Жамбылдық диқандар қарбыздың америкалық сұрпын өсіруде
Жамбыл облысы Талас ауданында биыл ғана ашылған «Береке» шаруа қожалығы қарбыздың мұхит асып келген америкалық түрін өсіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарбыздың америкалық «AU Producer» сорты 70-80 күнде өнім береді. Қожалық иесі күздік қарбыздың бұл түрінен шырын өндіруді жоспарлап отыр.
«Жоғары өнімді сорт болып табылатын бұл қарбыздың өнімділігі жақсы күтім жасалған жағдайда 18-20 келіге жетеді», – дейді аталған шаруа қожалық төрағасы Нұркен Тұраров.
Таластықтарға тіл үйірер дәмі бар пайдалы әрі ерекше шырын ұсынғалы отырған шаруа қожалығының төрағасы жетіліп піскен өнімді алдағы уақытта басқа өңірлерге де тасымалдауды көздеуде.
Сонымен қатар, ол 20 гектар жерге жоңышқа, жүгері және көкөніс егіп, 9 гектарды қауын мен қарбыз бақшасына айналдырған.
Қожалық диқаншылыққа жаңа технологияларды да қолдана бастаған. Жоңышқа алқабын жаңбырлатып суаратын «Bauer» құрылғысымен суарса, жүгері мен көкөніс және бақша өнімдеріне дихандар тамшылатып суару әдісін енгізген.