Шетелдік қазы-қартаның мысы неге басым?
Күні бүгінге дейін мүйізді ірі қараның табынын ұлғайту қамшыланып, демеудің қилы жолдарына оң бата берілгенді. Енді биылғы жылдан Қамбар ата түлігіне дендеп кіріскендер де мемлекеттің жылы алақанын сезінбек.
Алшаң басып келеміз
Жылқы – қазақтың қазанаты мен қанаты, жеті қазыналарының бірі. Төрт түліктің төресі саналатын жануардың сүтінен жасалатын қымыз емге дәру. Еті де шипа, бойға күш-қуат дарытады.
Тарих қойнауындағы деректерге көз жіберсек, ХХ ғасырдың басында қазақтың иен даласына 4 миллион 700 мыңға жуық жылқының тұяғы тиген. Бүгінде үйір-үйір тұлпардың дүбірі солғын тартып, қатары едәуір сиреген. Дегенмен жыл санап көрсеткішті күрт болмаса да, алшаңдап еселеуге талпыныс бар. Қазіргі таңда жайылымдағы Қамбар ата түлігінің саны 1 миллион 800 мыңға жетті. Жер-жаһанда олардың түрі 300-ден асып жығылса, елімізде де оның бірталайы кездеседі. Оның ішінде мұғалжар, адай, жабы, көшім, ақалтеке бар.
Қазіргі таңда жайылымдағы Қамбар ата түлігінің саны 1 миллион 800 мыңға жетті. Жер-жаһанда олардың түрі 300-ден асып жығылса, елімізде де оның бірталайы кездеседі. Оның ішінде мұғалжар, адай, жабы, көшім, ақалтеке бар. Мамандар жылқы шаруашылының аяқ алысы жаман емес дейді. Шығыны азғантай, қаржыға қомағай, табысы толағай кәсіпке бетбұрыс оң. Бірі тұлпар тұяғының дүбірін аламан бәйгелерде дүбірлетуге әуестенсе, бірі соғым науқанының соңына түскен. Қылышын сүйреткен қыс келісімен, сауда да қыза түсетіні мәшһүр.
Өңдеушілердің бүйірі шетелдік жылқыға бұрады
Отандық жылқы еті түсімізге кірмейді. Оған еліміз 100 пайыз қарық. Еліміздің әрбір тұрғынына шаққанда 4 келіден тиеді. Дегенмен сырттан да дастарханымызға қазы-қарта тасылады екен. Бұл үрдіс соғым науқаны барысында белең алып, көрші Ресейден дорбасын арқалайтындар қалыңдай түседі. Қыл аяғы Латын Америкасы елдеріне де қолқа салынған. Бразилиядан, Мексикадан, Парагвайдан ет мұздатылған күйінде жеткізіледі. Оның қызығын қайта өңдеу ошақтары тататын көрінеді. Құны отандық өнімге қарағанда әлдеқайда арзан, тек сапасы күдік тудырады.
– 2012 жылы елімізге 5 мың 800 тонна жылқы еті импортталса, өткен жылы көрсеткіш төмендеп, 4 мың 700 тоннаны құрады. Негізінен дайын тамақ өнімдеріне Латын Америкасы елдерінен тасымалданған жылқы еті пайдаланылады. Олардың сапасы төмен, құнарлығы жоқтың қасы, бірақ құны өте арзан. Ет фабрикалары шетелдік шикізатты өңдеп, консерві түрінде ішкі нарықты қамтамасыз етеді, сыртқа да ұсынады. Бар гәп еліміздегі шаруашылықтардың жылқы етін қайта өңдеу ошақтарына тапсырмайтынына тіреледі. Кесірінен ет комбинаттары шетелдік шикізатқа жүгінуге мәжбүр, – деп мәселенің жай- жапсарын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаменті директорының м.а. Еркебұлан Ахметов жіпке тізді. Соңғы үш жылдың ішінде ет консерві өндірісі 10 есе еселенген. Бүгінде оның көлемі 10 мың тоннаға жетті. Осылайша импорттың игілігі дайын өнімде сезіліп отыр.
Талаптар жеңілдетілді
Тауарлы мал басын қалыңдатуға қам жеген атқамінерлер демеудің тың тетігін ендірген. 2020 жылға дейінгі бағдарды түзген аграрлық құжатқа сәйкес «Құлан» бағдарламасы өмірге жолдама алды. Оған артылған жүк жеңіл емес. «Жылқы шаруашылығын дөңгелетудің өзіне тән ерекшеліктері бар. Оны өсіріп, өндірудің оңайға соқпайтыны мәлім. Әуелі өзге өңірден не ауылдан сатып алынған жылқыны жерсіндіру қажет. Сондықтан биыл қолда бар шаруашылықтармен жұмыс жүргізу жоспарланған. 7 жылды қамтитын «Құлан» бағдарламасы бойынша 200 мың бас жылқыны сатып алуға жеңілдетілген несие бөлінбек. Сатып алынатын жылқының тұқымы шектеу жоқ», – деп тың тетіктің ерекшелігін Еркебұлан Ахметов түсіндірді.
Қамбар ата түлігінің құны орташа алғанда 150 мың теңгеге бағаланады. Қаржыландыру 4,5 миллион теңгеден басталады. Ұсынылған кепіліңізге әрі еншіңіздегі малды бағатын жайылымға байланысты несие бұйырады. Аяққа нық тұру үшін оны қайтару мерзімі шегерілген. Бастапқы екі жылда жеңілдетілген мерзім қарастырылған. Оған сәйкес тек үстеме ақы төленеді. Талап бойынша 10 жыл ішінде мойныңыздағы қарыздан құтылу қажет.
– Несиенің жылдық үстеме ақысы 14% дейін. Мақсатына байланысты оның 4-тен 7 пайызына дейін мемлекет демеуқаржыландырады. Жылқының санын көбейтумен қатар айналымдағы қаржыны толықтыруға және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік бар. Биылғы шілде айынан бері несиелеу жұмыстары мықтап қолға алынды. «Құлан» бағдарламасы бойынша ауылшаруашылық тауар өндірушілердің 1 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын 203 өтінімі құпталды. Бүгінде олардың 173-і қаржыны қолдарына алып, 4 300 аналық мал басын сатып алды. Бізге Оңтүстікқазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының шаруалары жүгініп отыр, – деп «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз хатшысы Тілеген Әбішев жайып салды.
«Құлан» бойынша биылғы меже 10 мың бас жылқы. Әзірге жоспар 47 пайызға орындалған. Шенділер жаңа жылға дейін жоспарды қалай да 100 пайызға бағындырмақ.
Түйін: Кедендік баж салығының мөлшері де ет комбинаттарының бетін қайтармайды. Шенділер таяқтың екінші ұшы бар екенін алға тартып отыр. Төрт түліктің дені жекеменшіктің иелігінде екені дабыра. Тек отандық қайта өндірушілер оларға иек артуға құлықсыз. Кілтипан салық жүйесінен табылған. Қосалқы шаруашылықтар салық төлеуші саналады. Олардан ет фабрикалары шикізатты сатып алса, 12 пайыз көлемінде қосымша құн әрі 10 пайыз шамасында табыс салығын төлеуге міндетті. Оған жылқыны иемденуге жұмсалатын қаражатты қосыңыз. Қосымша қалтаны жұқартудан гөрі ет комбинаттары шетелдік шикізатқа иек артқанды құп көреді. Енді мамандар биыл салық салу жүйесіне өзгерістер енгізуге бел буып отыр.
Венера Мұстафина