Бизнеске заңсыз араласқан 95 лауазымды тұлға сотталды
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері бизнеске заңсыз араласқан мемлекеттік органдардың 186 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлімдеді.
«Органның бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғау қызметінде ілгерілемелі даму байқалуда. Бұл бағытта 249 фактінің жолы кесілді. Оларды жасағаны үшін 186 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылуда, 95-і сотталды. Алдыңғы жылғы кезеңмен салыстырғанда 1,5 есеге көп кәсіпкерлердің құқығы қорғалды – 261-ден 414 тұлғаға дейін. Бұл жерде «Бизнесті және инвестицияларды қорғау» жобасының жоғары нәтижелігін атап өту қажет. Қазіргі таңда жалпы бағасы 6,9 трлн теңгеден астам 252 бизнес-жобалар агенттіктің сүйемелдеуінде. Оның 32% – бұл шетелдік үлесі бар жобалар. Аталған жоба аясында тек қана адал бизнес агенттікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелденуде», – деді Жанна Бастарова.
Агенттіктің ресми өкілі еліміздің әрбір азаматы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 24/7 қағидаты бойынша жұмыс жасайтын 1424 Call-орталығына хабарласа алатындығын атап өтті.
«Азаматтар сондай-ақ ресми хатпен біздің Агенттікке немесе Ұлттық бюроның кезекші бөліміне, Агенттік төрағасының ресми блогына және оның жеке электрондық поштасына өтініш жолдай алады. Өтініштер бойынша жедел әрекет ету шаралары қабылданатын болады», – деп сөзін түйіндеді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Жанна Бастарова Ұлттық бюро жыл басынан бері қанша сыбайлас жемқорлық фактісін анықтағаны туралы және сыбайлас жемқорлық қылмысы азайған органдар жайлы айтқан болатын. Сонымен қатар ол, расталған жемқорлық фактісін хабарлағандарға қанша теңге берілгені туралы айтты.