Түркістандық шаруалар «Яссы Несие» серіктестігінің қолдауымен кәсіптерін дөңгелетіп отыр
Түркістан облысының шаруалары жыл басынан бері 685 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұндай жетістікке өңір шаруалары Аграрлы несие корпорациясы арқылы жеңілдетілген несие мен субсидия және мемлекет қолдауының арқасында қол жеткізді.
Мәселен, «Яссы Несие» серіктестігінің қолдауымен соңғы 17 жылда Қарнақ ауылында 1500 шаруа өз кәсібін ашып, тіршілігін дөңгелетіп отыр.
Түркістан қаласындағы мына жылыжайда қияр мен қызанақ өсіріледі. Мұнда жылына 30-40 мың тонна өнім жиналады. Жылыжай иесі – «Яссы Несие» несие серіктестігінің қатысушысы. Ал Қарнақ ауылындағы бұл ферма жергілікті кәсіпкер Бахадыр Хабибовқа тиесілі. Ол 2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Яссы несие» серіктестігінен 62 млн теңге алған. Оған Ресейден 100 бас асылтұқымды іріқара сатып алыпты.
Бахадыр Хабибов, шаруашылық басшысы:
– Кентау қаласында сүт цехы бар. Келісімшартқа отырып, соларға өткізіп жатырмын. «Яссы Несие» корпорациясы 6 пайыз жеңілдетілген түрдегі несие берді. Кредитті 6 жылға алғам, төлеп жатырмын, 2 жыл болды. Шаруа қожалығын үлкейтетін болсам, тағы да аламын деген ниетім бар.
«Яссы Несие» 2003 жылы құрылған. Аграрлы несие корпорациясымен серіктес боп жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдап, жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етеді. Соңғы 15 жылда серіктестік арқылы 1500 шаруа қаржыландырылып, өз кәсібін ашқан. Жылдан жылға серіктестіктің көмегіне жүгінушілердің қатары артып келеді.
Әлішер Юлдашев, «Яссы Несие» несие серіктестігінің басқарма төрағасы:
– Бізде бағдарламалар көп. «Іскер» деген бағдарламамыз бар, 6%. Одан кейін Агробизнес республикалық бюджеттен бағдарлама бар. Ол бойынша 9%-дан несие береміз. Қазіргі таңда құс, сүт фермасы бойынша жаңадан жобаларды іске қосып жатырмыз.
Бүгінгі күні еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыратын 206 несие серіктестігі бар. Олар өсімдік шаруашылығынан бастап, ірі инвестициялық жобаларға дейін несие береді. Басты артықшылығы – кепіл саясатының бейілді шарттары, төлемдер бойынша демалыс беру және жеңілдіктер ұсынады.