Жас кәсіпкер туған ауылын көркейту жоспарымен бөлісті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жастар жылының ашылуында сөйлеген сөзі жастарды қанаттандырды. Мұндай пікірді «Назарбаев Университетінде» өтіп жатқан Self-made форумында ауыл шаруашылығы саласының жас кәсіпкері Дәлел Жүзбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасы жариялаған бағдарламалардың жемісін көріп жүрмін десем артық айтқандық емес. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алдым. Ал бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы туған жерімде агробизнеспен айналысып жатырмын. 2015 жылы әкем өмірден озып, шаруашылық тізгінін қолыма алуға тура келді. Жалпы, оған дейін Астанадағы ұлттық компаниялардың бірінде жұмыс істеп жүрген едім. Бүгінде ауылда агробизнесті табысты жүзеге асырудамын», – деді ол.
Жас кәсіпкер ауыл шаруашылығымен айналысудың қиыншылығы да бар екендігін, дегенмен өзіне ұнайтындығын атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісті.
«Ақмола облысының Қорғалжын ауданында дәнді-дақылдар өсіруімен айналысамыз. Биыл 15 мың гектар алқапқа бидай мен арпа себу жоспарымызда бар. Кәсіпорынымызда 60-тан астам адам жұмыс істейді, олар орташа есеппен 120 мың теңге жалақы алады. Компаниямыз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де естен шығарған емес. Ауылда мектеп те салдық. Алдағы жылы бүкіл ауылдағы үйге су құбырын тартып, көшелерімізді жарықтандырмақ ойымыз бар. Жоспарымыз өте көп. Жастар жылының ашылу салтанатында Елбасының айтқан сөздерінен қанаттанып шықтық және елімізді көркейту жолындағы жұмысымызды жандандыра түсуге дайынбыз», – деді Далел Жүзбаев.