Сарқандықтар тәтті түбір алқабын кеңейтті

Алматы облысында қант қызылшасының бір кездегі даң­қын қайта оралту бағытында нақты істер атқарылуда. Өткен жы­лы  өңірдегі  тәтті түбір өсіруді таңдаушылар қант қызыл­ша­сын 16 мың гектарға жеткізіп, жоғары өнім алған болатын. Биыл барлығы ойдағыдай болса, былтырғы көлемді сәл де болса арттыру – 16 341 гектарға жеткізу жоспарланып­ты, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Фото: ©WikimediaImages / pixabay.com

Мұның барлығы мемлекет қол­дауы­ның арқасы екені анық. Жыл са­йын егіс алқаптарының көлемі ұл­ғай­тылып қана қоймай, ауыл шаруа­шылығы техни­каларын жаңарту да жақсарып келеді. Амандық болса, бір кезде бір өзі 30 мың гектар тәтті түбір өсіретін өңірдің өше жаздаған өндірісі сол табысты жылдардағы жетістіктерді қайта бағындырар шақ та туар. Егістіктің, оның ішінде қант қызыл­шасы сынды стратегиялық маңызы бар тех­никалық дақылдың артуы өңірдің дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етері де сөзсіз. Басқаны айтпағанда, был­тыр Сар­қан ауданының шаруа­лары 1 млрд 220 млн теңге­ге егіс жұмыс­тарына арналған заманауи техникалар сатып алыпты. Биыл соның нәтиже­сінде тәтті түбір алқабын 3 315 гектар­ға жет­кізбек. Осыдан бес-алты жыл бұрын мұндай көлемді тұтас облыс өсір­генін ескерсек, аталған саладағы алға басудың қарқындылығын бірден бай­қайсың.

Алматы облысы әкімдігі бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, Сарқан ауданы бойынша жет­кізілген су жаңа техниканың 37 данасы «ҚазАгро­қаржы» АҚ ар­қылы, бесеуі басқа лизингтік компаниялар арқылы алынса, қалғанын шаруашылықтар өз қаражаты есебінен сатып әкел­ген. Биылғы көктемгі егіс жұмыс­тарынан бастап алқаптарға шы­ғатын комбайн, трактор, тұқым сепкіш, шөп жинай­тын, жүк тиейтін, жүгері оратын қосалқы машиналар мен тіркемелер, тұқым тазалағыш, дәрілегіш тех­ника­лар аграрлық сала маман­дарының қо­лын ұзартары анық.

– 2008 жылы шаруа қожа­лығын құрғанда шаруашылықта жалғыз трактор мен 7 жұмысшы болған еді. Алғашқы жылдары өзіндік ауыртпа­лықтар салмақ салғанын жасыруға бол­майды. Жерді жырту, егін себу, өнім­ді жинау барысында техника тап­шылығы қолды байлап, адымды аш­тырмайтын. Табандылықтың және мем­лекеттен жасалатын жеңілдік пен қолдау арқа­сында бү­гінгі күні бізде 100-ден астам әртүр­лі ауыл­шаруа­шылық техни­касы бар, 70-тен астам адам ең­бек етеді. Маусым­дық кезеңде жұ­мысшылардың саны еселеп артады. Көбіне арпа, бидай, жү­гері, майбұршақ және қант қы­зыл­шасын өсіреміз. Өткен жылдың өзінде әр мал басына және са­тып алған техни­каның жарты бағасына субсидия төленіп, қаражат жағынан көп жеңілдіктер берілді. Жетістіктің бәрі – мемлекеттік қолдау­дың арқасы, – дейді «Хусайнов Х.Н» шаруа қожалығының басшысы Хасан­әлі Хусайнов.

Биылғы алғашқы тоқсанда Сарқан ауданы 209,2 млн теңгеге 16 дана әртүрлі ауылшаруашылық техникасын алыпты. Жалпы, облыста 7 бағыт бойынша 51 сервистік дайын­дау орталығы құрылып, «Жетісу» ӘКК арқылы сатып алынған 1 204 дана техника жеңілдетілген шарт­тармен қаржылық лизингке берілген.

Сарқан аймағында егістікті сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін ұзындығы 21,7 шақырым болатын Тәуке каналының 10,5 шақырымы, Ащылы – Өзек каналының 10,87 шақырымы күрделі жөндеуден өтпек. Жөндеу жұмыстарына 888,7 млн теңге қаражат қарастырылып, облыс­тық  Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы тарапынан конкурс жария­ланды. Осындай шарапатты шара­лардың нәтижесінде биыл аудан бойынша егіс алқабының көлемі 97 641 гектар болмақ. Соның ішінде жоғарыда айтып өткеніміздей, 3 315 гектарға қызыл­ша себіледі деп жоспар­лан­ған. Ау­дан шаруалары көк­темгі дала жұмыстарына толық дайын. Ауыл шаруашылығы техникаларының 93%-ы сақадай сай. Жеңілдетіл­ген жанар-жағармай жеткізілген.

Жалпы, Алматы облысында биыл жылы ауыл шаруа­шылығы дақылдарының алқабы 2,0 мың гектарға ұлғайып, 970,5 мың гектарға жетті. Көктемгі егіс жұмыстары 10 наурызда бастал­ды. Қазірге дейін 3,7 мың гектар жер жыртылды, 0,6 мың гектар жерге дәнді дақылдар себілді. Сол сияқты осы жылы Жетісу өңірін­дегі алқаптардың ылғал сақтау техно­логиясымен қамтылу деңгейін 150,6 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы