Жамбыл облысында шаруаларға қаржылай қолдау көрсетілді
Жамбыл облысында Аграрлық несие корпорациясы инвестициялық жобаларды қаржыландыру арқылы ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Корпорация 2001 жылдан бері 76 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 1,5 трлн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен. Әсіресе мал басын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше ден қойылып отыр. Осының арқасында жүздеген фермер шаруасын тіктеп, жаңадан кәсіп бастады.
Биыл қомақты қаржылай қолдау көргендердің бірі – «JAMBYL ET MS» ЖШС. Он жылға жеңілдетілген несие рәсімдеп, Ирландиядан мың бас етті бағыттағы сиыр әкелді. Қазір шетелден жеткізілген мал карантинде тұр. Серіктестік ангус тұқымды ірі қараны жерсіндіріп, мал басын асылдандырумен айналыспақ. Ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалы қолдау көрсеткен.
Бақыт Иісқалиев, «JAMBYL ET MS» ЖШС директорының орынбасары:
– Алып келген малдар – аналық бастар. Ертең жасанды өсіреміз. Мемлекеттің бағдарламары бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Аргарлық кредиттік корпорация көмегімен миллиард теңге алынған. Қалған ақша өзіміз қостық.
Қазір сиыр етіне сұраныс жоғары. Келешекте нарықты тұрақты қамтамасыз ету үшін ет өнімдерін шығаратын зауыт салынбақ. Аймақтағы корпорация филиалымен жыл басынан бері ірілі-ұсақты 500 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 7 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
Нұрдәулет Тілеубаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:
– Негізгі мақсатымыз – несиелеу арқылы ауыл шаруашылығы саласына экономикалық қолдау көрсету. Бұл салаға көрсетілетін қаржылық көмектің көптеген мультиплекативті эффектілері бар. Біріншіден, бұл – ауылдағы жұмыс орындарын арттыру, екіншіден индустриалды дамуы.
Аграрлық несие корпорациясының жұмысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға тікелей бағытталған. Жүйелі жұмыс бүгінде оң нәтижесін беріп отыр. Бір ғана Жамбыл облысында соңғы 9 жылда 35 млрд теңгенің инвестициялық жобасы қаржыландырылып, жүзеге асырылған.