Жамбыл облысында 400-ден аса жылыжай салынады
Ауылдардағы мәселелер кешенді түрде шешілуі тиіс. Бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібі бойынша екі мәселе қаралды.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл облысының даму жоспарының жобасы туралы жан-жақты баяндады.
Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерді шешу бағытында әзірленген облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары жобасы негізгі үш бөлімнен тұрады. Олар: Жеке инвестициялық жобалар, Бюджеттік жобалар, Жұмыспен қамту.
Жобаның негізгі мақсаты – әрбір елді мекен бөлінісінде жұмыспен қамтуды көздейтін бюджеттік және бюджеттен тыс инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, ауыл халықының табысын арттыру, тұрмыс жағдайын жақсарту.
– Инвестициялық жобалар бөлімі бойынша 153 ауылдық округте және 4 қалада екі ірі – ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2,16 трлн. теңгені құрайтын 1193 жобаны іске асыру жоспарланған. Сол арқылы 13,9 мың жұмыс орнын құру көзделуде десек, оның 12,7 мыңы тұрақты, 1,2 мыңы уақытша жұмыстар. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге аспақ. 421 жылыжай кешені салынады. Осы бағыттарды жүзеге асырудың нәтижесінде еңбек өнімділігі 2,7 пайызға, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10 пайызға артпақ, – деді баяндамашы.
Бюджеттік жобалар бөлімінде бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін құны 624,3 млрд.теңгені құрайтын, 11,3 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 2130 жоба іске асады деп жоспарланған.