«Сыбаға» бағдарламасы фермерлерді сазға отырғызды
Ресми мәлімет бойынша, “Сыбаға” бағдарламасы іске қосылғалы ауыл кәсіпкерлері 66,5 мың сиыр мен бұқаны сатып алыпты.
Бағдарлама операторы – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” 11,9 миллиард теңгеге 2 мыңнан астам кредит беріпті. Осыған фермерлер 63,5 мыңдай сиыр, 3 мыңға жуық асыл тұқымды бұқа импорттаған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
– Бағдарламаның шарттары оны ауылдықтар арасына аса танымал етті. Бұл ретте 1-ден 18 миллион теңгеге дейінгі аралықта жылдық небары 6% сыйақы ставкасымен 7 жылға дейін кредит беріледі. Ауылдықтарға негізгі қарыз бен пайыздарды төлеу бойынша 2 жылға дейін каникул ұсынылады. Осы уақытта әкелінген асыл тұқымды бұзаулардың өзі есейіп, бордақылау алаңдарына тапсыруға жарап қалады. Яғни, несие алушыға табыс әкеледі, – деп қызықтырады қордағылар.
Бәрі тек айтуға оңай
Осы үгітке сенген бизнесмендер қиындыққа кезігуде. Мысалы, “Бақыт” фермерлік шаруашылығы 2019 жылғы 25 қазанда “Sevita s.r.o.” компаниясымен келісімге отырады. Контрактіге сәйкес, словакиялық компания симментальдік етті-сүтті тұқымды 100 асыл тұқымды тайынша жеткізуге тиіс болған. 1 тайынша 1400 еуроға бағаланады. Тиісінше, келісімшарт құны – 140 мың еуро.
Фермерлік шаруашылық осы малды сатып алу үшін “Сыбаға” мембағдарламасы аясында аталған қордан несие алады.
Контрактіде малдың саны, сипаттамасы, бағасы, сапасы және жеткізу мерзімі нақты жазылады. №1 қосымшасына сәйкес, әр тайыншаның салмағы 300 келі деп бекітілген. Олар 100% алдын ала төлем жасалған күннен бастап, 45 күн ішінде жеткізілуі шарт. 2020 жылғы 31 қаңтарда барлық асыл тұқымды тайынша қазақ жеріне аяқ басуға тиіс болатын.
Содан бері 1 жыл өтті.
– Біздің тарап келісімде бекітілген соманы жеткізушіге толық аударды. Алайда жеткізілім кешікті. Артынан пандемия килікті. Төтенше жағдай, карантин шектеулері салдарынан мал елге әкеліне алмады. Сондықтан тараптар 2020 жылғы 16 шілдеде қосымша келісім жасасты. Онда малды жеткізу мерзімі 2020 жылғы 31 тамызға дейін ұзартылған. Словакиялық компания былтырғы 18 тамызда Қазақстанға 70 асыл тұқымды тайыншаны жөнелтті, – дейді фермер өкілі Азамат Бекболатов.
Бұл малдың жалпы құны 98 мың еуро тұратын. Зеңгі бабаның түлектері 25 тамызда Қазақстан аумағына енді. Содан кейін 5 қарашада Словакиядан хат келеді: онда ірі қара малдардың 2019 жылғы желтоқсанда іріктеп алынып, “ірі қара малды карантиндеу актісіне” сәйкес, 2020 жылғы 15 қаңтарда карантинге қойылғаны айтылады.
Содан Қазақстанның Словакиядан ірі қара мал әкелуге уақытша тыйым салуына байланысты жануарлар мақсатты жеріне экспорттала алмаған. Осының кесірінен, жеткізушіге бұл малды ұзақ уақыт асырап, жемазықпен қамтамасыз етуге тура келген. Нәтижесінде, азықтандыруға қатысты қосымша шығыстар пайда болды.
Бұдан бөлек, осы уақытта тайыншалар өскен. Сол себепті барлық 100 басты екі машинаға тиеп, бірден жөнелту мүмкін болмапты.
Сиыр малын 216 күн бағып-қағудың қосымша шығыстары шот-фактуралардағы ақырғы сомаға әсер етті. Ақырында 1 бас ірі қара малдың құны 600 еуроға қымбаттап, 2 мың еуроға жетеді.
