Солтүстік Қазақстан бидайы әлемдік нарықта бәсекеге төтеп береді – Бауыржан Ділдебаев
Солтүстік Қазақстан облысы биыл 4,5 млн га дәнді дақыл сеуіп, өнім алмақ. Мамыр айының басында көктемгі егіске кірісіп кеткен диқандар науқанды аяқтауға жақын. Бидайдың шығымдылығы, сапасы бірнеше факторға тәуелді болса, соның бірі – тұқымның дер кезінде жерге сіңірілуі. Өңірдегі Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы 70 жылға жуық жергілікті аграрийлерге әр көктемнің ерекшелігін ескеріп, ұсыным беріп келеді. ҚазАқпарат тілшісі осы тәжірибелік станция басқарма төрағасының өндіріс және ғылым жөніндегі орынбасары Бауыржан Ділдебаевтан сұхбат алып, маманның биылғы астық шығымына қатысты болжамын білді.
– Бауыржан Қайратұлы, алдымен ауыл шаруашылық тәжірибе станциясының жұмысына тоқталсақ.
– Ауылшаруашылық тәжірибе станциясы 1956 жылы Аққайың ауданы Шағалалы елді мекенінде құрылды. СҚО-ның жағдайына келетін ауыл шаруашылығы дақылдарын селекциялау және тұқым алу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, оны өндіріске енгізеді. Станция элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие.
Дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдардың тұқымын өндіру және өткізу бойынша оригинатор, кәсіпорын облыстың дәнді дақылдардың элиталық тұқымына қажеттілігін 32% қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен қатар, дәнді, дәнді-жемшөпті, дәнді-бұршақты, жемшөп дақылдары мен картоптың сорттарын вируссыз негізде алмастыру және сортты жаңартумен айналысады. Біздің станцияда картоптың элиталық тұқымдарын меристема әдісімен вируссыз өндіретін облыстағы жалғыз зертхана орналасқан.
Яғни, негізінен аяқталған ғылыми зерттемелерді өндіріске енгізу, ерекше және репродукциялық тұқымды көбейтуге жұмыс істейміз.
– Бидайдың жаңа сортын шығарасыздар ма? Қандай жетістіктеріңізбен мақтана аласыздар? Олар қазіргі уақытта қолданылып жатыр ма?
– Бүгінгі күннің басты жетістігі – 2022 жылы біздің селекционерлеріміз «Семеновна» жаздық жұмсақ бидайдың жаңа сортын патенттеді. Бұл сорт біздің тәжірибелік станцияның алғашқы және тәжірибелі селекционері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ғылыми жұмыс өтілі 37 жылдан асатын Ольга Семеновна Гаастың құрметіне аталған, қазір ол еңбегінің зейнетін көріп жатыр.
2021 жылы жаңа сорт мақұлданып, 80 га аумаққа егілді, сол жылы әр гектардан орташа 25 центнерден өнім алдық. «Семеновна» сорты орта маусымдық топқа жатады, вегетациялық кезеңі 80-85 күнді құрайды, құрғақшылыққа төзімді, ұзақ уақыт жауын-шашынға және жоғары температураға төтеп бере алады, тот аурулары мен жапырылуға төзімді.
Жалпы бақылау кезеңінде бұл сорт тұрақты түрде жоғары өнім берді. Биыл біз оны 3 658 га егуді жоспарладық.
Солтүстік Қазақстан – еліміздің негізгі астықты өңірлерінің бірі. Біздің бидайымыз әлемдік нарықта жоғары бәсекеге қабілетті екендігін көрсетті, біздің негізгі міндет осы қалыптан танбай, сапалы астықты өндіру болып қала береді. Ол үшін «мықты» сорттарды шығару және оның тұқымын көбейтуде жұмыс істейміз.
Солтүстік Қазақстанның күрт құбылмалы ауа райы жаздық бидай сорттарына ерекше талаптар қояды. Жоғары өнімділік, жапырылуға, түрлі аурулар мен зиянкестерге төзімділікпен қатар, олар жоғары бейімделгіш потенциалға ие болуы қажет.
Осылайша өсімдік дамуының барлық кезеңінде құрғақшылыққа төзімді қабілетке ие болуы керек, яғни жаңбырлы жылдары да, құрғақшылықта да жоғары өнім мен сапаны төмендетпеуі тиіс.
Қазіргі уақытта қазақстандық бидай жоғары сапалы астық ретінде шетелде сұранысқа ие. Осыған байланысты құнды сорттарды шығарудың өзектілігі артып келеді. Сондықтан қазақстандық селекцияның жоғары сапалы астығы мен оны қайта өңдеу өнімдерінің экспорты жыл сайын ұлғаюы тиіс.
