«Жайылым мен шабындықты су басуы мүмкін». Алматы облысындағы ауыл азаматтары дабыл қақты
Қаратал өзенінің тарамданып жатқан тұсын бір арнаға түсіру керек. Әйтпесе шабындық пен жайылымның бір бөлігін су басып қалады. Алматы облысындағы Тастөбе ауылының азаматтары осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
– Қаратал өзені жыл сайын арнасын өзгертіп келеді. Қазірдің өзінде оның бір тармағы мына Тастөбенің бөгетіне қарай жақындаған. Ауыл тұрғындары көктемде су деңгейі көтерілгенде су тоспадан асып, ауыл маңындағы жайылымды шайып кете ме деп қауіптенеді.
Ауыл азаматтарының алаңдауына негіз бар. Өйткені бөгеттің төменгі бөлігін су алып кеткен. Сондықтан өзен жайыла ағып, 800-ден аса адам тұратын елді мекенге қарай жақындай түсіпті.
Нұрмұхамбет Әйкенов, ауыл тұрғыны:
– Алдыңғы жылы арғы жақта болған. Былтыр мында келді. Енді биыл ауылға қарай кете ме деп отырмыз. Халықтың сұрап жатқаны сол ғой. Мына су мамыр айында көтерілгенде бүкіл жайылымызды алып кетеді. Сосын шаруа қожалықтарының бәрін су алып, мамырдың аяғында шабуға келмейді. Маусым айына дейін балшық батпақ болып жатады. Шөп шапқанда қиын болады халыққа.
Аталған мәселеге қатысты әкімдік өкілдері жоба жасап жатқанын мәлімдеді.
Ермек Апеков, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары:
– Өзеннің арнасын түзеулейін деп тұрмыз. Сондай-ақ қазір төменгі жағымыз бар. Төменгі жақты 400 метрге жуықтай өзеннің табанын тереңдетейін деп тұрмыз. Аталған жұмыстарға 7 млн қарастырылайын деп тұр. Құжаттамаларын дайындап жатырмыз. Қанша куб шығарылады. Көктемде бастасақ па деген жоспарымыз бар.
Жағалауды бекіту жұмыстарын өзен тасымай тұрып істеу керек. Әйтпесе, жақын маңдағы шабындық пен жайылым жылдағыдай су астында қалады.
Ерлан Ахашов, облыстық ТЖД басшысының м.а:
– Қаратал ауданы Тастөбе ауылы маңайында, су көтерілу уақында 160 гектарды жерді және жайылым жерлерді су басуы мүмкін. Комиссия құрылып, жергілікті атқарушы органдар сол жаққа шығып, құжаттары дайындалып жатыр. Ол жерде жұмыстар атқарылуы тиіс.
Облыста осындай 42 қауіпті аймақ бар екені анықталған. Оның барлығын жіті бақылауға алдық дейді ТЖД өкілдері.