Ветеринария комитетінде ұйымдасқан қылмыстық топ шекарадан заңсыз мал өткізіп келген
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің лауазымды тұлғалары кәсіпкерлерден малды шекарадан кедергісіз шығарғаны үшін пара алудың сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырған. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметі бойынша, 2021 жылдың маусым айынан бастап агенттік өкілдері Президенттің тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенінде субсидиялау саласына ауқымды талдау жүргізіп жатыр.
Сол арқылы субсидия берудің ашық, әділ жүйесін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейін төмендету, бизнес жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою көзделіп отыр.
«Талдау аясында Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті мен оның аумақтық инспекцияларының лауазымды тұлғаларының әрекетінен ұйымдасқан қылмыстық топтың белгілері анықталды. Аталған топ кәсіпкерлерден малды шекарадан кедергісіз шығарғаны үшін жүйелі түрде пара алуға мүмкіндік беретін сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырған. Бұл ретте мемлекет субсидиялаған асыл тұқымды малды әкету, жануарларды эпизоотиялық бақылаусыз тасымалдау фактілері анықталды. Салдарынан эпидемиологиялық жағдайға теріс әсер келуі мүмкін», – деп жазады агенттіктің баспасөз қызметі.
Антикордың мәліметінше, қылмыстық топтың әр мүшесі өз «міндетін» мүлтіксіз орындап отырған.
«Қолданыстағы ережелер бойынша экспортқа немесе импортқа рұқсатты бейінді комитеттің басшысы ғана бере алады. Жемқорлық схемасы бойынша комитеттің екі бас сарапшысы осы құзыретке заңсыз ие болған. Қылмыстық схемаға Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе және Қостанай облыстары, Алматы және Шымкент қалалары бойынша өңірлік инспекциялардың инспекторлары да тартылған. Әрбір рұқсат үшін топ қатысушыларының немесе олардың туыстарының жеке карталарына 10-нан 50 мың теңгеге дейін ақша аударылып отырған. Мәселен, тек Түркістан облысы бойынша комитеттің аумақтық инспекциясындағы бас маманның шотына 2020 жылдан бастап 45 млн теңгеден астам қаржы түскен. Комитет бас сарапшысының әйелінің картасына 13,5 млн теңгеден астам қаражат түскен», – делінген агентттіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
25 тамызда басталған арнайы операцияның қорытындысы бойынша 10-нан астам лауазымды тұлғаға айып тағылып отыр.
«Олардың көбі кінәсін мойындады. Үш айыпталушыға, оның ішінде комитеттің орталық аппарат қызметкерлері қамауға алынған. Тергеу жалғасуда», – делінген ресми мәліметте.