Жайық өзені бассейніне экологиялық апат қаупі төніп тұр
Еуропа мен Азияны бөліп тұрған трансшекаралық өзеннің экожүйесі еліміздің батыс өңірінде су тапшылығын туғызып жатыр.
Жайық өзені бассейніне экологиялық апат қаупі төніп тұр. Өзен суының деңгейі соңғы 15 жылда 3 есе азайды. Салдарынан Жайықтың флорасы мен фаунасы зардап шекті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Депутаттар үкіметке экобелсенділердің жанайқайын бір емес, бірнеше рет жеткізді. Алайда Жайықтың жағдайын жақсартуға қатысты нақты шара қабылданбады. Трансшекаралық өзеннің арнасы тазартылып, тереңдетілмеді. Су қарқыны арттырылып, жасанды су қоймасы салынбады. Бұл мәселенің бер жағы. Арғысы бұдан күрделі. Ол ауызсуға барып тіреледі.
Жайықтың жағасын жайлаған жұрт тұщы су тапшы болғандықтан, өзеннің суын пайдаланады. Өкініштісі, өзен суы Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы мұнай-газ өндіретін кәсіпорындардың өндірістік қалдығымен ластанған.
Сенатор Ғұмар Дүйсембаевтың сөзінше, жазда Атырау облысының 7 ауданының үшеуінде тұщы су белгілі бір уақытта сағатпен ұсынылады. Мәселені 1988 жылы пайдалануға берілген “Астрахан-Маңғышлақ” магистральдық су құбыры шеше алмады. Себебі оның қуаты тұрғындарды ауызсумен толық қамтамасыз етуге жетпей тұр.
“Су мәселесі Қызылқоға ауданындағы “Тайсойған” әскери сынақ алаңының бір бөлігін полигон иелігінен шығарып, тұщы су көзін ел игілігіне пайдаланған жағдайда шешіледі. Бұл үшін Ресеймен келіссөз жүргізу қажет”, – деді сенатор.
Мәжілісте Жайықтың мәселесін депутат Дүйсенбай Тұрғанов та көтерді. Ол үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Ресейден бастау алатын Жайық өзені Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданы мен Атырау облысындағы 2 ауданды және елдімекендерді тіршілік көзімен қамтып отырғанын алға тартып, солтүстіктегі көршіміз Орынбор қаласының маңынан бөгет салса, су тапшылығы туындайтынын мәлімдеді.
“Жайықта су көлемі өте аз. Өзен сағасындағы шабындық пен жайылым әбден тозды. Салдарынан ауыл тұрғындары мал шаруашылығынан бас тартуға мәжбүр болып отыр. Өзенде бекіре тұқымдас балық азайып кетті”, – деді Дүйсенбай Тұрғанов.
Оның айтуынша, Су кодексінің 20-бабына сәйкес осыдан 17 жыл бұрын Каспий теңізі, Балқаш, Зайсан, Алакөл көлдері мен Ертіс өзені ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің қатарына қосылды. Ал Жайық ұзындығы бойынша Еуропадағы үшінші өзен бола тұра жоғарыдағы тізімнен тыс қалды. Бұған су көлемінің жеткіліксіздігі себеп болды.
“Жайықтың жайын 10 жылдан астам уақыт тек талқылаумен шектеліп жүрміз. Нақты шара қабылдайтын кезең әлдеқашан өтті. Жайық өзені ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектісі болуға тиіс. Бұған қоса 2021-2024 жылдарға арналған трансшекаралық Жайық бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру үдерісін жеделдету қажет. Сонымен қатар Су кодексінің 103-бабына сәйкес облыстағы ірі өндірістік нысандар үшін сумен жабдықтаудың қайта өңделетін жүйесіне көшу жоспарын әзірлеу керек”, – деді Дүйсенбай Тұрғанов.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, Жайық өзені таязданып емес, кәдімгідей кеуіп, суалып барады.
Жайықтың жантүршіктірерлік жағдайы үкіметтің ерекше назарында екен. Бұл туралы вице-премьер Роман Склярдың депутаттарға берген жауабында баяндалды.
Белгілі болғандай, үкімет Жайықты ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектісінің санатына қосу үшін Ресей Федерациясымен бірлескен шараларды жүзеге асырып жатыр. Мәселе Қазақстан мен Ресейдің 2021-2024 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарламасы шеңберінде қарастырылуда. 2020 жылғы қазанда Жайық, Ертіс сияқты бассейндерде зерттеу жүргізу бойынша бірыңғай жол картасы бекітілді. 2021 жылғы 3 ақпанда бірыңғай жол картасындағы шараларды жүзеге асырудың жұмыс кестесіне қол қойылды.
“Атырау облысының аумағындағы “Тайсойған – №929 мемлекеттік ұшу сынақ орталығы полигонының солтүстік бөлігін бұрын Ресей Қорғаныс министрлігі жалға алып отыр еді. 2016 жылғы 22 ақпанда ратификацияланған сынақ полигондарын жалдау және пайдалану жөніндегі келісімшартқа сәйкес, ресейлік әскерилердің құзырында болған 749,6 мың гектар аумақтың 624,6 мың гектары (83,3%) Қызылқоға ауданына қайтарылды. Осы аумақтағы топырақ пен судың құрамын зерттегенде, “ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға жарамды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз” деген қорытынды жасалды. 2021-2025 жылдарға арналған Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары арқылы “Тайсойғанға” толық барлау жүргізіліп, жобалау-сметалық құжаттамасы жасалады. Зерттеу қорытындысы оң болса, аудан халқын ауыз сумен қамту мәселесі шешімін табады”, – деп жазылған үкіметтен келген ресми жауапта.
Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаевтың пікірінше, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары арқылы өтетін Жайық өзенінің деңгейі күрт төмендеп, апатты жағдай қалыптасты. Бұған көптеген антропогендік фактормен қатар Ресей Федерациясында су пайдаланушылардың бірнеше есе көбеюі себеп болды.
“Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен 4 ауданын, Атырау облысының Атырау қаласы мен 3 ауданын, барлығы 1 млн-ға жуық халықты ауыз сумен қамтып отырған стратегиялық маңызы бар өзеннің жағдайы мүшкіл”, – деді депутат.
Оның сөзінше, трансшекаралық Жайық өзенінің экожүйесін сақтау мен қалпына келтіру бойынша Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламасы бойынша жасалуға тиісті ғылыми-зерттеу жұмысына 2022-2024 жылдарға арналған 3 жылдық бюджетте қаражат қарастырылмаған. “Жасыл Қазақстан” ұлттық жобасында да Жайық өзенін құтқару шарасы туралы сөз қозғалмаған.