Жас фермер. Жастардың таңдауы – ауыл шаруашлығы. Мұрат Бекбосынұлының табысты даму жолы
Ауыл шаруашылығы – жастар үшін де зор мүмкіндік. Мұны 32 жастағы Мұрат Бекбосынұлының даму жолы айқын көрсетеді. Ол үшін ауыл шаруашылығы – жай ғана кәсіп емес, өз қабілетін танытып, туған жерінің өркендеуіне үлес қосудың мүмкіндігі. Бұл туралы «АгроИнфо» АА ҚР АШМ баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.

Мұрат заңгер мамандығын алғанымен, өмірін ауыл шаруашылығымен байланыстыруды жөн көрген.
Агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлік қызметін 2014 жылы бастап, 2019 жылы «ONTUSTIK-ALTAYR» серіктестігін құрды.
Бүгінде шаруашылық өсімдік және мал шаруашылығы бағытында жұмыс істейді.
Шаруашылықтың негізгі дақылы – жүгері.
Оған 250 гектар жер бөлінген. Топырақ дайындаудан бастап егін егу, егістікті күтіп-баптау және өнім жинауға дейінгі барлық жұмыс заманауи ауыл шаруашылығы техникасының көмегімен атқарылады. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, жер ресурстарын ұтымды пайдалануға жол ашады.
Фермер үшін өсімдік шаруашылығы жеке кәсіп бағыты ғана емес, мал азығы қорын қалыптастырудың да маңызды негізі. Сондықтан ол шаруашылық қызметін әртараптандырып, етті мал шаруашылығын дамытуға кірісті.
Қазіргі уақытта Мұрат Бекбосынұлы Отырар ауданында еуропалық және австралиялық технологияларды қолдана отырып, мал бордақылау алаңын салу жобасын жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – мал өсіру мен бордақылау тиімділігін арттыру, ет өндірісінің көлемін ұлғайту және сапалы, бәсекеге қабілетті отандық өнім өндіру.
Бүгінде шаруашылықта 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мұрат Бекбосынұлының пайымынша, кәсіпкердің жауапкершілігі өз бизнесінің нәтижесімен ғана өлшенбейді. Ол үшін жұмысшыларға лайықты еңбек жағдайын жасау, ауылдастарының әл-ауқатын арттыруға нақты үлес қосу да маңызды.
Жас кәсіпкердің еңбегі мен жетістіктері бірқатар марапаттармен атап өтілген. 2018 жылы ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталып, «Үздік жас кәсіпкер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2020 жылы Түркістан облысының кәсіпкерлігін дамытуға қосқан үлесі үшін дипломмен марапатталды.
2021 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісіне және «Ел құрметі» қоғамдық қорының «Тәуелсіздік» медаліне ие болды. Ал 2022 жылы Қазақстан фермерлері қауымдастығының «Үздік фермер» төсбелгісімен марапатталды.
Алдағы уақытта жас фермер өндіріс көлемін ұлғайтып, заманауи технологияларды кеңінен енгізуді және мал шаруашылығы бағытын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Мұрат Бекбосынұлының еңбек жолы ауыл шаруашылығының бастамашыл жастар үшін мол мүмкіндікке жол ашатынын көрсетеді. Ең бастысы, өз ісін бастауға бел буған жас кәсіпкерге табандылық пен жауапкершілік қажет.
Өйткені аграрлық кәсіптің табысы тек өндірілген өнім көлемімен өлшенбейді.
Оның нәтижесі – жаңа жұмыс орындары, ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуы, сапалы отандық өнім және ауыл-аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы. Қазақ ауылының жарқын болашағы осындай нақты істер мен іскер азаматтардың еңбегі арқылы қалыптасады десек артық айтқандық емес.













