Түркістан облысында 540 мың гектар жайылым тапшы
Түркістан облысында жайылым тапшылығы 540 мың гектарға жетті, деп хабарлайды 24KZ. Салдарынан Сайрам ауданына қарасты Шапырашты мен Береке ауылдарында тұрғындар төрт түлігін қорада ұстауға мәжбүр.

Жайылымның жетіспеушілігі бұдан өзге де аудандарда кездеседі. Облыстық Жер қатынастары басқармасы мамандарының мәліметінше, ауылшаруашылық мақсатындағы жердің көбі жекенің меншігіне өтіп кетуі жағдайды қиындатқан. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, былтыр 68 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл тағы 110 мың гектарды ортақ жайылымға беру жоспарланған. Ол үшін жер пайдаланушылардың иелігіндегі жайылым көлемі мен тіркеудегі мал басы салыстырылып, тексеру жүргізіледі.
Марат Әбуов, облыстық Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
– Өз еркімен жерді қайтармаған азаматтарға қатысты тіркелмеген мал басы мен игерілмеген жер телімдерін сот тәртібімен мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы 38 жер пайдаланушыдан жалпы көлемі 8300 гектар жер қайтарылды.















