Делдалдардың асығы алшысынан түсуде
Жұмыртқа өндірісі бойынша өзімізді 100 пайыз қамтысақ, ал құс етін тұтынуда әлі де сыртқа алақан жайылады. Саланы қамшылауға отандық асыл тұқымды құс шаруашылығының кенжелеуі қолбайлау болып отыр.
Көбейтуге басымдық берілуі тиіс
Нәтижесінде асыл тұқымды тәуліктік балапандар мен жұмыртқа сырттан дорбаланады. Оның құны қалтаны қағатынын құс өсірушілер алға тартуда. Дәйектеріне сүйенсек, өткен жылы етті бағыттағы балапанның біреуіне 1200 теңге жұмсалған. Ал биыл баға 3 мың теңгеге шарықтады. Оған тап болған құс өсірушілер отандық асыл тұқымды материалды көбейту қажеттігін құптайды.Әзірге жұмыртқа бағытында елімізде тек 4 асыл тұқымды шаруашылық бар. Бірақ мұның өзі таршылық етеді.
– Асыл тұқымды құстың шығыны көбірек екеніне келісемін. Біз оларды көбейтуіміз қажет, яғни ата-аналық табынды сатып алған ләзім. Алайда бұл ретте өзіміздің кросстарымызды шығарып, ғылымды дамытудың еш мәні жоқ. Оның сұранысқа ие болуы екіталай. Қыл аяғы біздің құс өсірушілердің кроссқа талаптары әрқилы. Қандай асыл тұқымды балапандарды немесе жұмыртқаны сатып алу қажеттігі бойынша ортақ талаптар жоқ. Ал оны көбейту мүмкіндігі бар. Біз оны қолдап, бастамашылдық танытқандарға қомақты инвестициялық демеуқаржы ұсынуға әзірміз. Ата-аналық табынды сатып алып, оны өзімізде көбейтсек, тасымалдау шығынан құтыламыз, – деп мәселенің мән-жайын Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жіпке тізді.
Бәсекелестікті қамшылаған жөн
Отандық тауарлардың құны тұтынушылардың қалтасын қағады. Бірақ кіріске тауар өндірушілер емес, делдалдар кенелуде. Соңғы тараптың қитұрқы әрекетінен ауылшаруашылық өнімнің бағасы шарықтайтын көрінеді.Мәселен, сауда сөрелеріне жол тартқан жұмыртқаның құны екі есе қымбаттайды. Құс өсірушілер сауда-саттықта қара қыл қақ жарылмағанына налиды. «Неліктен бізден 18 теңгеге сатып алынған жұмыртқаны сату үшін оның бағасына тағы 18 теңге қосылады?» – деп шүйлікті «Ижевское» ӨК басшысы Ибрагим Жангуразов. Оның бұйымтайын шешудің амалы бәсекелестік ортаны қалыптастыруға тіреледі. Шенділердің пікірі осыған саяды.
– Нәтижесінде делдалдар кенелетін қомақты кіріс көлемі азаяды. Тауар өндірушіде өндірістің тиімділігі 10% құрайды. Сонымен қатар ол бәсекелестікті қорғау қызметінің қатаң бақылауына алынады. Тыңайтқыштарды өндіретін 2 зауытымыз монополияға қарсы комитетпен келіспей, оның бағасын көтерді. Бізде 60 құс шаруашылығы болса, олардың барлығына да монополияға қарсы инспекторлар қысым көрсетеді. Бағаны сәл көтерсең, өзара келісу және өнім құнын көтеру деп айыптап, кесірінен миллиондаған айыппұлдар салынады. Бұл ретте саудадағы бәсекелестікті дамыту қажет. Бірақ біз қол қусырып отырмыз. Қалаларды дамыту жоспарында сауда-саттыққа арнайы орындар қарастырылмайды. Сондықтан өнім өндірушілер оны шектен тыс қымбат бағамен сатып алып, бұл сауда кәсіпорнының өзіндік бағасына әсер етіп, жалдау құнында көрініс табады. Сауда-саттықты, логистиканы дамыту қажет. Сонда ғана шығындар азайып, сауда бизнесінің маржиналдық кірісі төмендейді, – деп мәселенің жай-жапсарын еліміздің бас аграрийі тергіштеді.
2015 жылдың деректерін тергіштесек, жер-жаһанда өндірілген еттің көлемі 310 млн. тоннадан асып жығылған. Оның 37% иеленген шошқа шаруашылығы көшті бастап келеді. Соңынан 110 миллион тоннаны бағындырған құс шаруашылығы ілескен. Үштікті 31 пайызбен ірі қара етін өндірушілер түйіндейді. Сәуегейлер 2050 жылға қарай көрсеткіш еселейтінін алға тартады. Болжамға сай құс етінің өндірісі бірінші орынды иеленбек. Ал бүгінде оның көлемі 296 млн тоннаны құрайды. Елімізде де кәсіптің бұл түріне ден қойғандардың қатары қалың. Бірақ әлі де өзімізді отандық құс етімен 100 пайыз қамтамасыз ете алмай отырмыз.
Венера Мұстафина
Ссылки по теме:
Японцы вывели курей, которые производят яйца без аллергена
Құс өсірушілер жаңа жылға үміттеніп отыр
Мамытбеков на лимонах и яйцах объяснил неэффективность субсидий
Құсқа арналған азықпен қамдандық па?
В Башкирии откроется новый инкубатор
Казахстанские птицеводы снова обращаются к Правительству