ШҚО жергілікті атқарушы органдары аңшылық шаруашылықтарына артық талап қояды
ШҚО кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында ШҚ облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамдық бірлестігінің өтініші қаралды, «АгроИнфо» АА «Атамекен» ҚР ҰКП баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасында айтылғандай, өткен жылдың 15 қыркүйегінде Аңшылық қоғамы жергілікті атқарушы органға “Глубокое”, “Лениногорское”, “Зырян”, “Катонқарағай”, “Тарбағатай”, “Күршім”, “Самар”, “Шемонаиха”, “Зайсан”, “Ұлан” аңшылық шаруашылықтарын қайта бекіту туралы өтінішпен жүгінді.
– Ережеге сәйкес аңшылық алқаптар біліктілік талаптарына сәйкес және шарттық міндеттемелерді орындаған жағдайда, олар бұрын бекітілген тұлғалардың өтінімі бойынша конкурс өткізбей қайта бекітіледі, – деп хабарлады ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің 1-санатты сарапшысы Жанар Сапаева. – Комиссия өтінімді түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қарайды.
Алайда Жанар Сапаеваның айтуынша, өтінімдер қаралмады және Аңшылық қоғамы желтоқсан айында аңшылық шаруашылықтарын қайта бекіту туралы өтініштерді комиссиялық түрде қарауды және ШҚО әкімдігі мен ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының әрекетсіздігін заңсыз деп тануды талап етіп әкімшілік талап арыз берді.
– 73 жұмыс күнінен соң сотқа жүгінгеннен кейін ғана өтінімдер комиссия отырысында қаралды, – деп нақтылады ШҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы. – Аңшылық қоғам ескертулерді жойып, қайта өтініш берді. Өтінімдер екі айға жуық уақыт бойы қайта қаралды, бұл уақыт бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы нормаларының бұзылғанын айғақтайды.
Аңшылық қоғам ережелерге сәйкес барлық құжаттарды ұсынғанына қарамастан, комиссия біліктілік талаптарына сай еместігі туралы шешім шығарды.
– Жоғарыда айтылғандар Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 14-бабының өрескел бұзылуына әкеп соқтырды. Атап айтқанда: әкімшілік органға, лауазымды адамға әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуға, шектеуге, тоқтатуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында оған міндет жүктеуге тыйым салынады, – деп түсіндірді Жанар Сапаева.
ШҚ Аңшылар мен балықшылар ҚБ заңгері Оксана Валиева талаптарды заңсыз, негізсіз деп санайды.
– Хаттаманың күшін жойып, комиссияға аңшылық қоғам тиісті біліктілік талаптарына сай деп танылатын жаңа хаттама шығаруға міндеттеу қажет. Содан кейін аңшылық шаруашылықтарын қайта бекітуге болады, – деп атап өтті ол.
Өз кезегінде ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Мерхат Әміров аңшылық қоғамға шаруашылықаралық аң аулау құрылғысының жобасына елді мекендердің нақты нүктелік шекаралары мен координаттарын енгізіп, өтінімді қайта тапсыру қажеттігін айтады. Комиссия өтінімді қысқа мерзімде қарайды және жалға алу мерзімін ұзартады.
Сонымен қатар, ШҚО кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Игорь Шацкий сыбайлас қызметке кедергі келтіретін жемқорлық тәуекелі бар екенін атап өтті.
– Өскемен қаласының прокуратурасынан аңшылық шаруашылықтарын қайта бекітуден бас тарту бойынша жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекеттерінің заңдылығына тексеру жүргізуді сұраймыз, – деді Игорь Владимирович. – Кәсіпкердің құқықтары бұзылған жағдайда прокуратураның тиісті шаралар қабылдауын сұраймыз.
Ол сондай-ақ ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына аңшылық алқаптарды қайта бекіту жөніндегі комиссияның шешімін жою, Шығыс Қазақстан облыстық аңшылар мен балықшылардың қоғамдық бірлестігін заңсыз, қолайсыз Әкімшілік акт ретінде біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп тану туралы мәселені қарауды ұсынды.
Өз кезегінде ШҚО Кәсіпкерлер палатасы комиссия шешімінен бас тартқан жағдайда аңшылық қоғамға сотқа талап арыз беруге жәрдемдесуге дайын, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлесіп кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау туралы мәселені қарайтын болады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиевтің айтуынша, ШҚО аңшылар мен балықшылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Қалмықовтың өтініші қарастырылуда. Мемлекеттік қызмет туралы заңды, әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін Әдеп жөніндегі комиссияның отырысына басқарма басшысы мен облыс әкімінің орынбасары шақырылып, ескерту жариялануы мүмкін.