Жер жақсы көктеген – СҚО-да биыл шөп былтырғыдан екі есе арзан
Солтүстік Қазақстан облысында шаруалар биыл қалың шыққан шөпті шаба алмай отыр. Күнара жауған жаңбыр науқанға қызу кірісуге мұрша бермей жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Шабындық жерлерде шөп белуардан келеді. Ақжар ауданының тұрғыны Назымбек Егінбайұлының айтуынша, жауын-шашын салдарынан ауыл тұрғындары іске бел буып кірісе алмай отыр.
«Алдымен қорадағы малға қысқыға шөп жинап, артылғанын сатамыз. Шапқан шөп далада жатыр, бірақ жинап ала алмай отырмыз, күнара жауын, кеппейді. Былтыр қуаңшылық болды, салмағы шамамен 300 келілік үлкен орама шөптерді орташа 15 мың теңгеден сатты. Биыл сұраныс аз болатын сыңайлы, әзірге орамаларға 6-9 мың теңге аралығында сұрап жатыр», – дейді ауыл тұрғыны.
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өңірге малдың жайлы қыстап шығуы үшін 940 мың тонна шөп, 234,6 мың тонна пішен, 278,1 мың тонна сүрлем, 867 мың тонна сабан және 818 мың тонна жем қажет.
Оның ішінде тұрғындардың қорасындағы малына 420 мың тоннадан астам шөп, сонша шамада сабан және 277 мың тонна жем әзірлеу керек.
«Жалпы облыс бойынша 379 мың га жерге мал азықтық дақылдар егілген. Көпжылдық екпе шөп мал азықтық алқаптардың 52 % алып жатыр. Соңғы жедел ақпаратқа сай өңірде 488,3 тонна шөп дайындалды. Бұл жоспарлаған көлемнің 52 % тең», – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Анастасия Харламова.