Солтүстікте көктемгі дала жұмыстары басталды
Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Ризығын жерден табатын диқандар қазір егіс алқаптарында жаппай ылғал жауып жатыр. Ел қамбасының үштен бірін астыққа толтыратын өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жылдағыдан ерте басталды. Өйткені қыста қар аз түсті.
Дала төсі тағы да дүбірге бөленді. Биыл өңір диқандары көктемгі науқанға ерте қамданды. Қазірдің өзінде егістік алқаптарында тегеуірінді техникалар жүйткіп жүр. Шаруалардың басты міндеті уақытында ылғал жабу. Сондықтан жұмыстар екі ауысымда жүріп жатыр.
– Астында влагозарядка бар. Бұл паровое поле. Былтыр төрт мәрте жыртып өттік мұны.
Өткен қыс солтүстікқазақстандық шаруалар үшін аса қолайлы болмады. Қар аз болды. Сондықтан топырақта ылғалдың жетіспеушілігі байқалады.
Ардақ Қайыров, серіктестік басшысының орынбасары:
– Көп болған жоқ, қар. Жиырма сантиметрдей ғана болды. Қатты суық та болған жоқ. Тез еріп кетті. Қазіргі енді біздің бірінші мәселеміз осы қалған ылғалды жинап, алып қалу. Бірінші осы ауыр техникамен істеп жатырмыз. Сосын екінші мәрте де жеңіл белорустермен өтеміз.
Биыл 4,5 миллион гектарға дәнді дақыл себіледі. Оның жартысынан астамы бидай. Қарақұмық алқабы да үш есеге дейін ұлғайтылды. Диқандар тұқым қорымен толықтай қамтамасыз етілді. Өңірге Үкімет тарапынан арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қазір оның бір литрі 224 теңгеден саудаланып жатыр.
Әсем Айтулова, Ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы:
– 1800 тоннадан астам миниралды тыңайтқыштар себілді. Техниканың барлығы дайын.
Биылғы жылы егістік алқаптарына 13 мыңнан астам арнайы техника шығады. Олардың барлығы жанармаймен қамтылып отыр. Биыл бізге көктемгі дала жұмыстарына 73,6 тонна дизель отыны беріліп отыр.
Сәтін салса, науқан маусым айының басында аяқталады деген жоспар бар. Жалпы өңірде 2023 жылы агроөнеркәсіп саласын дамытуға 63 миллиард теңгеден астам қаржылай қолдау қарастырылып отыр.