– Жалпы біздің СҚО жерінің көрші Ақмола, Қостанай облыстары алқаптарынан ерекшелігі бар ма? Біздің жер қандай? Қандай дақылдар жақсы өседі?
– СҚО Ақмола және Қостанай облыстарынан климаттық жағдайлары және топырақ түрімен ерекшеленеді. Солтүстік Қазақстанның ауа райы күрт континенталды, оған тән белгілері – қатты жел-боранмен ұзаққа созылатын суық қыс, қысқа, бірақ ыстық жаз.
СҚО аумағы, жалпы жазық болғанына қарамастан, топырақ жамылғысы әртүрлі. Десек те, егістікте қолданылып жүрген алқаптардың 80% – қара топырақ.
Вегетациялық кезеңнің термиялық ресурсы аймақта ерте және орта маусымдық дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді, олар: жаздық бидайдың жұмсақ және қатты түрлері, күздік қара бидай, жаздық арпа, сұлы, тары, бұршақ, қарақұмық, зығыр, картоп, қырыққабат, сәбіз және т. б.
– Климатта өзгеріс бар, бұрынғы аяз, ауылда үйдің төбесіне дейін жететін қар қазір жоқ. Бұл өсімдік шаруашылығына әсер етіп жатыр ма?
– Климат, иә, айтарлықтай өзгерген. Осы фактіні ескере отырып, тәжірибе станциясының қызметкерлері жыл сайын өңірде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру ерекшеліктері бойынша ұсыныстар шығарады.
Мамандар жаңа ауыл шаруашылығы жылының агрометеорологиялық ерекшеліктерін көрсетеді, көктемгі-егістік жұмыстар кешенін жүргізу жөніндегі іс-шараларды, топырақтың агрохимиялық сипаттамасын және тыңайтқыштарды қолдану жүйесін, өндіріске дәл егіншілік технологиясының элементтерін енгізу жөніндегі жұмыс нәтижелерін, қазіргі өндірістегі тұқым мен сорттың рөлін, дәнді, дәнді-бұршақты, майлы, жемшөп, жарма дақылдарын көктемгі егу агротехникасын және картоп, фитосанитарлық болжам, дақылдарды зиянкестерден, аурулар мен арамшөптерден қорғау әдістерін, алқаптарды дайындау технологияларын көрсетеді.
Сондай-ақ, біздің ғалымдар жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзімдерін ұсынады.
Өнімділікке келетін болсақ, бұл ауа райы-климаттық жағдайларға да, агротехникалық шараларға да, жалпы көптеген факторға байланысты.
Мәселен, шаруашылықтарға биыл міндетті түрде ерте көктемде ылғал жабуға кеңес бердік. Ол астықтың шығымдылығын парда болған алқаптарда гектарына 1,8-2,4 центнерге ұлғайтады. Диқандарға ерте пісетін, орта маусымдық және кеш пісетін бидайды араластырып егу ұсынылды.
Өңірде ерте және орта маусымдық сорттар барлық алқаптың 40-50 % алуы тиіс, кеш пісетіндерге 5-15 % қалдырған жөн. Шілде айының жауынын тиімді пайдалану үшін кеш пісетін дақылдарды 15-22 мамыр аралығында, орта маусымдықты 18-30 мамыр, ал ерте пісетін сорттарды 25 мамыр мен 5 маусым аралығында себуге болады.
Ал СҚО-ға тиімді сорттар ретінде, күзгі жұмсақ бидайды алатын болсақ, «Мироновская 808», «Қарабалық 101» сияқты сорттарын, ал жазғы жұмсақ бидайдың ерте пісетін «Степь», «Қостанай», «Континентаь», «Тәуелсіздік», «Шортанды», орташа пісетін «Айгүл», «Семеновна», «Любава», «Курьер», «Старт» және тағы басқаларын айтар едім. Қатты бидайдың ішінде біздің өңірде жақсы өнім беретін сорттардың ішінде «Янтарная 60», «Қостанай 207», «Қостанай 15», «Шарифа», «Алтын дала» және т.б. бар.
Жалпы, жақсы өнім алу үшін ғылыми дәлелденген егудің оңтайлы мерзімін сақтауды, мүмкіндігінше барлық қажетті агротехникалық шараларды өткізуді ұсынамын.
Биыл егіс алқаптарында ылғалды сақтау бойынша жұмыстар мерзімінде атқарылды. Қазір егін егу науқаны қызу жүріп жатыр. Нәтижесінде астық шығымы жақсы деңгейде болады деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге рахмет!