– Фермерлік шаруашылық тайыншаның осынша қымбаттауына келіспеді. Өйткені келісімшартта төленетін сомасының өсетіні қарастырылмаған. Оның үстіне 16 шілдеде қосымша келісім бекіткенде компания осыны ескертуге тиіс еді, бірақ айтпады. Контрактіде сатып алушының тек Қазақстан аумағындағы шығындарды, алым-салықтарды ғана өз мойнына алатыны көрсетілген. Ал шетелдегі, транзиттік аумақтардағы шығындар жеткізушінің мойнына жүктелген, – дейді А.Бекболатов.
Қазақстандық серіктесінің жаңа бағаға келіспегенін байқаған словакиялық тарап қалған 30 тайыншаны жеткізбей қойды.
Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз?
Қазақстандық жеке шаруашылықтар мен фермерлер негізінен, ел ішінде, базар-дүкенде ет-сүтін сатып, азды-кем нәпақа тауып, күнелтетін кәсіпкерлік түрлері саналады, олар сыртқы экономикалық қызметке қатыса бермейді, халықаралық нарықтан хабары шамалы.
Ал “Сыбаға” бағдарламасы оларды шетелден өз бетінше асыл тұқымды мал әкелуге мәжбүрлейді. Бұл ретте өз клиенттеріне – отандық өндірушілерге құқықтық қолдау көрсетуге квазимемлекеттік сектор өкілдерінің мойны жар бермейтіні құпия емес. Осылайша, шетелдік контрагенттеріне жем болған біздің өндірушілер қорғаусыз қалады. Оларға тіпті сонша дәріптелген және бюджеттен қаншама қаражат алып отырған “Астана” қаржы орталығының соты да көмектеспейді.
2020 жылғы 22 желтоқсанда “Бақыт” фермерлік шаруашылығы Словакия Республикасының Sevita s.r.o. компаниясын сотқа бермек болады. Осы мақсатта сот кабинеті арқылы Солтүстік Қазақстан облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолдады. Онда словакиялық Сеница қаласында орналасқан әлгі компаниядан 21 миллион 485 мың 100 теңге өндіртіп беру сұралды.
Бұған қоса, фермер одан сот үшін төлеген 214 мың 851 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж алымын және өкіл қызметіне жұмсаған шығыстарын өтетуді өтінді.
Арты не болды? Қазақстан АҚШ не Еуропа емес, демек, біздің соттардың шетелдік компанияларды соттауға қауқары да, құзыры да жетпейді. Сондықтан СҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Татьяна Вьюхова 28 желтоқсанда талап-арызды және оған қоса тіркелген барлық құжаттарды кері қайтарған.
Айтпақшы, словакиялық компания қазақстандықтарды алдауға әккіленіп алса керек, контрактіге “барлық даулар мен келіспеушіліктер Швейцарияның мемлекеттік экономикалық сотында шешілуге тиіс” деп жазып қойыпты.
– Алайда интернеттегі іздеу жүйелері арқылы қарап көрдік, Швейцария конфедерациясында осылай аталатын сот жоқ болып шықты. Тек Швейцария федералдық соты ғана бар, алайда ол тек федерация мен кантондар арасындағы елдің ішкі дауларын қарайды. Ендеше бұл істі еліміздің соттары қарауы қажет. Себебі, бұл өз елімізде, СҚО-ның Уәлиханов ауданындағы Күзексай ауылындағы фермерге қатысты болған жайт. Сондай-ақ бұл “Сыбаға” аясында берілген мемлекеттің заемдық қаражаты. Фермерлік шаруашылықтың басшысы Ерлан Қосманұлы да Қазақстан азаматы ғой, – дейді Азамат Бекболатов.
Мысалы, АҚШ-та сот ісін бастау үшін осының өзі жеткілікті болар еді. Ал қазақстандық соттардың бұған батылы да жетпейтінге ұқсайды.
Заңгер шетелдік соттарда соттасу тым қымбатқа түсетінін, оны ауылдық фермер көтере алмайтынын қынжыла жеткізді.
Мемлекеттің мал шаруашылығын дамыту үшін берген миллиондарының үлкен бөлігі фермердің уысынан осылай сусып бара жатқандай.
Қазақстандық серіктестерінің еш шара қолдана алмайтынын түсінген шетелдіктер, тіпті ресейліктер енді оларды жаппай алдауды ережеге айналдырып алмаса болғаны.