Шаруалар 1300 трактор сатып алды
Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Қазір қалада да, далада да қысқа дайындық жүріп жатыр. Мал баққан ағайынның алаңы – жемшөп мәселесі. Жем-шөбін молынан қамдамаса, қыс аяғы созылып кетсе, қиналып қалуы да мүмкін. Биыл жем-шөп алқабы 83 мың гектарға ұлғайды. Аймақта шөп жинау науқаны аяқталды, деп хабарлайды «24KZ» тілшісі.
Шаруалар 1 300 трактор сатып алды
Шаруалар шүкір деп отыр. Жаз бойы жауын-шашын мол, шөптің шығымы жақсы. Биыл 3 млн гектардан астам жерге мал азығы дақылдары себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 83 мың гектарға артық. Жалпы, биыл ел көлемінде бір жарым жылға жететін мал азығын дайындау жоспарланған. Яғни 38 млн 300 мың тонна жем-шөп әзірлеу қажет. Оның ішінде 24 млн тоннадан астам шөп, 1 млн 700 мың тонна пішен және 4 млн 600 мың тонна сабан бар. Сонымен қатар жем мен сүрлемді де молынан қамдау керек.
Әрине бұл жұмыстарға техника керегі белгілі. Мал баққан ағайынға Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Мәселен, инвестициялық субсидиялау шеңберінде сатып алынған техника құнының 25 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі.
Айдос Жақыпов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті басқарма басшысы міндетін атқарушы:
– Мемлекеттен 20 млрд теңге тікелей мал азығын дайындауға, техникаға 6 пайыз құрайтын несие берілген болатын. Бұл «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы ұйымы арқылы берілді. Бұл 20 млрд теңгеге 3,5 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Соның ішінде атап айтатын болсақ, 1 300 трактор сатып алынды. Тек арнайы жем-шөп дайындауға. Сонымен қатар престеуші 500 бірлікке жуық, шалғылар 400-ге жуық және тырмалар 270 данадай сатып алынды.
28,8 млн тонна шөп жиналды
Қазір шөп пен пішен жоспары артығымен орындалды. 29 млн тоннаға жуық шөп жиналды. 1 млн 800 мың тоннадай пішен бар. Алайда жем, сүрлем мен сабан қоры әлі толмай тұр. Яғни жемнің 20 пайызы, сабанның 35 пайызы және сүрлемнің 40 пайызы ғана дайын.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында мал азығы әлі жеткіліксіз. Жоспар тек 70-80 пайызға орындалған. Аталған өңірлер алдағы уақытта жем-шөп базасын толықтыруға тиіс. Ал егер жағдай қиындаса, министрлік тарапынан көмек беріледі.
Айдос Жақыпов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті басқарма басшысының міндетін атқарушы:
– Мал азығы қорын қамтамасыз ету үшін республикалық деңгейде Азық-түлік корпорациясы арқылы бүгінгі таңда 200 мың тоннаға жем-шөп қоры бар. Бұл жем-шөп қоры жыл сайын тұрақты түрде 200 мың тонна сақталып тұр. Мұнда бидай мен арпа, кураж, мал азығы тұр.
Науқанға жеңілдетілген бағамен 60 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді. Әр литрдің құны орта есеппен 250 теңге немесе нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан.