Ауыл шаруашылығына «жасыл» технологиялар қажет
Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор. Бірақ инновациялық технологиялар дер кезінде ендірілмесе, азық-түлік қауіпсіздігіне қара бұлт төнуі кәдік. Оған ҚР БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері сенімді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жасыл экономиканың қағидаларына иек арту қажет. Заманауи технологиялар кәдеге жаратылса, ауылшаруашылық дақылдардың өнімділігі артады. Оның арқасында экспорттық әлеуеттің құлашын кеңейтуге жол ашық. Мәселен, елімізде бір жылда қамбаға құйылатын сары алтынның көлемін 22 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік бар. Оның есеп-қисабын БҰҰ жергілікті мамандары жасаған.
-Бірақ ауыл шаруашылығын дамыту бойынша ескі әдістер мен тәсілдердің қолданылуынан, бүгінде тек 14,6 млн тонна дәнді дақыл жиналады. 1990 жылдары еліміздің ІЖӨ-де ауыл шаруашылығының үлесі 32% құраған. Бүгінде бұл көрсеткіш бар-жоғы 5% ғана құрайды. Ауыл шаруашылығын тұрақты түрде дамыту үшін тауар өндірушілерді барынша сумен қамтамасыз ету, жердің деградацияға ұшырауын азайту, климаттық жағдайларға бейімделу міндеті тұр. Климаттық құбылыстарды болжаудың жаңа әдістері қажет. Салаға жаңа технология ендіріп, суды көп қажет етпейтін және құрғақшылыққа бейім өңірлерде өсетін жаңа ауылшаруашылық дақылдарды кәдеге жаратқан абзал, – деп мәселенің мән-жайын БҰҰ Даму бағдарламасының бағдарламалық маманы Виктория Байғазина тергіштеді.
БҰҰ ДБ еліміздің аумағында бірқатар ауылшаруашылық жобаларды қолға алған. Оның арқасында дақылдардың өнімділігін арттыру діттеліп отыр. Бастамалардың бірі Қызылорда облысының алқаптарында кәдеге жаратылуда. Күріш дәндері сіңірілген учаскеге лазерлік тегістеу технологиясы ендірілді. «Алқап тегіс болмаса, онда егілген дақылға суды тең түрде бөлу екіталай. Бірақ жақсы өнім алу үшін бұл технологияны қолдануымыз қажет. Күріш судың аздығынан да, оның тым көптігінен де жапа шегеді. Ал лазерлік тегістеу арқасында дақылға құйылатын су бірдей деңгейде сіңеді. Тіршілік нәрі үнемделеді, топырақтың батпақтануына жол берілмейді. Есесіне оның құнарлығы жақсара түседі», – дейді ол.
Ақмола облысында да қанатқақты жоба жүзеге асырылуда. Шортанды ауылының алқабына астық тұқымының құрғақшылыққа төтеп беретін жаңа сұрпы сіңірілген. Мамандардың сөзіне сенсек, осылайша Қазақстанның экспорттық әлеуеті кемінде 15% еселенеді.
Су ресурстарын үнемді және тиімді түрде пайдалану бағытталған жоба еліміздің 8 өңірінде өмірге жолдама алған. Жасыл технологияларға негізделген игі бастама Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетімен бірлесе қолға алынған.
Тіршілік нәрін үнемді пайдалану – әлемдік деңгейдегі көкейтесті мәселе. БҰҰ «Өмір және су» есебіне сүйенсек, жер-жаһанда «жасыл» технологиялар ендірілмесе, 2030 жылға қарай бес миллиардтан астам адам немесе жер бетіндегі халықтың 67 пайызы судан тарығады.
Венера Мұстафина
01.08.2016 ж. жауап
Также читайте:
В Астане открылся «Учебный центр «зеленых» технологий» (ФОТО)
Назарбаев: В 2017 году астанинский лес соединится с национальным парком Боровое