ШҚО-да су қоймаларды балықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр
ШҚО-да су айдындарына күзгі балық жіберу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айында облыстың су қоймаларына күзгі балық жіберу жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда 1,2 миллионға жуық тұқы балықтары жіберілді. Сонымен қатар Зайсан көліне 400 мыңға жуық ақ амур балығы жіберілді, деп хабарлайды деп хабарлайды BAQ.KZ Altaynews.kz-ке сілтеме жасап.
Негізінен су қоймаларға балықтардың бағалы түрлері жіберіледі: сазан, тұқы, ақ амур және ақсаха түрлері.
Балықтандыру жұмыстарын «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің тапсырысы аясында жүргізіп отыр. Бұл шараға «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ, «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС, Күршім аудандық балық инспекциясы мамандары қатысты.
«Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС 530 мың ақ амур балығын өсіріп, мемлекеттік тапсырысты және ғылыми қордың сеніп тапсырған грантын орындау мақсатында балықтандыру жұмыстарын нәтижелі қолға алды. 23-24 қазан күніне жоспарланған балықтандыру жұмыстарының бірінші күнінде 10 кубтық бес КамАЗ балық Зайсан көліне апарылды.
Кәсіпорын директоры Сымбат Ануарбековтің айтуынша, 17 адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме соңғы жылдары біршама жетістіктерге қол жеткізген. Соның бір дәлелі – уылдырықтан алынған ақ амур балығының шабақтарын өсіріп, оны Зайсан көліне жіберу. Балықтандыру жұмыстары ғылыми мекеменің ұсынысымен жүзеге асырылса, Зайсан көлінің гидрологиялық деңгейі де ескерілді. Жалпы ақ амур – тұқы тұқымдасына жататын құнды балық. Ол 30 кг дейін салмақ жинайды, табиғи ортада тез өседі.
Балықтандыруға арнайы комиссия да жұмылдырылған. Орта салмағын, санын есептеу, дұрыс тиелуі, балықтандыру орнына жеткізілуі тікелей осы комиссияның бақылауында болады.
– Балықтандыру жұмыстары ойдағыдай жүзеге асты. Екі күнде Зайсан көліне ақ амур балығының 450 мыңнан астам шабағы жіберілді. Бірінші күні бес КамАЗ тиеп, Зайсанға жөнелтілді. Ақ амур балығы су астындағы шөптермен қоректенетіндіктен, бұл шаралар көлді тазартуға өз үлесін қосу мен ақ амур балық түрін көбейтуге бағытталған, – дейді «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы» ЖШС Алтай бөлімшесінің кешенді балық шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Айбек Қасымханов.
Бюджет қаражаты есебінен жасанды балық жіберу халықтың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешудің әдістерінің бірі ретінде әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаттың жақсаруына және саланың дамуын жоспарлауға ықпал етеді. Бұл іс-шара, ең алдымен, балықтың тұрақты популяциясын құруға және Ертіс бассейнінің экожүйесін тұрақтандыруға бағытталған.