пайымын «Мәмбетов және К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов білдірді.

Артық шығынға жол жоқ

Астық қолхаты құнды қағазға пара-пар. Әуелі тауар өндіру­шінің элеваторға тапсырылған дәнге меншік құқығын растайды. Екіншіден, банктен несие алуға кепілдеме ретінде қол­данылады. Соңғысы тауар өнді­рушілер тарапынан сұранысқа ие. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми деректе­рі айғақтайды. 2002-2015 жыл­дар аралығында астық қолхаты арқылы 1,5 трлн.теңге көлемінде несие рәсімделген.

– Электрондық астық қолхат­тары шаруалар үшін шығын­дарды азайтуға мүмкіндік бере­ді. Енді тауар өндірушіге элева­торға барып, өз уақытын рәсуа етудің қажеті жоқ. Барлық опе­рациялар электрондық күйде жүргізіледі. Әрбір агроқұрылым иесі сақтауға тапсырылған астық туралы ақпаратты онлайн тәр­тіпте көре алады. Осылайша олар астықтың сапасын анықтау­да мүдделерін қорғай алады. Ал Астық қабылдау кәсіпорындары астық қолхаттарын алу және рәсімдеу үшін қосымша шығын­дарға батпайды. Бақылаушы органдар барлық шығарылған астық қолхаттарына қолжетім­дікті иеленеді. Бұл өз кезегін­де астықтың ахуалына жедел түрде сараптау жүргізіп, еліміз­дің аумағындағы элеваторлар­дың қаншалықты жүктелгенін білуге жол ашады, – деп мәселе­нің мән-жайын ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өнді­ру мен қайта өңдеу департамен­тінің директоры Ляззат Купано­ва тергіштеді.

Электрондық астық қолхатын иеленудің талаптары бар. Әуелі тауар өндірушілерге және Астық қабылдау кәсіпорындарына электрондық сандық қолтаңба және интернет желісіне қолже­тімділік қажет. Атқамінерлердің сөзінше, лицензияланған эле­ваторлар орналасқан барлық елдімекендерде ғаламторды қолданудың мүмкіндіктері бар. Себебі биылғы шілде айынан бастап «е-астық» мобильдік қосымшасы іске қосылады. Оның арқасында әлемнің кез кел­ген жерінен астық қолхатымен операцияларды жүргізуге жол ашылмақ.

Астық қозғалысы бақыланады

Бүгінде портал арқылы астық сақтау қоймаларының элек­трондық картасына қөз жүгірту­ге мүмкіндік бар. Онда элеватор­дың техникалық сыйымдылығы көрсетілген.

– Тауар өндіруші астықты эле­ваторға тапсырады. Онда дән­нің сандық-сапалық сипаттама­лары анықталып, Астық қабыл­дау кәсіпорны астық қолхатын әзірлеу туралы бұйрық шыға­рады. Ал дәнді дақыл иесінің еншісіне бұл сипаттамалармен келісу құқығы беріледі. Себе­бі іс жүзінде Астық қабылдау кәсіпорындарының мүддесіне байланысты астықтың көрсет­кіштері төмендетілетін жайт­тар кездеседі. Оған жол бермеу үшін астықтың иесіне аталмыш бұйрықтың көшірмесін жасау құқығы беріледі. Ол элеватор­дың бағалау сипаттамаларымен келіскеннен кейін ғана астық қолхаты шығарылады. Басқа жағдайда астықтың иесі тауарды алып кетіп, оны басқа элеваторға тапсыра алады. Сонымен қатар дәнді дақыл элеваторға жеткі­зілген кезден бастап 3 күн ішін­де астық қолхаты шығарылуы тиіс, – деп түсіндірді «Ақпарат­тық тіркеу орталығы» АҚ Басқар­ма төрағасы Жанасыл Оспанов.

Астық қолхаты minagri.kz сай­тында қолжетімді болмақ. Бұл жүйе лицензияларды беру және уақытша тоқтату, тыйым салу, жылдық есептілік және Астық қабылдау кәсіпорындарының қаржылық жағдайы іспетті бар­лық мәліметтерді автоматты түр­де алуға мүмкіндік береді. Пай­даланушы бұл деректерді қарау үшін сайтта тіркеуден өтудің қажеті жоқ.

Атқамінерлер электрон­дық қолхат үмітті ақтайтынына сенімді. Жоспар бойынша келе­шекте статистикалық есепті­лік жасалады. Оның арқасында астық айналымын бағамдауға жол ашылады. Соңғы жылдары статистикалық есептілік жүргі­зілмегені мәшһүр. Бар гәп мөл­дір жүйенің жоқтығына тірел­ген. Астықтың құнымен қатар оның саудаланған және сатып алынған көлемін бақылау екіта­лай еді. Қыл аяғы элеваторларда атымен болмаған астыққа қол­хаттар берілген жағдайлар тір­келген. Мұндай олқылықтарға жаңа жүйе жол бермейді деп атқамінерлер үміт артады. Себебі электрондық қолхат арқылы элеваторда сақталатын астықпен қатар барлық дәнді дақылдың қозғалысы бақылауға алынады.

Венера Мұстафина

07.07.2016 ж. жауап

Также читайте:

С 23 июля система электронных зерновых расписок будет работать в штатном режиме

Электронные зерновые расписки обеспечат прозрачность данных

Четыре тысячи фермеров Казахстана получили электронные цифровые подписи

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы